Сыбайлас жемқорлықпен күресу және оны жою – бүгінгі күннің басты талабы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз осы әлеуметтік дертке бірге батыл қарсы тұруымыз қажет. Менің түбегейлі ұстанымым: мемлекет сыбайлас жемқорлықпен оны түп-тамырымен жойғанға дейін күресуі қажет», – деп атап өткен болатын. Сондықтан да қоғам дертіне айналған бұл індеттің алдын алу – ортақ міндет.
Бұл бағытта Тараз қаласында «ҚР-ның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, әкімдіктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша 2025 жылға арналған жұмыс жоспары шеңберінде 27 іс-шара бекітілген. Соған сәйкес ағымдағы жылдың І-тоқсанында комиссия отырысы өтіп, барлық мекеме басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоспарын белгілеу, профилактикалық жұмыстардың сапасын арттыру және ішкі бақылау жұмыстарын жүргізуді бақылауға алу бойынша тиісті тапсырмалар жүктелді.
Қазіргі таңда Тараз қаласы әкімдігінде 208 мемлекеттік қызметкер бар. Осы жылы 21 мемлекеттік қызметкер біліктілік талаптарын арттыру курсына қатысып, жемқорлыққа қарсы күрес бойынша білімдерін арттырды. Сонымен қатар биыл Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығы арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізу» тақырыбында конкурс ұйымдастырылып, жеңімпаз ретінде «Адал қоғам» қоғамдық бірлестігі танылды. Бүгінде іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған шараға қалалық бюджеттен 2,0 млн. теңге бөлініп отыр.
Сыбайлас қарсы қызметтің маңызды аспектілерінің бірі цифрландыру десе болады. Цифрлық платформалар арқылы мемлекеттік қызметтерді алудың жаңа мүмкіндіктері ашылуда. Осы орайда азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға ерекше назар аудару қажет. Мемлекеттік сервистерді цифрландыру өмір сүру сапасын жақсартудың және мемлекеттік процестердің ашықтығын арттырудың бір жолы екенін айта кеткен абзал.
Тұрғындардың уақытын үнемдеу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында 2019 жылдың шілде айында Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің ғимаратында «Сервистік әкімдік» ашылды. Кеңседе қала тұрғындарына жер қатынастары және сәулет мәселелеріне қатысты мемлекеттік қызметтің 14 түрі көрсетілуде. Сервистік әкімдіктің екінші офисі 2020 жылдың тамыз айында Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ғимаратында пайдалануға берілді. Кеңседе қала тұрғындарына ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және дене шынықтыру мәселелеріне қатысты мемлекеттік қызметтің 10 түрі көрсетілуде. Кеңселер «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді.
Сервистік әкімдік – кәсіби мамандармен қамтылған, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы, «Wi-Fi» желісі, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолайлы орындар және мемлекеттік қызмет алушыларға арнайы жабдықталған қызмет көрсету (Service zone) аймағымен қамтамасыз етілген. Осылайша, бөлім басшыларының ашықтығын қамтамасыз ету үшін, сервистік әкімдіктерде «Service Zone» бұрышы ашылды.
Сервистік әкімдіктердің міндеті бір алаңда халық арасында сұранысқа ие бірнеше мемлекеттік қызмет көрсетушілердің басын біріктіріп, қызмет алу кезінде азаматтарға қолайлы жағдай жасауға, әкімшілік кедергілерді жойып, ашықтық пен қолжетімділік қағидаттарын негізге ала отырып қызмет көрсету, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу болып отыр.
Қорыта айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршамызға ортақ іс. Әрбір мемлекеттік қызметші сыбайластық көріністерінің алдын алуды азаматтық ұстанымына айналдырған жағдайда ғана жемқорлыққа қарсы шаралар нәтижелі болары анық. Сол себепті, қоғамымыздың дамуына кері әсер ететін, әлеуметтік шиеленістер туындататын келеңсіз жағдайларды болдырмауға бағытталған жүйелі жұмыстар үздіксіз жалғасады.
Бақытжан Орынбеков,
Тараз қаласының әкімі