Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жедел жәрдем – жанға дәрмен

0 1  309

Адам баласының денсаулығы сыр беріп, өміріне алаңдаулы жағдайға түскен сәтте алғашқы болып қол ұшын беретін – әрине, ақ халатты абзал жандар. Әсіресе жанымыз қысылғанда қасымыздан табылатын жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегі ерен.

Медицина саласындағы ең негізгі әрі қажетті осы қызмет, аты айтып тұрғандай, жедел ғана емес, шұғыл, оперативті түрде науқасқа тез көмек бере алады. Жылдамдық пен шыдамдылықты, кәсіби біліктілікті қажет ететін медицинаның бұл саласында жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық.
Жалпы өңірде 1 161 883 халық болса, соған сай жедел медициналық көмектің қызмет көрсету радиусы 130 шақырымды құрайды. Аймақта 372 елді мекен барын ескерсек, сала мамандарының жауапкершілігі аса жоғары екендігі айтпаса да түсінікті. Тұрғындарға облыс аумағында 1 орталық станция, 3 қосалқы бекет және 11 аудандық жедел медициналық жәрдем бөлімшелері қызмет көрсетеді. Жалпы облыс бойынша тәулігіне 93 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Оның ішінде Тараз қаласында – 40, аудандарда 53 бригада тұрғындардың амандығы үшін тынымсыз еңбек етуде. Медициналық авиация қызметін акушерлік-гинекологиялық, неонатологиялық, нейрохирургиялық-травматологиялық 3 мобильді бригада орындайды.
Бүгінде мекемеде жалпы 1633 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде дәрігерлер – 36, орта медицина қызметкерлері – 995, жүргізушілер – 450, санитарлар – 125, әкімшілік қызметкерлер саны – 35 адам. Олар күн сайын сан түрлі науқаспен жүздесіп, дертіне дауа іздеген жандарға алғашқы көмек көрсетеді. Олардың жұмысы бүгінде екі есеге ауырлап кеткен. Қазіргі таңда шақыртулар саны тәулігіне 1500-1600-ді құрайды. Олардың басым көпшілігі дене қызуы, қан қысымының көтеріліп, жүрек аурулары және өзге де себептермен жедел жәрдемге жүгінеді.
Халықтың саулығы үшін жедел жәрдем қызметі таңғы 8.00-де ауысым жұмысын бастап, ертесі күні дәл сол уақытта аяқтайды. Материалдық-техникалық базасы да сақадай сай. 132 автокөлік діттеген жерге бірден аттанады. Бір ауысымда 20 диспетчер жұмыс істесе, оның 12-сі шақыртуды қабылдайды, 4-і бригадаларға бағыттайды. 1-і 4-інші жеделділік санаттағы шақыртуларды бағыттау диспетчері, 1-уі Сall-орталығының маманы. Түскен шақыртуларды «КӨМЕК» автоматтандырылған басқару жүйесі өңдейді. Әр желілік жұмыс тобында тікелей Call-орталықтан шақыртуды қабылдау планшеттері бар. Барлық автокөліктер GPS-навигаторларымен қамтылған. Бұл өз кезегінде әр бригаданың қай жерде екенін онлайн режимде, 24 сағат бойы бақылауға мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар Call-орталықта 2 дәрігер тәулік бойы науқастарға және желілік бригадаларға медициналық кеңес береді.
Жедел медициналық жәрдем станциясы шақыртулары жеделділік санатына қарай 4-ке бөлінеді. Олардың біріншісі – жеделділік санатындағы шақырту, яғни өміріне тікелей қауіп төндіретін, шұғыл көмек көрсетуді қажет ететін пациенттің жай-күйі. Мұндай жағдайда фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадалардың ЖМЖС диспетчерінен шақыртуды қабылдаған сәттен бастап, пациенттің тұрған жеріне дейін жету уақыты, анығырақ айтқанда, он минутқа дейінгі аралықта бару – басты мақсат. Ал екінші санаттағы шақырту – өміріне медициналық көмек көрсетусіз әлеуетті қауіп төндіретін пациенттің жағдайы. Мұндай жағдайда он бес минутқа дейінгі аралықта жету көзделеді. Сонымен қатар үшінші санатта – адамның денсаулығына медициналық көмек көрсетусіз әлеуетті қауіп төндіретін пациенттің ахуалы. Бұл сағатта 30 минутта жету қажет. Ең соңғы төртінші санаттағы шақырту – жіті немесе созылмалы ауруының асқынуынан туындаған, ағзалар мен жүйелердің кенеттен болған және айқын көрінетін бұзылуларынсыз пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуетті қауіп төндірмейтін пациенттің жай-күйі. Бұл бір сағатта жетуді қажет етеді.
Жалпы 1, 2, 3-жеделділік санаттарының шақыртулары келіп түскен кезде диспетчер автоматты басқару жүйесі арқылы шақыртуларды фельдшерлік және мамандандырылған бригадаларға жолдайды. Ал 4-ші жеделділік санатының шақыртулары келіп түскен кезде диспетчер автоматты басқару жүйесі арқылы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымы жанындағы жедел медициналық көмек бөлімшесінің фельдшерлік бригадаларына хабарлайды.

