Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жусан иісінің» жеңімпазы – Көсемәлі Сәттібайұлы

0 310

Қазақ халқының көрнекті классик жазушысы Сайын Мұратбековтің 85 жылдық мерейтойына орай әңгіме жанры бойынша ұйымдастырылған «Жусан иісі» атты республикалық байқау мәресіне жетті. Жүзге тарта қаламгер бақ сынаған сөз додасында «Жамбыл облысының мемлекеттік архиві» КММ директоры, белгілі жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы бас жүлдені еншілеп, әулиеаталықтардың мерейін үстем етті.

– Көсемәлі Сәттібайұлы байқауға «Армандар алдамайды» деген әңгімесін жолдады. Сайын ағамызша сілтепті. Бірден бас бәйгеге лайық деп шештік. Одан кейінгі орынды «Шырмауық» атты әңгіме иеленді, – дейді байқауды ұйымдастырушы және «Janr Ádebı Klýby»-ның жетекшісі Есболат Айдабосын.
Бәйге жеңімпаздарын марапаттау Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылында өтті. Оған дейін байқау жеңімпаздары мен талдықорғандық жас қаламгерлер Сайын Мұратбековтің қарындас-бауырларын ортаға алып, Қоңыр ауылына әдеби экспедиция жасады. Мұратбековтердің қара шаңырағында болып, әруақтардың рухына құран бағыштады.
Бәйгені Ғалия Сламбайқызы басқаратын С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық кітапханасы мен «Janr Ádebı Klýby» бірлесіп ұйымдастырған. Бас демеушісі – Ескелді ауданының әкімдігі. Белгілі жазушылар «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат пен Алматы облыстық телеарнасының директоры Серік Әбікенұлы қазылар алқасын басқарды.
Жүзден жүйрік шыққан Көсемәлі Сәттібайұлын жеңісімен құттықтай отырып, шығармашылығы шарықтай берсін деп тілейміз.

Айнабала Төлен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.