Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жер сілкінісі: қауырт желі іске қосылды

0 751

Күні кеше алматылықтардың түн ұйқысын төрт бөлген жер сілкінісі мегаполис тұрғындарын әбден әбігерге салды. Ресми мәлімет бойынша, 5 баллға жеткен дүмпу ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі «НТЦСНиИ» сейсмикалық станциялар желісі жер сілкінісінің Алматы уақыты бойынша сағат 00:09:02-де тіркелгенін хабарлады.
Әлеуметтік желіде таралған бейнежазбаларда оңтүстік астананың тұрғындары түннің суығына қарамастан пәтерлерін жалаң аяқ, кейбірі киімсіз тастап қашқаны бейнеленген. Нәтижесінде, түнгі 01:00-ден таңғы 09:00-ге дейін бас жарақаты, соққы алу, аяқ-қолдың созылуы сияқты жеңіл және орташа ауырлықтағы түрлі жарақаттары бар 44 адам медициналық көмекке жүгінген.
Жер сілкінісі Алматы қаласымен қатар Шымкентке, Жетісу облысына, сондай-ақ Жамбыл облысына жеткен. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуы бойынша, жер сілкінісі Алматы қаласында – 5, Шымкент қаласында – 2, Жамбыл облысында – 2-3 және Жетісу облысында 4 балл көлемінде болған.
Тұрғындарды тыныштандыру мақсатында Жамбыл облысында да қажетті шаралар қолға алынуда. Мәселен, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінде психологиялық көмек көрсету мақсатында 8 (7262) 51-35-75, 51-41-67 қауырт желі телефоны іске қосылды. Төтеншеліктер азаматтарды сақтық шараларын сақтап, қауесетке сенбеуге шақырып отыр.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.