Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жібек жолы бойындағы сән салтанаты

0 192

Осымен алтыншы рет өткен «Aspara Fashion Week» халықаралық сән апталығы мерейлі Меркі жерінде ұйымдастырылып, онлайн-алаңға әлемнің жүзге жуық дизайнерлері мен сән мамандарын жинады. Мереке Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия топтамаларының шоуымен ашылып, төрт күнге жалғасты.

Арайлым Шабденова

Сән апталығына Меркі жерінің таңдалуы бекер емес. ІІІ ғасырда сауда бағыты ретінде пайда болған Ұлы Жібек жолы қазіргі Қазақстанның оңтүстігін басып өтеді. Қытай шекарасынан керуендер Меркі, Тараз, Сайрам, Ясы, Отырар қалалары арқылы әрі қарай Орта Азия, Парсы, Кавказ және Еуропаға қарай беттеген. Ал VI-VIII ғасырларда Меркі керуен сарайдан ірі орталыққа айналады. Әрине содан бері қаншама ғасырлар өтті. Қазір бұл бағытты «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі жалғастырып отыр. Тарихы тереңнен бастау алатын сән апталығының мақсаты – Азиялық дизайнерлерді, соның ішінде қазақстандықтарды әлемдік аренаға шығару.

Әлемнің 40 елінен сән киім үлгілерін жасайтын 100 дизайнерді және танымал 30 сән сарапшылары сондай-ақ журналистер, Еуропа мен Азия сән апталығы басшыларының басын қосқан сән апталығының ашылуын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев онлайн тамашалап, тікелей байланысқа шығып, жылы лебізін білдірді.

– Өкінішке орай, бұл жолы сіздермен онлайн жүздесіп отырмыз. Әйтпесе, мен сіздерге бұл жердің әсем табиғатын, биік тауларын, мөлдір суы бар мыңдаған бұлақтарын, ерекше бақшаларын, егістік алқаптары мен жайылымдарын көрсетер едім. Айдархан Қалиев Миландағы, Париждегі, Амстердамдағы, Берлиндегі, Стокгольмдегі, Львовтағы және басқа қалалардағы белгілі сән апталарының ресми бағдарламаларында жұмыс істеген алғашқы азиялық дизайнер. Дәл осы тұста, Айдархан Қалиев неге әлемдік сәннің трендтері болып табылатын қалаларда тұрмайды? Неліктен ол алыс аймақта тұрып, жұмыс істеуде? деген орынды сұрақтар туындайды. Оның жауабы қарапайым: шығармашылық шабытты, күш пен жігерді үлкен қалалар емес, туған жер ғана бере алады. Әсіресе, туған жері тарихтың кені, ежелгі Меркі өлкесі. Сонымен қатар ол ата-бабаларының рухани және мәдени дәстүрін бойына сіңірген. Туған жердің құдіреті – Айдарханға «жаңаша фольклор» стилінің негізін қалауға мүмкіндік берді. Кіндік кескен жердің киесі – өз ұлына өсіп-өнген тамырын ұмытуына жол бермеді. Туған жердің қасиеті – оған қазақ халқының ең жақсы дәстүрлерін біздің заманымызға жеткізуге көмектесті, – деген өңір басшысы сән апталығының жұмысына сәттілік тіледі.

Апталықтың алғашқы күні Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері Сингапур, Индонезия, Мьянма, Филиппин, Тайланд, Малайзия, Бруней, Лаос, Камбоджа, Вьетнамнан келген 30-дан астам дизайнер өз коллекцияларын ұсынды. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сән үлгісі бір-біріне қатты ұқсас деген қате түсінік. Жалпы әр елдің салты да сән үлгісі де басқа. Мысалы, Қытай дизайнерлерінің киімдері көбінесе өнер туындысына ұқсайды. Биылғы безендіру мен күрделі кесте пішінді сән үлгісі көптің көңілінен шықты. Вьетнамнан келген жас сәнгерлер көбіне нәзіктікке мән беріпті. Оларды лотос гүлі шабыттандыратынын да айта кеткен жөн. Ал Сингапурлықтардың еуропалықтарға еліктейтіні байқалды. Дегенмен этникалық белгілері киім үлгісіне өзіндік ерекше стиль береді. Ал күрделі өрнектері бар маталардан жасалған көйлектер индонезиялықтарға тән. Олардың шығармашылық қабілеттерін осы сән апталығынан көруге болады. Мьянмалық сән шеберлері әртүрлі маталарға көбірек мән беріпті. Яғни барқытты, жібекті, шілтерді және мақтаны жаңа коллекцияларына қосқан. Ал Филиппиндіктер кешкі той көйлек тігуге құмар екендіктерін тағы бір дәлелдеді.

