Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жуалы жастарының жұлдызы жоғары

0 540

Жастар – кез келген мемлекеттің стратегиялық ресурсы және болашағы. Сондықтан олардың әлеуетін тиімді пайдалану, білім алуына, жұмысқа орналасуына, азаматтық белсенділігіне жағдай жасау – мемлекет үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Елімізде де жастар саясатының қалыптасуы мен дамуы егемендік алған сәттен бастап маңызды мемлекеттік басымдықтардың бірі болып келеді.

Жалпы жастар саясаты дегеніміз – жас буынның құқықтары мен мүдделерін қорғауға, олардың әлеуетін дамытуға бағытталған мемлекеттің әлеуметтік және саяси қызметінің жиынтығы. Оның басты мақсаты – жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, патриотты, білімді және белсенді азаматтарды тәрбиелеу. Бұл бағытта Жуалы ауданы Жастар ресурстық орталығы тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Айталық, бүгінде Жуалы ауданындағы жастардың саны 18 283 адамды, яғни өңірдегі жалпы халықтың 33,7 пайызын құрайды.
Жұмыспен қамту – жастар саясатының негізгі салаларының бірі. Себебі еңбек ету арқылы жас буын қоғамның белсенді мүшесіне айналып, экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізеді, өзінің әлеуетін толық жүзеге асырады. Қазақстанда жастардың жұмыспен қамтылу деңгейі ұлттық экономиканың дамуымен, білім беру сапасымен және еңбек нарығының сұраныстарымен тығыз байланысты. Сондықтан да мемлекет жастарды еңбек нарығына бейімдеу мен жұмысқа орналастыру ісіне ерекше көңіл бөледі. Бүгінде Жуалы ауданында бұл мәселе оң шешімін табуда. Мәселен, осы жылдың есептік кезеңіне дейін «Мансап орталығына» барлығы 254 жас жұмыссыз ретінде тіркелген болатын. Қазіргі таңда 84 жас тұрақты жұмысқа, 89 жас қоғамдық жұмысқа, 25 адам «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына жолданды. Сондай-ақ 9 жас «Бастау» курсынан өтсе, 6 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты. Сонымен қатар бүгінгі таңда «Отбасылық цифрлық картасы» жүйесінде «NEET» санатындағы 335 жас тіркелген. Оның ішінде «D» санаты бойынша – 227, «E» санаты бойынша 108 азамат тіркеуге алынған. Ауылдық округ мамандары тарапынан олардың барлығына адрестік жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар биылғы индикаторлық көрсеткіштерге сәйкес, 120 жасты «Жасыл ел» бағдарламасымен жұмысқа тарту жоспарланып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, ағымдағы жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 30 маманға 100 (жүз) айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы ұсынылды.
Мемлекеттің жан-жақты қолдауының арқасында кәсіпкерлікке бет бұрған жастардың қарасы қалың. Нақтырақ айтсақ, биыл аудандық кірістер басқармасына 100 жас өз кәсіптерін тіркеген. Бұған қоса аудандық кәсіпкерлік палатасында кәсіпкерлікке баулу мақсатындағы «Бастау» курсы арқылы биыл 3 айда 9 жас білімдерін шыңдап, сертификаттарға ие болды.
Қазіргі қоғамда жастардың әлеуметтік белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін арттыру мемлекет пен қоғам алдында тұрған басты міндеттердің біріне айналып отыр. Осы орайда волонтерлық, яғни еріктілік қызмет ерекше маңызға ие. Жастардың волонтерлық шараларға қатысуы олардың тұлғалық дамуына, қоғамға пайдалы болуына және кәсіби дағдыларды меңгеруіне зор мүмкіндік береді. Қазақстанда соңғы жылдары еріктілер қозғалысы жаңа серпін алып, жастар арасында кеңінен таралып келеді. Әрине, мұның өз кезегінде бірнеше артықшылығы да бар. Атап айтсақ, бұл ең әуелі азаматтық жауапкершілік пен патриотизмді арттырады. Яғни, жастар еріктілік арқылы қоғамға пайдалы болуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үйренеді. Екінші артықшылығы – тұлғалық және кәсіби даму. Осы арқылы жастарымыз коммуникация, көшбасшылық, ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытады. Бұл болашақ мансап үшін маңызды. Үшіншісі – жаңа орта мен тәжірибе. Жастар түрлі іс-шараларға қатысып, жаңа адамдармен танысады, кәсіби байланыс орнатады. Төртіншісі – әлеуметтік қолдау көрсету сезімі. Еріктілер көмекті қажет ететіндерге қол ұшын созу арқылы өмірлік маңызы бар істерге араласады.
