Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жомарт түлектер 55 миллион теңгеге демеушілік жасады

0 653

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай облысымызда алғаш болып қолға алынған «Жомарт түлек» жобасының маңыздылығы жоғары. Қазіргі таңда жобаны іске асыру мақсатында іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Соңғы 30 жылда Тараз қаласының мектептерін 71 454 түлек бітірген. Бүгінде жетістікке жеткен түлектердің еңбегін насихаттау мақсатында ашылған JAMBYL-TYLEK.KZ сайтында 60 036 түлектің деректері жинақталған.
Ағымдағы жылдың сәуір айында еліміздің өркендеуі мен дамуына үлес қосып, әлемдік ареналарда көк туымызды көтеріп жүрген түлектеріміздің қатысуымен форум өтті. Аталған іс-шараға офлайн режимінде танымал 30 түлек, онлайн тәсілінде 600-ден астам азамат қатысты. Олардың қатарында Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев, Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова, әнші Әлішер Каримов сынды танымал тұлғалар бар.
Бұл іс-шара мектептерде де жалғасын тауып, бүгінгі күні білім мекемелерінде 1042 түлекпен іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде танымал 66 түлектің қатысуымен кездесулер өткізіліп, оған 4784 оқушы қамтылған. Әр мектепте түлектермен кездесу кестелері де құрылып, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.
Жоба аясында Тараз қаласында №45 және №51 орта мектеп базасынан «Тараз түлектері» орталықтары ашылды. Сондай-ақ жоба аясында Тараз қаласының мектептерінде тұңғыш рет «Белсенді түлектер», «Түлек жолы», «Менің идеалым» кіші жобалары жүзеге асырылуда. Аталған кіші жобалар Тараз қаласынан бастау алып, облысымыздың басқа аудандарында да жалғасын табуда. Бұдан бөлек, түлектердің демеушілігімен біршама жұмыстар да атқарылған. Соның нәтижесінде жоба шеңберінде 55 миллион теңгеге білім беру мекемелеріне демеушілік көмек көрсетілсе, оның 10 миллион теңгеден астамы мамыр-қыркүйек айларында жасалған. Атап айтар болсақ, №45 қазақ классикалық гимназиясына 3,5 миллион теңгеге оқу кабинеті жабдықталып, «Түлектер» бөлмесі ашылса, №6 орта мектепке 3,5 миллион теңге көлемінде бастауыш сынып корпусы ағымдағы жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ №56 орта мектепке 2 миллион теңгеге білім ордасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1,5 миллион теңгеге компьютерлік құрылғылар сатып алынған. Сондай-ақ №53 мектеп-гимназияға 2,5 миллион теңгеге безендіру жұмыстары жасалған. Бұдан бөлек, №25 орта мектепке 1,5 миллион теңгеге биология кабинетіне зертханалық жабдықтар алынып, №41 гимназияға 1,7 миллион теңгеге сертификат берілген. 1 миллион теңгеге мәжіліс залы безендірілген. Сонымен қатар №40 гимназияға да 1 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа мәжіліс залы безендірілсе, №22 орта мектепке 1 миллион теңгеге робототехника құрылғылары тарту етілген. Ал №55 орта мектепке 1 миллион теңгеге музыкалық аппарат орнатылған.
Аталған шараларға қосымша барлық мектептерде кітап сыйлау, декоративті талдар отырғызу, көгалдандыру және басқа да көмектер көрсетілуде.
Жаңа оқу жылында да жоба аясында жүргізілетін жұмыстар жанданып, 10 және 20 жылдық мектеп бітірген түлектермен кездесулер өткізу қолға алынуда.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.