Жылына бір келетін сән мерекесінің ашылуына шетелдік дизайнерлер де өз құттықтауларын онлайн жеткізді. Соның бірі эфиопиялық киім дизайнері Лулит Ауэл. Ол өз сөзінде қазақ сәнқойларының туындыларын жоғары бағалайтынын атап өтті.

– Эфиопия да Қазақстан секілді көпұлтты ел. Мұны халықтың мәдениеті мен киімдерінен анық аңғаруға болады. Қазақ сәнгерлерінің жұмысымен бұрыннан таныспын әрі маған ерекше ұнайды. Мен үшін бұл сән апталығы онлайн болса да жаңа дүниелерді көріп, танысуға және жаңа идеяларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік болайын деп тұр,– дейді ол.

Халықаралық сән апталығының келесі күні Қазақстан мен Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркіменстан және Тәжікстандық 24 дизайнер киімдерін көрсетсетті. Отандық дизайнерлерден Алия Сағди, Балғын Әмірхан Кутюр, Дана Әшімова, Раушан Әнуарбекова, Құлан Жанғұтты, Бренд «ЗЕКЕН-МОДА», «LATUHACOLLECTION», Гүлнара Қасым, Бренд «DIKOZA» өз туындыларын таныстырды. Бұл күні апталықтың шымылдығын «ASPARA FASHION WEEK» жобасының авторы, танымал дизайнер Айдархан Қалиевтің жаңа топтамалары ашты. Дизайнер жаңа маусымның киімдерін қызғылт сары және көк түстермен таныстырды.

– Ұлы Жібек Жолындағы әдемі мешіттер мен көк күмбезді кесенелер қашанда саудагерлердің көзайымы болған. Бұл жаңа туындылардың өзіндік ерекшеліктері бар. Атап айтсақ, маталардың жеңілдігі, әдемі үлгіде тігілген киімдер алыстан көз тартары анық. Менің кез келген туындымда ұлттық нақыштарға ерекше мән берілген. Қазақтың әдемі ою-өрнектерімен тігілген киім үлгілері қашанда қонақтардың қызығушылығын арттырғаны жасырын емес. Біздің сән үйінен шыққан қазақ костюмдері бірден брендке айналатыны да сондықтан. Жаңа коллекция 2021-ші жылдың көктемі мен жаз айларына бағытталды. Меркінің тарихын зерттеу арқылы жаңа коллекция шықты. Мен туған жерімде халықаралық сән апталығын өткізу арқылы азаматтық парызымды орындадым деп ойлаймын. Сән мен қатар Меркінің ғажап жерлерін көрсету арқылы біздер 10-ға жуық қысқа метражды фильмдер дайындадық. Әлемді тамсандырған сәнгерлер еліміздің табиғатына қызығып, пандемия аяқталған соң облысқа келеміз деп жатыр, – деді дизайнер Айдархан Қалиев.

Ал апталықтың үшінші күні 25 дизайнер эко талшықтардан жасалған киімдер үлгісін ұсынды. Яғни, авторлар ұмытылған маталарды, тоқыма материалдарды қайта тірілтуге, оларға екінші өмір сыйлауға және жаңа маусымның трендіне айналдыруға тырысқан. Олар Малайзия, Үндістан, Тайланд, Қытай, Сингапур, Индонезия, Филиппин және Қазақстандық дизайнерлер. Ал соңғы күні көрермен Еуропа, Африка және Америка құрлығынан келген 25 дизайнердің коллекцияларын тамашалады. Олар Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Италия, Аргентина, Венгрия, Швеция, АҚШ, Кения, Марокко, Сербия, Франция, Испания, Саха Республикасы, Кипр, Молдова, Голландия, Украина және Эфиопия сән шеберлері.

Онлайн сән апталығын қорытындылаған 80-нен астам сәнді және маусымдық коллекциялардың авторы, дизайнер Айдархан Қалиев:

«Алдағы сән апталығын келер жылдың сәуір айына жоспарлап отырмыз. Осы апталықта әр мемлекеттің уақытымен сәйкестікте әр түрлі болды. Соған қарамастан 3-4 сағат уақытын бөліп, халықаралық апталыққа қатысқан әрбір әріптесіме, дизайнерлерге алғысым шексіз. Сан түрлі мемлекеттің сән салтанатын тамашалап, жаңа топтамаларды көрген жас дизайнерлерге бұл апталық шабыт сыйлағанына сенімдімін. Келер жылы әлемде пандемия аяқталса, туған жердің табиғатымен, салт-дәстүрімен өзге мемлекеттің дизайнерлерін таныстыру құрметі бұйырады деп сенеміз» – деді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.