Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жылу маусымына дайындық пысықталды

0 183

Қала әкімдігінің мәжіліс залында Тараздың отын-энергетика кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, бюджеттік нысандарын 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымына дайындау жөніндегі штаб отырысы өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жылыту маусымына әзірлік жайы кеңінен талқыланып, пысықталған кездесуге штаб мүшелері, қала әкімдігінің бөлім басшылары, бас инспекторлар, отын-энергетика кешені кәсіпорын басшылары, Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандары, Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері, «Жасыл Ел-Тараз», «Коммуналдық қызмет көрсету есеп орталығы», «ТаразРегионГазСервис», «РемонтГазовыхПриборов», «ТаразГазСервис» ЖШС, «Қауіпсіздік ВДС» РМК, ПИК төрағалары, үй ағалары қатысып, салаға қатысты мәселелерін ортаға салды.
Жаз бойы көшелерді қопарып, жолды көлік қозғалысынан бөгеген жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазанның бел ортасынан бастап жаңғыртылған жаңа жылу магистральдері арқылы қала толықтай жылумен қамтамасыз етілуі тиіс.
– Мердігер компания берген ресми мәлімдеме бойынша құбырлар 15 қазанға дейін дайын болады. Жылу маусымы уақытында басталады. Қалада 837 үй ыстық су жүйесімен қамтылған. Ыстық су жүйесіне қосу жоспарланған 695 үйдің 683-і ыстық сумен қамтамасыз етілді. Қалған 12 үй бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуіне, ақаулар орын алуына байланысты ыстық су уақытша тоқтатылып отыр, – деді штаб басшысы Бейсенбек Жанбосынов.
Дегенмен көппәтерлі тұрғын үйлердегі коммуналдық қызмет сапасына айтылатын сын толастар емес. Жиынға арнайы қатысқан тұрғындардың сөзінше, газ құбырларының сапасы нашар. Кей үйлердің кіреберістерінде көгілдір отынның иісі білінеді. Ал ПИК тек ай сайынғы төлемдерді жинаумен ғана шектеледі. Тексеру жұмыстары тыңғылықты жүргізілмейді екен. Көгілдір отынның пәтерлерге қауіпсіз жағдайда жеткізілуіне жауапты «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің мамандары қарызын өтемеген үйлерге қызметкерлер тексеріс жүргізу үшін арнайы бармайтынын айтады. Ал газ бен ыстық судың жеткізілуіне қатысты мәселелердің күрмеуін бір мезгілде шешу мүмкін емес. Барлығы кезең-кезеңімен іске асады дейді штаб отырысына қатысқан сала мамандары. Бұдан бөлек, жиында тазалық пен абаттандыру жұмыстарына бағытталған күзгі екі айлықтың жұмыс барысы талқыланды. Екі айлық шеңберінде бүгінгі күнге 3 сенбілік өткізіліп, жалпы 21 915 адам қатысқан. Сенбіліктер барысында 34 бірлік жүк көлігі жұмылдырылып, 535 тонна қоқыс шығарылып, 17 шақырым арық жүйелері тазаланған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.