Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жылыту маусымы: Қауіп пен қадаға

0 170

«Қыстың қамын жаз ойла» деген қағиданы қаперге алатын болсақ, санаулы уақыттан соң қоңыр күзге қош айтамыз. Ары қарай қылышын сүйретіп қыс келеді. Бұл орайда Тараз қаласы қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын ерте көктемде бастап кеткен болатын.

Қала әкімінің бекіткен жоспары бойынша, шаһардағы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Осыған байланысты қала әкімдігінің бастамасымен төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері қыс мезгілінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын жасап, бекітті. Бұл жоспарда шаһар аумағындағы тұрғын үйлер, мекемелер, кәсіпорындар, сондай-ақ жалпы қоғамдық қауіпсіздік шаралары қамтылған.
Бәрімізге мәлім, жыл сайын жылыту маусымының басталысымен, қала аумағындағы тұрғын үйлерде улы газбен улану жағдайлары көбейеді. Бұл жағдайдың басты себебі – газ құрылғыларының дұрыс пайдаланылмауы, сондай-ақ қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындап отыр. «Сақтансаң – сақтайды» дегендей, осы орайда шаһар тұрғындарына улы газ қаупінен барынша сақтанған жөн.
Айтып келмейтін қауіптің алдын алу үшін тұрғындар газ құрылғыларын тексеріп, жөндеуді мезгіл-мезгіл жүргізіп отырғаны дұрыс. Сонымен қатар газ плитасын пайдаланған кезде ерекше сақ болу және оны қолданған кезде бақылаусыз қалдырмаңыз, балаларға жақындатпаған жөн. Тағы бір ескеретін жайт, газ жылытқыштарды пайдаланған кезде, оның дұрыс орнатылғанына көз жеткізу, газ ағып жатса, дереу газ қызметін шақыру. Сондай-ақ улы газ анықтаушы датчиктердің маңызы зор. Себебі датчиктер – бұл қауіпсіздіктің қосымша шарасы. Олар газдың ағып кетуін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, бұл уақытылы ескерту береді және апаттың алдын алуға көмектеседі.
Үш ай тоқсан қоңыр күзіңіздің өзі қазан айынан бастап күрт салқындай бастайды. Жауын-шашынды, қара суық өңменіңнен өтетін мезгіл де иек астында тұр. Күз мезгілі мен көктемнің алғашқы айы наурызды қосқанда алты ай, от жағып жылыту маусымы аяқталғанша, төтенше жағдайлар департаментіне де тыным жоқ. Жаз маусымында суға шомылу мен дала өрттерінен қорғанудың жолдарын айтып тыным таппаса, күз бастала салысымен жеке тұрғын үй секторларын аралап, газдан, көмірден келетін қауіп-қатердің алдын алып, жеке тұрғын үй секторларын аралайды. Жасыратын несі бар, қарапайым тұрғындардың басым көпшілігі өрт қауіпсіздігін ескере бермейді. Айталық, пешпен жылытылатын және моншасы бар үйлерде барлық өрттің 50 пайызы пештердің, құбырлардың және оттықтың ақауларынан болады. Сондықтан жылыту маусымы басталар алдында пештерді, қазандықтарды, жылу генераторларын және калориферлік қондырғыларды, өз үйіңізді жылыту үшін пайдаланатын басқа да жылыту құралдары мен жүйелерін тексеру қажет. Ақаулы пештер мен басқа да жылыту құралдарын пайдаланбаңыз, бұл қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Қатердің алдын алу үшін өзіңіз пайдаланатын пештер мен басқа да жылыту құралдарының жанғыш құрылымдардан нормалармен белгіленген өртке қарсы бөліктері (шегіністері), сондай-ақ көлемі 0,5х0,7 метрден кем емес өртсіз және зақымданусыз пеш алдындағы парағы болуы тиіс. Сонымен бірге түтін мұржалары мен пештерді күйеден тек жылыту маусымы басталар алдында ғана емес, бүкіл жылыту маусымы бойы тазарту қажет.
Сонымен қатар пешпен жылытуды пайдалану кезінде, жанып жатқан пештерді қараусыз қалдыруға, сондай-ақ оларды қадағалауды жас балаларға тапсыруға, отынды, басқа да жанғыш заттар мен материалдарды пеш алдындағы параққа орналастыруға, пештерді жағу үшін бензин, керосин, дизель отыны және басқа да тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды қолдануға тыйым салынады. Әрі отынның осы түрлеріне арналмаған пештерді көмірмен, кокспен және газбен жағуға тыйым салынады. Сонымен бірге желдету және газ арналарын мұржалар ретінде пайдаланбаған жөн. Сондай-ақ оттықтан алынатын күл мен қож сумен төгіліп, олар үшін арнайы бөлінген қауіпсіз орынға шығарылуы және шатырларда түтін арналары өтетін барлық түтін құбырлары мен қабырғалар сыланып, әктелуге тиіс.
Бүгінде қала әкімінің бекіткен жоспары қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. ТЖБ қызметкерлері өрт шығудың алдын алу және өрт шыққан жағдайда тиімді әрекет ету үшін барлық шараны қолданады. Төтенше жағдайлар басқармасы халыққа улы газ қаупінен сақтану және газ анықтаушы датчиктерді пайдалану қажеттілігі туралы ақпарат беру үшін үгіт-насихат жұмыстарын күнделікті және демалыс күндері де жүргізеді.
Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Сондықтан қашанда сақадай сай болып, әзірлікті пысықтау аса маңызды. Бұл тұрғыда төтенше жағдайлар басқармасының қызметі айрықша маңызға ие. Олар қала тұрғындарының өмірі мен қауіпсіздігі үшін бар күшін салуда. Әсіресе өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарға алынған. Сандарды сөйлетсек, жыл басынан шаһар аумағында 200 өрт оқиғасы тіркеліп, өкіншке орай, қызыл жалын салдарынан 1 адам қаза болып және 3 адам күйік жарақатын алған болатын. Өрттен келген материалдық шығын 38 млн 436 мың теңгені құрап, өткен 2023 жылмен салыстырғанда өрт саны 17 пайызға және материалдық шығын 1,7 есеге көбейген. Ал ағымдағы жылдың 9 ай ішінде жылыту маусымында Тараз қаласы аумағында тұрғындармен жылыту пешін және газ қондырғысын пайдалану кезінде, табиғи газбен улану бойынша оқиғалар тіркелген жоқ. Осыған орай, қала тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін мұқият сақтауды, газ құрылғыларын дұрыс пайдалануды, үйдегі электр сымдарының жағдайын тексеріп отыруды ерекше ескертеміз. Ойламаған жерден өрт шыққан жағдайда дереу ТЖБ қызметінің «101» нөміріне хабарласуды ұмытпаған жөн. Қыстың алдында, жылыту маусымы басталғанда, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар басқармасы барлық азаматтарға ескерту жасап, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

Еркебұлан ШӘРІПБАЕВ,
Тараз қаласы Төтенше жағдайлар
басқармасының бас маманы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.