Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жыр жүйрігін сағынғанда…

0 59

Жарық дүниенің жақсылығын жырлап өткен Мұқағали Мақатаев сынды ақиық ақынның дидарын көріп, ақ тілегімен ағарып, алыс армандарға асығып, жырымен сусындап, қанша ішсең де шөлің қанбай, албырт шақтан жалғасып келе жатқан ғұмырыма ризамын. Жыр жүйрігін баптаған, бәйгенің алдын бермеген тұлпар ақынның адамзат баласына сыйлаған құбылысқа толы дүниелеріне ынтық болып, рухани есею жолынан өткенімді мақтан етемін.

Жырсүйер адамның жүрегіне ұя салған, жырдың дәнін сеуіп, оны мәпелеген ақында арман бар ма?! Міне, періште көңіл, жаны кристалдай таза, адал да дархан жүректі жанның тұла бойы тұнып тұрған өлең демеске амалың жоқ. Ұлы Жаратушым Мұқағали ағаны жыр-бесікте тербетіп, әлдилеп, үлкен өмірге жырдан тұмар тағып, белін буып, ақ жол тілеп, ақ батамен аттандырып шығарып салған секілді. Солай болғаны-ау шамасы. Өйткені ақ батамен ағарып, жыр жолында шаршамай-шалдықпай, шапқан сайын өрге қарай заулап, қырандай самғап, өлең деген өлкенің өр тұлғасына айналып, шыңдағы шынардай шоқтығы биіктеп кеткен ерекше дарын иесін исі қазақ баласы танып білді. Біліп қана қойған жоқ, жыр жампозын ақын ғана емес, елінің еңіреп туған ері, елі мен жерінің бас иесі, қорғаны мен қалқаны, найзағайдай жарқылдап өткен алдаспаны ретінде қабыл алды.
Ақын осы жолда талмай күресті, аянбай тер төкті. Қалам қайратын туған елінің игілігіне жұмсады. Отаны мен туған жерін, кең байтақ Қазақ елін бір сәтке де есінен шығарған емес. Өзін дүниеге әкелген туған халқы да алтын айдарлы ардақты перзентін ұмытпай, естен шығармай, рухын асқақтатып келеді. 90 жылдық мерейтойына да тыңғылықты дайындықпен келіп, биылғы алтын күзде туып өскен Қарасазында қалың жұртының басын қосып, есте қалар жиын өткізді.

Сен менің еліме бар, жерімді көр,
Жандар бар әр нәрсенің жөнін білер.
Қонағы бол, жыл сайын келіп жүрер,
Асылы бол, жыл сайын көріп жүрер,
Ардағы бол, артатын сенім, жігер!

Мені сұра бастаудан, жылғалардан,
Тоғайдағы көлшіктен, тұнбалардан.
Мені сұра сағымнан қуған арман,
Тал-шыбықтан сұрағын сырғаланған.
Таудан сұра, найзадай шыңдарынан,
Шыға алмай таңсәріде Күн қадалған.

Мен бір бөкен, аулаққа желіп кеттім,
Желіп кеттім, басымды ерікті еттім.
Сен менің жырымды оқы, ұнамаса,
Менің туған жеріме көміп кеткін!

Ақынның кіндік қаны тамған Қарасазын, бұлқынып өскен туған жерін бір көруді сонау бозбала шақтан армандап, жырына құмар болған мазасыз күндерді бастан кешірдік. Алтын айдарлы ұл берген Қарасаздың жасыл кілемдей жайқалған көк шалғынында емін-еркін аунап, мөлдір бұлағына бас қойып, мейірің қанғанша шөліңді қандырып, іргедегі Хантәңірі тауының салқын самалымен еркін тыныстап, көкжиекпен астасқан табиғаттың көркем келбетіне сүйсіне қарап, жаныңа шабыт, бойыңа қуат берер жарқын шақтарыма асықтым. Соған жеткізер келешегіме, түбінде осы ғажап өлкемен бір қауышудың боларына сенген едім. Сенім алға жетелеп, биылғы қыркүйектің соңында Қарасаздың топырағына табаным тиді.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығын туған халқы бар сән-салтанатымен тойлап, рухын көтеріп, атын тағы бір аспандатты. Торқалы той өзі әспеттеп жырына қосқан Қарасаз төрінде бастау алды. Еліміздің барлық өңірінен келген қонақтар бұл өлкенің түрленген көрінісіне тамсанып, Мұқаңдай тұлпар ақынның поэзия әлеміндегі орнын тағы бір айшықтап, ғажап мұраларын жаңа қырынан зерделеді.