Ерікті болудың маңызы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айрықша атап өткен болатын. «Шын мәнінде, волонтерлар дәл қазіргі кезде еліміз үшін аса қажетті, пайдалы жұмысты атқарып отыр. Волонтерлар Отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Расында, жаны таза адам ғана волонтер бола алады. Еріктілер – өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жандар. Біздің еліміз дәл осындай азаматтардан кенде емес. Сіздердің қоғам үшін жасаған пайдалы істеріңіз, көпшіліктің ыстық ықыласы мен ақ батасы – соның айқын дәлелі. Волонтерлық – бұл жай ғана әлеуметтік құбылыс емес. Тіпті, бір күнде қалыптасатын әдет немесе дағды деуге де болмайды. Бұл – көптеген адамдардың саналы түрде таңдаған өмір салты. Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет. Сондықтан, өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу – өте маңызды міндет», – деген ел Президенті қазіргідей күрделі кезеңде жақсы істер жасауға мән бергеніміз елдігімізді нығайта түсетінін жеткізді.
Мұндай игі істерден Жуалы жастары да шет қалып көрген емес. Соның айғағы – 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында волонтерлікті дамыту мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес, еріктілер қозғалысының 22 бағыты бойынша 91 іс-шара өткізіліп, оларға 445 жас тартылды.
Бүгінде байтақ Отанымыз – Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде діни сенім бостандығын қамтамасыз етіп келеді. Елдегі діни ахуал жалпы алғанда тұрақты деп бағаланады. Әсіресе, соңғы жылдары еліміздің жастары арасында дінге деген қызығушылықтың артқаны байқалады. Мұның бір себебі рухани ізденіс, әлеуметтік желілердің ықпалы және отбасылық тәрбиеде жатқаны жасырын емес. Әрине, жастардың дінге бет бұруы оң құбылыс болғанымен, діни сауаттылықтың төмендігі кейбір қиындықтарға әкелуі мүмкін. Себебі діни білімнің жеткіліксіздігі жастарды радикалды ағымдардың ықпалына түсіру қаупін арттырады. Сондықтан, діни сауаттылықты арттыру маңызды. Осы мақсатта осы жылдың басында Жуалы ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімімен бірлескен жұмыс жоспары бекітілді. Бекітілген жоспарына сәйкес, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің теолог маманы Р.Абделиевтің қатысуымен жалпы 55 іс-шара ұйымдастырылып, оларға 2 607 жас тартылды. Бұдан бөлек, «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі «Жуалы дін істері» парақшасына жыл басынан бері 86 ақпарат жарық көрген. Оның ішінде 55-і өткізілген іс-шаралар болса, 31-і діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында арнайы дайындалған бейнероликтер.
