Жылу желілерін жаңғырту еліміздегі ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әсіресе соңғы жылдары болған төтенше жағдайлар аталған мәселенің тезірек қолға алынуын жеделдете түсті. Бұған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та нақты тапсырмалар жүктеген болатын.
Осыған орай былтыр «Тараз қаласы, Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелеріндегі «М-1» жылу желісін қайта жаңғырту» жұмыс жобасымен құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 4 602 метр жылу құбыры ауыстырылған еді. Аталған жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып, жылу құбырының қалған 1 536 метрі ауыстырылуда. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың 26 сәуірі күні басталды.
Айта кетерлігі, «М-1» жылу магистралі 1990 жылдан бастап 35 жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Жалпы жылу желілерін пайдаланудың нормативтік ресурсында қолдану мерзімі 25 жыл екенін ескерсек, магистральдің күрделі жөндеуді қаншалықты қажет ететіні айтпаса да белгілі.
Жыл сайын «Таразтрансэнерго» мемлекеттік кәсіпорны өз қаражаты есебінен ағымдағы жөндеу жүргізгенімен, мәселені түбегейлі шеше алмады.
Өткен жылдардағы пайдалану мониторингін талдау негізінде жылу желісінде ақаулар санының ұлғайғаны анықталды. Айталық, 2022 жылы 6 ақау белгілі болса, 2023 желіден тағы 3 ақау табылған. Осы себепті өткен жылы Жамбыл облысы әкімдігі мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан конкурс жарияланып, жеңімпаз деп танылған бас мердігер – «Сарыағаш-Аман» ЖШС, техникалық қадағалаушысы – «АДС Сапа» ЖШС және авторлық қадағалаушы «Институт «КазНИПИЭнергопром» АҚ-мен келісімшарттар жасалды. Енді құрылыс жұмысы ойдағыдай аяқталса, «М-1»-дің мәселесі көп ұзамай түбегейлі өз шешімін таппақ.
Аман ЕСЕН