Шалғай елді мекендер де ескерусіз қалмайды

Жедел медициналық жәрдем – өмірге қатер төндіретін жіті аурулар мен жай-күйлер кезінде, сондай-ақ оқиға орнында және медициналық ұйымға бару жолында денсаулыққа елеулі зиянды болғызбау үшін шұғыл және кезек күттірмейтін нысандағы медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесі. Аталған қызмет Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» № 360-VI ҚРЗ Кодексі, және Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-225/2020 «Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы, сонымен қатар ҚР ДСМ 03.11.2017 жылғы «Қазақстан Республикасында медициналық жедел жәрдем автокөліктеріне жазулар мен қосымша белгілерді анықтау номенклатурасы туралы» №811 бұйрығы сынды нормативтік-құқықтық актілерді басшылыққа алады.
Облыс бойынша жедел жәрдем шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетеді. Жедел жәрдем станциясының құрамында бір орталық, 3 қалалық қосалқы станциялар, 11 аудандық жедел жәрдем бригадасының бөлімшелері және телемедицина қызметі мен медициналық авиация бөлімі кіреді.
Медициналық жедел жәрдем қызметі орналасқан ғимарат 1977 жылы салынған. Ол жедел жәрдем көрсету стандарттарына сәйкес болмағандықтан, 2021 жылы қала әкімінің қаулысымен Тараз қаласындағы Сүлейменов көшесінің аяғынан 1,1854 гектар жер бөлінді. Бүгінде қалалық және аудандық жедел медициналық жәрдем бригадалары облыс емханаларының қасынан бейімделген ғимараттарға орналасқан. Жалпы өңір бойынша 369 ауыл болса, оның 278-і ауыл жедел медициналық жәрдем бригадасымен қамтамасыз етілген. Өкінішке орай, 91 елді мекендерде мұндай мүмкіндік болмай тұр. Сол себепті біз шалғай елді мекендерді шұғыл қамтамасыз етуге барынша тырысудамыз.