Жастар – қоғамның белсенді әрі болашағы зор бөлігі. Алайда, бүгінгі таңда жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмыс жасау фактілері де кездесетінін жоққа шығара алмаймыз. Бұл жағдай қоғам үшін үлкен алаңдаушылық тудырып, жан-жақты алдын алу шараларын талап етеді. Себебі жастар арасындағы қылмыстың себептерін талдау және оның алдын алу жолдарын ұсыну – қазіргі заманның өзекті міндеттерінің бірі. Осы міндет Жуалы аудандық Жастар ресурстық орталығы тарапынан ойдағыдай орындалуда. Айталық, 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында ауданда барлығы 2 қылмыстық іс тіркелсе, оның ішінде 2 дерек жастардың қатысуымен орын алып отыр. Екеуі де ұрлық оқиғасына байланысты. Сонымен қатар осы жылдың қаңтар-наурыз айларында жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында 37 іс-шара ұйымдастырылды. Оның 13-і – жастармен кездесу, 4-еуі – «дөңгелек үстел» отырысы, 1-еуі – түсіндірме жұмыстары. Осы мақсатта «Қоғамдық сақшы» жобасы аясында Б.Момышұлы ауылы және өзге ауылдық округтерде 19 түнгі рейдтік жұмыстар жүргізіліп, оған 1 465 жас қамтылды. Аталған іс-шаралар әлеуметтік желілерде жарияланды. Бұған қоса, осы мақсатта Б.Момышұлы ауылы мен 13 ауылдық округте аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторларының, қоғамдық ұйымдар мен мектеп директорлары тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының қатысуымен түнгі рейдтік жұмыстар үздіксіз жүргізілуде.
Бүгінде аудан бойынша пробация есебінде барлығы 55 адам тіркелген. Оның 25-і – 18-35 жас аралығындағы жас. Жыл басынан «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі мен аудандық Пробация қызметі бөлімінің ұйымдастыруымен 3 іс-шара өткізіліп, тіркеуде тұрған 23 жас шараға тартылды. Атап айтар болсақ, пробация есебінде тұрған жастар арасында «Нашақорлық қоғам дерті» және «Ғасыр дертінен сақтанайық», теолог маманмен «Жат ағымдардан сақтанайық» тақырыптарында кездесу өтті. Сондай-ақ есепте тұрған жастар «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесіне тартылды.
Өңірде «Жастар ресурстық орталығы» және «Жастар денсаулық орталығы» мекемелерінің бірлесуімен нашақорлықтың алдын алу мақсатында іс-шаралар жоспары бекітілген. Бүгінге дейін 15 іс-шара ұйымдастырылып, 258 жас тартылды. Сонымен қатар суицидтің алдын алу мақсатында 210 жастың қатысуымен 12 іс-шара өтті.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл бастаманың маңызы өте зор. Бұл туралы Президент: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады», – деген еді.
Жұмысшы мамандықтарының жылына жуалылық жастар да өз үлестерін қосуда. Айталық, осы жылдың алғашқы үш айының өзінде осы бағытта 23 іс-шара өткізілді. Атап айтсақ, аудандағы ірімшік зауытына, «Көктөбе-1» алқабына қарама-қарсы орналасқан дәнекерлеу цехына экскурсия, «Еңбегім менің еліме» атты еңбек адамдарымен бірлескен жастар форумы ұйымдастырылды. Сондай-ақ жастар еңбек адамдарымен кездесіп, еркін ой-пікір алмасты.
Биылғы жарқын бастамалардың қатарында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасының орны ерекше. Аталған жоба тұрғындар арасында кітап оқуға деген құштарлықты оятып, оқырмандық мәдениетті дамытуға бағытталған. Жоба аясында халықты жас ерекшелігіне қарай тарту арқылы кітап оқу тек оқушылар мен студенттердің ісі ғана емес, жалпы қоғамның ортақ құндылығы екенін дәлелдеу көзделген. Сондықтан, бұл ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтып қана қоймай, ұлттық сана мен әдеби танымды тереңдетеді.
Жарқын жобадан Жуалы жастары да тыс қалмауда. Аталмыш жоба шеңберінде №16 Жуалы колледжі мен Қызыларық ауылында «Kitap IQ» атты аудандық интеллектуалды ойын өтіп, оған барлығы 150 жас қатысты. Аудан жастарының бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізу және командада жұмыс істеу, мəселені талқылау қабілетін дамытуды мақсат еткен шараға Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Айбек Кадралиев пен Жуалы ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жәнібек Мырзалиев арнайы қатысып, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
«Туған жердің тұлғалары», «Кітап және автор», «Шығармалар және кейіпкерлер», «Кітапхана әлеміне саяхат» және «Әлемдік кітаптар» секілді 5 кезеңнен тұрған сайысқа зияткерлік ойынға 18-35 жас аралығындағы жастардан құралған 15 команда қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды – «Ақтөбе», «15 ТМЛ», ІІ орынды – «Мағжан жастары», І орынды «Парасат пырағы» командалары еншіледі.
