Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, танымал қаламгер, журналистика жампозы Бекет Момынқұлдың 70 жасқа толған мерейтойына орай Ш.Мұртаза атындағы облыстық руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен «Бекет салған сара жол» атты кездесу кеші өтті.
Шара жазушының шығармашылық жолын қамтыған фотокөрмені тамашалаудан басталды. Онда Бекет Әбділдаұлының әр жылдардағы өмір белестері мен еңбектері фотожинақ арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан соң «Өмір жолы – өнеге» атты бөлімде арнайы дайындалған бейнебаян көрсетілді.
Келесі кезекте Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз алып, ақжарма тілегін арнады.
– Сіздің қаламыңыздан туған әрбір мақалаңыз – уақыттың тынысын дөп басқан шындықтың шырақшысы, елдің рухын көтерген сөз маржаны десек, артық емес. Әр жылдары «Шуақ», «Село жаңалығы» секілді басылымдарда жемісті еңбек етіп, жұртшылықты толғандырған өзекті мәселелердің шешімін табуына ықпал еттіңіз. Сондай-ақ ғасырдан астам тарихы бар «Знамя труда» газетін абыроймен басқарып, билік пен бұқараның арасына алтын көпір орнатқаныңыз көзіқарақты оқырманның әлі күнге жадында.
Облыстық «Jambyl» телеарнасының да тізгінін ұстап, қаншама дарынды шәкіртті тәрбиелеп, қанаттарын қатайтып, қияларға самғаттыңыз. Бүгінде өзіңізден тәлім алған талай дарынды журналист еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп, өз саласының білікті мамандарына айналды. Мемлекеттік қызметте де қолтаңбаңызды қалдырып, еліміздің дамуына елеулі еңбек сіңірдіңіз, – деген Серік Жақсылықұлы қаламгерге облыс әкімінің құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапты.
Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы Жаңабай Миллионов, ардагер журналист Асқарбек Сейілхан, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Сағындық Ордабеков, ақын Қасқырбай Нарбатыр, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт пен өзге де әріптестері, жерлестері және шәкірттері мерейтой иесінің адами болмысы, қаламгерлік қыры туралы тереңнен ой қозғап, естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ кеш барысында Бекет Момынқұлдың жаңа туындысы – «Момышұлы әлемі» кітабының тұсауы кесілді. Бұл шығармада жазушының ел мен ер, тәрбие мен тағылым жайлы ой-толғамдары кеңінен қамтылған.
Осылайша бұл күн қаламгердің ғана емес, бүкіл өңір руханиятының мерейлі сәтіне айналды. Ардагердің өнегелі өмірі мен шығармашылық жолы жас ұрпаққа үлгі болары анық.
Нұрперзент Туғанбай,
Ш.Мұртаза атындағы облыстық руханият және
тарихтану орталығының кіші ғылыми қызметкері