Мен бақыттымын,
Бақытты жерде туылдым.
Айналайын Қарасаз,
Қасиетінен суыңның!
Сенің әрбір бұлағың,
Менің әрбір қан тамырым емес пе?!
Қасиетті тұрағым,
Қасиетінен суыңның!

Көктемде үйрек ұшып, қаз қонып,
Қараушы едім тырналарға мәз болып.
Жыр қыстап туылмас ем, сірә, мен,
Жаралмасаң өзің Қарасаз болып.

Қарасазым!
Айтылмаған сезім ең,
Мен іздеген бақыттың сен өзі ме ең?
Сенің ғажап табиғатыңды кімге айтам?
Кім құмартса, өзі көрсін көзімен.

Қасиетті Қарасаздың құнарлы топырағын басып, ақын дүниеге келген ауылды көрдік. Ақын жүрген жолмен жүріп, ақын оқыған мектепке ендік. «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» деп өлеңмен жар салған ақынның бастау алған кең өлкесін, жарыса аққан жылғалары мен бұлақтарын, өзен-суларын, күз келсе де сарғаймаған жасыл алқабымен қауыштық. Жылы шыраймен қарсы алған ауылдың қарапайым адамдарын, жас баласынан кәрісіне дейін Мұқағалидің өлеңдерін жатқа айтатын жыр құмар жандармен кездестік. Бүгінгі күннің ауыртпалығына шыдас беріп, қиындықты жеңе білген, рухы биік, жігері жоғары, өмірлерін өлеңмен өрнектеген ақынжанды азаматтармен таныстық.
Дүлдүл ақынның торқалы тойына Мұқаңның жерлестері жап-жақсы дайындықпен келіпті. Ауыл ерекше ажарланып кеткен. Ақынның өлеңдерінен үзінділер, шумақтар жазылып, көрнекі жерге ілінген. Ақын бейнесі салынған суреттер де алыстан көз тартады. Бәрі үйлесімді, бәрі жарасымды.
Тойға жиналған қауым ақынның мүсініне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Келушілерге бұл ескерткіш туған халқының жүрегінде мәңгілік сақталып қалғандығының белгісіндей әсер қалдырды. Ақынның еңселі мұражайын көріп тамашалаған жандар легі аз болған жоқ. Өйткені осыдан отыз жыл бұрын ашылған бұл мұражайда көп дүниелер баршылық екен. Қызығатын экспонаттар, ақын өмірінен сыр шертетін суреттер мен бұйымдар, ақын дүниеге келген үйдің макеті, қолданған құралдары мен қолжазбалары сақталыпты. Мені бір дүние ерекше қызықтырды. Қарасазда қанаттанған ақынымыз тек қана өлең жазбаған екен. Ол кісі шахмат өнерінің майталманы болғанын осы жолы білдім. Мұражайда қаламгердің қолданған шахмат тақтасын, шахмат туралы кітаптарды, осы ойын туралы жазған жазбаларын көрудің сәті түсті.
Қазақ елі тарихындағы бұл атаулы күн «Алаш жұртының ақиығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасын тапты. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжитұлы, елімізге белгілі қаламгерлер мен ғалымдар, әдебиетшілер мен сыншылар сөйлеп, бүгінгі той – қазақтың қара өлеңінің тойы, бұл той келесі ғасырда да жалғаса беретіндігін, Мұқаң қазақ өлеңінің қадірі мен қасиетін жоғары көтерген ХХ ғасырдың классигі екендігін, «Адамзаттың ақыны» деңгейіне көтеріліп келе жатқан дара тұлға екендігін тұжырымды ойларымен дәлелдеп, ақын есімін ұлықтауға қатысты нақты ұсыныстарын айтты.
Қырғыз Республикасының халықаралық «ТҮРКСОЙ» мәдени орталығындағы арнаулы өкілі, қырғыздың ел ақыны, аудармашы Қожагелді Күлтегін, белгілі түрік ақыны, аудармашы Кенан Чарбога той төрінен көрініп, Алаштың көрнекті ақыны Мұқағали жайлы жүрекжарды ойларымен бөлісіп, оның шығармаларының өзге тілдерге аударылу барысымен таныстырды. Бұл күнде Мұқаң өлеңдерінің алты тілге аударылғандығын айтсақ та жеткілікті. Мысалы, Қытайда ақынның шығармалары 1 миллион дана тиражбен басылып шыққан. Қытай тілінде бес диссертация қорғалған.
