Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жетік маман жат елден болса…

0 203

Қазіргі таңда білікті кадр, әсіресе техникалық мамандар тапшылығы әлемдік еңбек нарығында жиі байқалады.

Толғанай АТАБАЙ

Осынау ахуал индустриалдық-инновациялық даму жолына түскен біздің елде де жоқ емес. Ал бұл мәселе жат елден жетік маман шақыру арқылы шешілетіні белгілі. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, елімізге жыл сайын 2 миллионнан астам Орта Азия елдерінің еңбек мигранттары келеді. Елге кіріп, еңбек ету үшін арнайы тәртіп те бар. Алайда өзге елдіктердің жұмыс барысында өз жерімізде шу шығаратыны жиілеп кеткелі қашан. Мәселен, өткен жылы Атырау мұнай өңдеу зауытының бақылау-өткізу пунктінде орын алған қытай жұмысшылары мен кәсіпорын күзетшілері арасындағы жанжал сөзімізге тұздық болса, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Абу-Даби Плаза» кешенінің құрылыс алаңындағы қазақ жастары мен Үндістаннан келген құрылысшылар арасындағы жаппай төбелестің елді дүр сілкіндіргені анық. Тек елорда емес-ау, ел шулаған мұндай оқиғалардан кейін шетелдік азаматтардың ас ішкен астауын тепкені көңілге кірбің ұялатары анық. Аталмыш тақырыптың аймақтағы ахуалына көз жүгіртсек…
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні өңірде 258 шетел азаматы рұқсат негізінде жұмыс істеуде. Өңірдегі шетелдік мигранттардың мәселесі республика бойынша мемлекеттік еңбек инспекторларының ұдайы назарында. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында шетелдік жұмыс күшін тартқан кәсіпорындарда еңбек заңнамасын бұзған 15 дерек анықталған. Оның ішінде 5 еңбек жанжалы орын алған. Облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының мәліметіне қарағанда, мұндай оқиға Меркі ауданындағы «Меркі-Шу-Бурылбайтал» бағытындағы тас жолының құрылысын жүргізіп жатқан компания қызметкерлерінің арасында болған. Аталмыш басқарма жүргізген тексеру нәтижесінде шетел жұмыс күшін тартқан компаниялардың жалақыны уақытында және еңбек келісімшартын тоқтатқаннан кейінгі жұмыскерге тиесілі соманы төлемеу, жергілікті жұмысшыларға еңбек жағдайларына байланысты әлеуметтік кемсітушіліктер анықталған. Сондай-ақ халықты жұмыспен қамту орталықтарында бос жұмыс орнының бар екендігі туралы ақпарат та берілмей, мамандығы бойынша еңбек етпеу фактілері тіркелген.
– Еңбек инспекциясы басқармасына жұмыс беруші кәсіпорын атынан шағым түскен жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасы шеңберінде компанияларға тексеру жасап, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Тартыс түйінін тарқату үшін оларға 1 ай мерзім уақыт беріледі. Осы аралықта екі тараптың өзара шешімі қайта қаралады. Егер жұмыскерлер жарақат алса, компания тарапынан сақтандыру шараларымен қамтамасыз етіледі, – дейді мемлекеттік еңбек инспекторы Еркін Ибраимов.
Маман тартуға келісім алу үшін жұмыс берушілер салық төлейтінін ескерсек, аймақтағы 29 жұмыс беруші мекеме жұмыскерлердің қызмет түрі мен санатына байланысты 137 АЕК-тен 250 АЕК-ке дейін салық төлеуде. Бұл мақсатта жыл басынан бері қазынаға 79,6 миллион теңге қаржы түскен екен. Елге кіріп, еңбек етудің басты шарты – шетел маманының білім мен біліктілік деңгейінің жоғарылығы болып табылады дейді мамандар. Ал білікті маманға рұқсат беру кезінде жұмыс берушілердің кәсіп иесіне деген сұранысы, жұмыссыз азаматтар саны ескеріледі. Бүгінде жұмыс беруші 29 кәсіпорынның 19-ы Жамбыл облысында тіркелген.
– Жалпы қай өңірге болсын шетелдік жұмыс күшін тарту Үкіметпен белгіленген квотаға сәйкес жүргізілуі тиіс. Онда ел аумағында еңбек ету үшін жұмыс берушіге рұқсат етілген шетелдік жұмыс күшінің шекті саны көрсетіледі. Шетелдіктерге ел аумағында жұмыс істеуге рұқсат беру және жұмыс істеу мерзімін ұзарту тәртібі мен шарттарын айқындау мақсатында жұмыскерлердің 4 түрлі санаты белгіленді. Атап айтқанда, біріншісі – басшылар және олардың орынбасарлары. Екінші санатта – құрылымдық бөлімшелердің басшылары, одан кейінгі санатқа мамандар жатса, соңғысы – білікті жұмысшылар. Жалпы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан шетел азаматтарын жұмысқа тарту бойынша жамбылдық жұмыс берушілерге биыл 774 квота белгіленген болатын. Шетел жұмысшыларының қатарында Қытай, Өзбекстан, Грекия, Франция, Украина, Иран, Үндістан, Италия, Македония, Мысыр, Мальта, Израиль, Пәкістан және Түркия азаматтары бар. Шетел жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерде еңбек етіп жатқан қазақстандықтардың саны 4499 адамды құрайды. Жыл басынан сырттан маман тартатын жұмыс берушілерде 45 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті халық жұмыспен қамтылды, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Шыңғысхан Тойбеков.
Облыс аумағына шетел мамандары ішкі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тартылуда. Олардың негізгілері: сапа жөніндегі инженер, инженер-энергетик, инженер-электроник, жабдықтарды жинақтау жөніндегі инженер, жөндеу және сынақтан өткізу жөніндегі инженер, инженер-жобалаушы, метрология бойынша инженер, электр жабдықтарын жөндеу және бақылау жөніндегі электромонтер және тағы басқа мамандықтар. Сала иелерінің айтуына қарағанда, облыста батыс-солтүстік өңірлеріндегідей ірі еңбекаралық шиеленістер орын алмаған. Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы шетелдік мамандар мен жергілікті қызметкерлерге тең еңбек жағдайын жасау, еңбекті қорғауды басқарудың заманауи жүйесін енгізу қажеттігін алға тарту төңірегінде заң жобасы да әзірленді. Енді жаңа тармақ негізінде шетелдік мамандар барған елін сыйлап, заңына бағынатын болса, жоғарыда келтірген олқылықтар азаяды деген үміт бар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.