Сонымен қатар 14 ауылдық округте «Кіттаппен дос бол» атты челлендж түсірілсе, Б.Момышұлы ауылының тұрғындарымен «Мен оқыған кітап» атты 2 блиц-сауалнама жүргізілді. Бұған қоса Б.Момышұлы, Көкбастау, Шақпақ, Мыңбұлақ, Ақсай, Күреңбел, Қызыларық, Ақтөбе, Билікөл ауылдық округтерінде «Кітап сыйла» акциялары, «Кітап ал, кітап сыйла» атты жастармен кездесу және Мұқағали Мақатаевтың туғанына 94 жыл толуына орай аудандық поэзиялық кеш өткізілді. Аталмыш кеште жастарымыз ақынның өлеңдерін оқып, сөзіне жазылған әндерді шырқап, көрермендердің зор ықыласына бөленді. Поэзиялық кешке белсене қатысқан жастар арнайы дипломдармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Жуалыда тағылымға толы, рухани және спорттық іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Солардың бірі – дәстүрімізді жаңғыртып, рухымызды ояту, мергендік пен дәлдікке машықтау мақсатында өткен «Мерген ару-2025» атты қыздар арасындағы дәстүрлі садақ ату мен дартстан аудандық турнир. Турнирге 18-35 жас аралығындағы 20-дан аса қыз-келіншек қатысып, 15 метр қашықтықта дәстүрлі садақ ату, 2 метр қашықтықтан дартс көздеп, мергендіктерін сынады. Жарыс қорытындысы бойынша I орынды Боралдай ауылдық округінен келген Балнұр Назымбек, II орынды Б.Момышұлы ауылынан Аида Мейірбек, III орынды Күреңбел ауылдық округінен Үміт Искакова иеленді. Бұл сайыс алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өз жалғасын табады.
Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық күніне орай аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ және «AMANAT» партиясы филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен ұлттық ойындардан жастар арасында аудандық жарыс өткізілді. Сайысқа әр ауылдық округтерден 9 команда қатысып, бақ сынасты.
ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңын» жүзеге асыру және жастар арасында бұқаралық спорт түрлерін дамытуды мақсат тұтқан шара асық ату, жетітаяқ, ләңгі тебу, дартс және командалық арқан тарту ойындарынан тұрды. Тартысқа толы болған жарыс нәтижесі бойынша І орынды – Көкбастау, II орынды – Қарасаз, ІІІ орынды Шақпақ ауылдық округтерінің командалары олжалады.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде жастардың мәдени, интеллектуалдық және тұлғалық дамуы ел болашағы үшін аса маңызды. Сол бағытта жастардың әлеуетін ашуға, сөйлеу мәдениетін, тапқырлығын арттыруға мүмкіндік беретін бірегей жоба – Жайдарман ойындары. Қазіргі таңда бұл ойын тек көңіл көтеру құралы ғана емес, шынайы шығармашылық алаңына айналған. Сондықтан «Жайдарманның» жастарға берері мол.
Осы мақсатта «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру және «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Жайдарман» ойындарының ширек финалдық сайысы ұйымдастырылған болатын. Ойындар барысында «А», «Б», «С» тобынан 10 команда қатысып, 5 минуттық «Сәлемдесу» сайысы бойынша бақ сынады. Сайыс соңында әділ қазы алқалары ойынға өз пікірлерін білдіріп, «А» тобынан – «Қарасаз», «Медиа», «АЕМ», «Б» тобынан – «Гламур емес», «С» тобынан «Доллар» «Қызық қылайық» құрамаларына жартылай финалдық бәсекеге жолдамаларды табыстады.