Тойдың екінші күнінде қонақтар Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылына бет түзеді. Олар осында бой көтерген қазақ жырының жүйрігі, Алаштың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың көкпен таласқан еңселі ескерткішінің ашылу салтанатына жиналды. Ауданның көрікті жерлерімен және пайдалануға берілген жаңа нысандармен танысып, осындағы жыр сүйер қауыммен емен-жарқын сырласты. Мұқағали ағаның ұрпақтары жырдан шашу шашты. Салтанатты сәт те келіп жетті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов халқымыздың ұлы ақыны М.Мақатаевтың ескерткішін ашып, жиналған жұртшылықты осынау айтулы күнмен құттықтап, ақжарма тілектерін арнады.
«Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін, Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы» деп өзі жырлап өткендей, тұлпар ақынды сағынып жүргенімді несіне жасырамын. Тау тұлғасын көріп, жырына ғашық болып, жүрегімде жатталып қалған ғұмырымның барлық қызықты шақтарын, сәулелі сәттерін қалай ұмытайын. Ұмыту мүмкін еместей. Жүрегімде мәңгілік сақталып қалған ақиық ақынды ҚазМУ-дың қабырғасында жүріп кезіктірдім. Алла Тағалам Мұқаңдай маңғаз ақынды талай қазақ баласы оқитын іргелі университетке алып келді. Жаратқанның жарлығымен білім табалдырығын аттап, болашақ журналистердің ыстық құшағына бөленді. Біз ол кезде 2-ші курста оқитын едік. Бұл 1974 жылдың 19 сәуірі болатын. Құшағында «Аққулар ұйықтағанда» атты кітабының бір бумасы бар. Баспадан жаңадан шығыпты. «Сендерге әкелдім, қарақтарым» деп қарап тұр. Корпустың алдында үзілісте тұрған біздер жамырап қарсы алып, аудиторияға кіргіздік. Өз аяғымен келіп, өз қолымен қолтаңбасын берген дүлдүл ақынды бірінші рет жақыннан көрдім. Қолтаңбасын алып, саңқылдаған дауысын естіп, ақ батасын алғанымды Тәңірдің үлкен сыйы деп білемін.
Мұқағали ағаммен екінші рет өзінің туып өскен елінде қауышып отырмын. Сағынып жүрген шағымда ақынның рухымен кездесу бақыты бұйырды. Сағынғанымды жасыра алман, Жыр аға! Жастық шағымызда Қазақ университетінің қабырғасында өзіңізбен кездескен сол бір сәттен бері санамнан кетпейтін бір адам болса, ол Сіз боласыз, Мұқағали аға! Көзі тірісінде жырдың жалауын биікте желбіреткен Сіздей жүйрік ақынды іздеп, шарқ ұратын шақтарым аз емес. Өлеңге деген шөлімді Сіздің нәрлі де отты жырларыңызбен басып жүргенім ақиқат.
Сағынбай қалай күн кешем?! Жауһар жырларың көгімде күннің нұры іспетті алтын әріптермен жазылып қалғандай. Құран оқығандай оқи беремін, Жыр аға! Дүние әлемін нұрландыра берер қуат-күшіне сиынамын, Пір аға! Сіздің 90 жылдық мерейтойыңыз елдің есінде қаларлықтай деңгейде өтті. Халқың Сізді сағынған екен. Осы тойдан мен Сізге деген ұлы сағынышты байқадым.
Сіздің Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін төккен теріңіз ұшан-теңіз. Өмірді жырлау үшін келгеніңізді білдіріп, туған еліңнің әрбір қуанышына жырдан шашу шашқанызды дүйім жұртыңыз жақсы біледі. «Осы мен өлмейтін, өлмейтін шығармын, Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын» деген сөзіңіздің өзі айдай ақиқат екендігін өмірдің өзі көрсетуде. «Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе, Көшеді өлең немесе өшеді өлең» деп ой түйгеніңіз – көрегендіктің белгісі. Сіздің өлеңдеріңіз ғасырдан-ғасырға көше беретіндігін бүгінгі ойлы оқырман мойындап отыр. Өшпейтін өлеңдеріңізбен елмен бірге жасай бермексіз, Жыр аға!
Жыр көгінде самғаған Қыран аға! Қазақ жұртында тұрғызған Жыр тауыңыз көз алдымда биіктеп барады. Ол биіктеген сайын Сізге деген сағынышым арта түсетіндей. Ол ғасырларға жалғасқан мәңгілік сағыныш!

Мақұлбек Малдарбеков,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.