Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жырласа, жастар жырласын!

0 328

«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» Дәл осы тақырыппен 28 ақпан күні республикалық ақындар айтысының шымылдығы түрілмек.

Толғанай АТАБАЙ

Бүгінге дейін аймақтық аламанға қатысатын ақындар аудандық, қалалық деңгейде іріктеліп, жалпы саны 32 ақын облыстық сайыста өнерін көрсетті.
Биылғы жыр додасы былтырғыдан өзгерек. Бұл жолғы айтыста аймақтың атынан сынға түсуге ниет білдіргендердің дені – жастар.


Облыстық іріктеу сайысының соңғы түйіні Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде қойылды. Дәстүрлі сайысқа қаладағы оқу орындарынан 7 жас ақын қатысты. Қалалық додада жас ақындардың өнеріне белгілі айтыскер ақын Айтмұханбет Исақов, ақын Ербол Қамбатыров төрелік етті.


– Облыс әкімі Асқар Мырзахметов басшылыққа келгелі аймақта бірқатар оңды істер орын алуда. Соның бірі – бүгінгі айтыс. «Жамбыл атамыздың атындағы облыста міндетті түрде айтыс өтуі керек» деген әкім былтырдан бері бұл өнердің аймақта қайта жандануына мұрындық болды. Қазіргі уақытта республикалық айтысқа белгілі айтыскер ақын Айтмұханбет Исақов және Ахметжан Өзбеков үшеуіміз бірлесе тәлімгер ретінде сайландық. Облыстың барлық аудандарын аралап, айтысқа қабілеті бар жас ақындарды көзбен көріп қайттық. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, жалпы саны 80 жас ақын аудандық сынға қатысты. Ауыл-аймақтарда төл өнерден бағын сынауға 5-6 сыныптың оқушылары да ниет білдіріп жатты. Аға буынның ізін басатын жас талапкерлерді көріп, қуандық. Жастармен жүйелі жұмыстар әрмен қарай жалғасатын болады, – дейді тәуелсіз сарапшы, ақын Ербол Қамбатыров.


Ал аймақтық жыр бәйгесінде Әулиеата өңірінің намысын кімдер қорғайтыны 15-ақпан күні белгілі болады. Азулы ақындардың аламанына іріктеу сынынан сүрінбеген 8 ақын қатысады деп жоспарланған.


Қалалық байқау қатысушыларының арасында қолына домбырасын алып, алғаш рет айтысып жатқан жастар бар. Жас болса да, сүбелі сөзімен көпшілікті тәнті ете алды. Мәселен, бірі жастар арасындағы мәселелерді сөз етсе, енді бірі Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына тоқталды. Әсіресе, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Берекет Қосберген мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Жансая Қалдыбекованың жұбы қыз бен жігіт айтысының тамаша үлгісін көрсетті. Тіл қаруларын сайлап алған, бұл жұп айтысты әзілмен әрлеп, көрерменді күлкіге де қарық қыла білді. Ал Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің үмітін арқалаған Медеу Мырзатаев пен ТарМУ студенті Ербол Елшат арасындағы диалог сан салалы тақырыпты қамтыды. Соңғы болып сөз жарыстырған жас ақындар елдегі әлеуметтік, саяси мәселелерді тілге тиек етті.
ХХ ғасыр Гомері Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай ұйымдастырылған қалалық сайыста қазылар құрамының шешімімен Ербол Елшат пен Медеу Мырзатаев облыстық жыр бәйгесінде бағын сынамақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.