Сонымен қатар Мыңбұлақ ауылдық округі, Көлбастау ауылы №13 А.Байтұрсынов мектебінде гір тасын көтеруден аудандық турнир өтті. Аталған турнирде 14-29 жас аралығындағы 25-ке жуық аудан жастары 70 келіге дейінгі салмақты көтеруден өз бағын сынады. Нәтижесінде Нұрлыбай Нұрдәулет ІІІ орынды, Алдияр Бағызбай ІІ орынды, ал Нұрасылым Тұрсынбай І орынды иеленді. Барлық қатысушылар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Бұған қоса «Жастар ресурстық орталығы» КММ, аудандық білім бөлімі, аудандық «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» ЖҚ және Ә.Бөкейханов №15 тірек мектебінің ұйымдастыруымен «Әлихан Бөкейханның ұлт тәуелсіздігі жолындағы қызметі» атты аудандық пікірсайыс турнирі өткізілді. Қоғамда белсенділік танытуға дағдыландыру, жастар өздерін көпшілік алдында еркін ұстап, дәйекті де дәлелді сөз сөйлеуге үйрету мақсат еткен шара 7 қарардан тұрды. Нәтижесінде І орынды – «Квантум», ІІ орынды – «Азамат», ІІІ орынды «Мағжан жастары» және «Twix» командалары иемденіп, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жуалы жастары спорттан да кенде емес. Соның жарқын көрінісіне «Спорт – бейбітшілік елшісі» атты шаңғы тебуден өткен жарыс барысында көз жеткіздік. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып, қысқы спорт түрін дамыту, салауатты өмір салтын ұстануға шақыруды мақсат еткен додаға 14 пен 18 және 18 бен 35 жас аралығындағы жастар қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша 14 пен 18 жас аралығында І орынды Мағжан Жұмабаев атындағы №29 мектеп оқушысы Азамат Мамыржан, ІІ орынды аталған оқу ордасының тағы бір шәкірті Әлимсақ Сұранши және ІІІ орынды Д.Қонаев атындағы №19 орта мектептің Бағлан Ержанұлы олжалады. Ал 18 бен 35 жас аралығында І орын 91678 әскери бөлімінен Райс Шабаев, ІІ орын Б.Момышұлы шекара бөлімшесінен Никита Номировский, ІІІ орын аталмыш бөлімшеден Ерлан Есімовке бұйырды.
Жалпы 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында аудан жастарымен «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен Б.Момышұлы ауылы және өзге ауылдық округтерде 11 бағыт аясында барлығы 522 іс-шара өтті. Оның ішінде рухани-адамгершілік бағытта – 116, әскери-патриоттық бағытта – 25, спорттық бағытта – 32, мәдени-шығармашылық бағытта – 49, құқықтық бағытта – 36, діни бағытта – 55, психологиялық-танымдық бағытты – 45, жастарға кеңес бағыты аясында – 78, экологиялық бағытта – 36, этносаралық келісімді нығайту мақсатында – 29, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында – 21 іс-шара ұйымдастырылып, жалпы саны 19 907 жас атсалысты.
Қазақстанның болашағы – белсенді, білімді және патриот жастардың қолында. Осы бағытта жастарға қолдау көрсету мақсатында елімізде Жастар ресурстық орталықтары (ЖРО) құрылып, табысты жұмыс атқарып келеді. Бұл орталықтар – жастардың әлеуетін дамытуға, олардың әлеуметтік, мәдени, кәсіби тұрғыда қалыптасуына ықпал ететін маңызды құрылымдардың бірі. Олардың негізгі мақсат-міндеті – жастарға кеңес беру, ақпараттық, құқықтық, психологиялық қолдау көрсету, кәсіпкерлікке баулу, сондай-ақ түрлі қоғамдық және мәдени шараларды ұйымдастыру. Бұл тұрғыда Жуалы ауданы да жастар саясатын белсенді жүзеге асырып келе жатқан өңірлердің бірі. Өңір жастары білім, кәсіпкерлік, экология, патриоттық тәрбие және мәдениет салаларында түрлі жобалар мен бастамаларға белсенді қатысып, қоғамның дамуына өз үлестерін қосуда.

Нұртілеу Төрен,
Жуалы ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.