Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жер – береке кіндігі

0 226

Жер – халықтың ең нeгiзгi байлығы. Адам өзіне керекті қоректік заттардың 88 пайызын eгiстік алқабынан, 10 пайызын жайылымдық жерлерден алады. Сол себепті, жер қорын қорғау мен тиімді қолдану – негізгі әрі мәнін жоймайтын өзекті мәселе бола бермек. Ал жер телімдерін мақсатты пайдалану ел экономикасының драйвері саналатын аграрлық секторға тың серпін берері хақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2022 жылдың басынан бері пайдаланбай жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару белсенді жүргізілуде. Бұл жұмысты «AMANAT» партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» республикалық және аймақтық комиссиялары белсенді атқарып келеді.
Қайтарылған жерлерді әрі қарай халықтың игілігіне тиімді пайдалануға тапсыруға ерекше мән берілуде. Ең алдымен жеке ауладағы малды бағу үшін жалпы пайдаланатын жайылымдарды беру арқылы қайтарылған жерлер ауыл халқының қажеттіліктерін өтейді.
Бүгінде мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы 10 млн гектардан астам жерде жоғарыда көрсетілген шаралар іске асырылуда.
Жер учаскелерін мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жұмыстың нәтижелеріне ашық қол жеткізу мүмкіндігін беру мақсатында jerkarta.gharysh.kz геосервисі әзірленді. Геосервис арқылы мемлекетке қайтарылған әрбір жер учаскесіне мониторинг жүргізуге, оның орнын, шекарасын анықтауға, сондай-ақ жер алаңы мен меншік иесі немесе жер пайдаланушы туралы мәліметтерге қол жеткізуге болады.
Жамбыл облысы аумағының 72 пайызын тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қолайлы жерлер алып жатыр. Аграрлық салаға инвестициялар тарту мақсатында 295 мың гектар жер әлеуеті анықталған. Осы жерлерді, аймақтың климаттық ерекшелігін ескере отырып, қажет деген жобаларға ғана беру қажеттігі айтылып келеді. Бүгінде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін 828 гектар жер бөлінген.
Жайылымдық инфрақұрылым объектілерін дамыту және қайта жаңғырту мақсатымен өткен жылы далалық массивтерде 223 дана ұңғыма пайдалануға беріліп, жоспар артығымен орындалған. Барлық жоспарланған шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы облыстың өңірлік жалпы өніміндегі ауыл шаруашылығы өндірісінің үлес салмағын 25%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Ол үшін өңірдің агроөнеркәсіп саласының кешенді картасын әзірлеу қажет. Облыстағы барлық санаттағы жерлерден бастап, ауылдағы мал саны мен жайылымдық көлемі, қажеттілігі, шешу жолдары, суару жүйелері мен инфрақұрылым туралы деректер, дамыту жоспары, басқа да өзекті мәселелер осы құжатта қамтылып көрсетілуі керек. Сондай-ақ өсімдік шаруашылығында өңірдің климаттық жағдайы мен өнімді өткерудің ыңғайлы жағына қарай басымдылық беру қажет. Мысалы, сұранысы жоғары майлы дақылдар немесе техникалық және мал азығы дақылдарының алқабы көбейтілмек.
Осы қатарда суармалы жерлердің әр гектарының тиімді пайдалануын зерделеп, пайдаланудан шығып қалған егістік жерлерді қайта айналымға қосу үшін нақты шаралар айтылған картада қаралуы керек.
Егер ауыл шаруашылығы өндірісінде ғылыми негізде әрекеттер жасасақ, алқаптардың топырақ құнарлығы артады, ал жауапсыздықпен қарайтын болсақ, өнімділігі төмендейді немесе біржола айналымнан шығады. Сондықтан, жермен жұмыс істеу жүйесінде тың технологияларды қолдана алатын мамандар дайындау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Қазіргі кезде республикамыздың оңтүстік аймағында жерге орналастырушы мамандардың жетіспеушілігі айқындалды. Бүгінде бұл салаға мамандарды өңірдегі ұлттық статусы бар бірден-бір университет – Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті дайындайды.
Ұлттық университетте 6В07311-«Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті бағалау» және 6В07312-«Жерге орналастыру» білім беру бағдарламалары бойынша білім беріп, жер кадастры, жерге орналастыру, жерді пайдалану мониторингі және есепке алу және іздестіру жұмыстарының инженерлерін, сонымен қатар кадастр жүйесіндегі тіркеушілерді даярлайды.
1993 жылы сол кездегі Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтындағы «Гидромелиоративтік жұмыстарды ұйымдастыру және технологиясы» кафедрасының базасында ашылғаннан бері аталған мамандық бойынша 800-ге жуық білімгер және 37 магистр даярланды. Біздің түлектер республика көлемінде жерге орналастыру және кадастр салаларында өз қызметтерін атқарып жатыр. Білімді және тәжірибелі мамандарды дайындауға өз үлестерін қосуда.
Түлектеріміз – сенатор С.Арубаев, ҚР ӘМ «ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК Жамбыл облысы бойынша филиал директоры Н.Сарымбетов, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары А.Жабағы, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді дамыту департаментінің Мемлекеттік қызметтерді көрсетуді дамыту басқармасының басшысы Т.Айдарбеков, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті «Геодезия және картография» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Н.Тұрсынбаев, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университеті «Су ресурстары, жерді пайдалану және агротехника» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Қ.Абдешев және Астана қаласы ТОО «QS Lane» ЖШС-нің Батыс өңірі бойынша геодезиялық қызметтің жетекшісі Б.Үсен және өзгелер – біздің мақтанышымыз.
Қайтарылған жерлер мен олардың ұтымды бөлінуін бақылау еліміздің агроөнеркәсіптік әлеуетін дамытуға әсер етеді, жердің бүлінуі мен шөлге айналуына жол бермейді, жер ресурстары саласындағы мемлекеттік саясаттың ашықтығын қамтамасыз етеді. Ал мұндай жұмыстарды іске асыруға ең алдымен білімді де, білікті мамандар қажет.

Е.АХМЕТОВ,
Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті
6В07311-«Жер кадастры және
жылжымайтын мүлікті бағалау» және 6В07312-«Жерге орналастыру» білім беру бағдарламаларының жетекшісі, э.ғ.к., қауымдастырылған профессор

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.