Call-орталығының қызметі қызу

Облысымыз бойынша барлық шақыртулар 103 Call-орталығына келіп түседі және сол жерде жедел медициналық жәрдем бригадаларына автоматты түрде компьютер арқылы жолданады. 103 Call-орталығы облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы орталық базасының бірінші қабатында орналасқан және «Көмек» автоматты басқару жүйесі бағдарламасымен жабдықталған. Аталған бағдарламада санитарлық автокөліктерді GPS-навигация жүйесі арқылы спутниктік мониторинг жасау жүйесімен біріктірілген. Яғни шақыртулар кезінде автоматты түрде санитарлық автокөліктің жүру бағытын таңдайды. Сонымен қатар шақыртулар бойынша ақпаратты сақтайды. Бұған қоса «Көмек» АБЖ ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен, облыстың көпбейінді стационарлары емханаларымен интеграцияланған.
«COVID-19» пандемиясы кезінде 103 Call-орталығы қосымша екі дәрігермен және телефон желілерімен толықтырылды. «COVID-19» пандемиясы бойынша ситуациялық орталық – 43-76-78, кеңес беру – 54-99-56, аға дәрігер 34-84-36 телефондары арқылы халыққа коронавирустық инфекция бойынша кеңестер мен ақпараттар берілді. Келіп түскен шақыртуларды тәулігіне 12 диспетчер қабылдайды. Олар ұлттық шұғыл медицинаны ұйымдастыру орталығында оқытудан өткен. Оның ішінде 2-і Астана қаласында трейнер диспетчер бойынша біліктілігін жетілдірген және каскадты әдіспен өзге де мамандарды оқытуда.
Жедел жәрдем бригадаларының 40-ы Тараз қаласында, ал 53-і аудандарда қызмет көрсетуде. Есепті мерзімде БМСК жанындағы ЖМК шығу бригадаларының орташа тәуліктік саны 30-ды құрады. Олардың барлығы – фельдшерлік бригадалар. Қазіргі таңда 15-і Тараз қаласында,15-і аудандарда жұмыс істеуде.
2021 жылы жедел жәрдем станциясына түскен шақыртулар саны – 211 877, ал ағымдағы жылы 217 638-ді құрады. Өткен жылы өткізілген консультациялардың жалпы саны 3 452-ге жетті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, биыл аудандарға түскен шақыртулар саны көбейген. Атап айтсақ, ағымдағы жылы 3-ші шұғылдық санатты шақыртулар 5 831-ге, БМСК ұйымы ЖМК бригадаларымен орындалған 4-ші санаттағы шақыртулар 9 593-ке өскен. Жалпы Жамбыл, Қордай, Меркі аудандарында шақыртулар саны артқан. Сондай-ақ Мойынқұм ауданы, Шу орталық аудандық ауруханасы және Шу қаласын қоспағанда, барлық алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелерінде шақырулардың өскені байқалады. Аудандық БМСК ұйымдары бойынша Жамбыл, Жуалы, Сарысу және Талас аудандарында көрсеткіш облыстық деңгейден жоғары. Бұл аймақтардағы шақырулардың көбеюі амбулаторлық-емханалық қызметтің жеткіліксіз жұмысын көрсетеді. Өйткені 3 және 4-інші санатты шақыртулар негізінен созылмалы аурулары бар, жедел суық тиюмен ауыратын науқастар болып табылады, олар БМСК ұйымында бақылауда болып, ем алуы тиіс.
Нозология аясында Тараз қаласында да тыныс алу жүйесі ауруларының үлесі жоғары – 17 582, жүрек-қан тамырлары ауруларының үлесі 14,2 пайызды құрап отыр. ЖОМЖЖС бригадаларының шақыруға келу уақыты 2021 жылы 11,1 минут, 2022 жылы 9,7 минутты құрап, 1,4 минутқа қысқарды. 2021 жылмен салыстырғанда, ауылда жол жүру уақыты 13,7 минуттан 10,9 минутқа азайды. Бригадалардың шақыруға кететін уақыт қысқарып, бұл жедел медициналық көмекті алгоритмдер және клиникалық хаттамалар бойынша орындайтындығын және білімінің жақсарғандығын көрсетеді.
ЖОМЖЖС бригадаларының және БМСК бригадаларының санының жеткіліксіздігі. БМСК ұйымы жедел жәрдем бригадалары санының аздығына байланысты жыл сайын 4-інші санат бойынша шақыртуларға кешігу артуда. Аталған санаттағы шақыртуларға кешігіп бару науқастың жағдайының нашарлауына әкеп соқтырады. Яғни бұл 4-інші санатты жеделдіктің 3-іншіге ауысуына әкеледі. Бұл 3-інші санатты шақыртулардың көбеюіне және 3-інші санатты шақыртулардың кешігіп орындалуына әкеп соқтырады. Бригаданың қатысуымен болған өлім жағдайларының арасында миокард инфарктісінің көрсеткіші жоғары. Өлімнің ықтимал себептері халықтың дерттің алғашқы белгілерінен хабардар болмауы, азаматтардың жедел медициналық көмекке кеш жүгінуі және аурудың асқынған жағдайлары болып табылады. Барлық өлім жағдайлары ішкі аудит қызметімен қарастырылады. Анықталған кемшіліктерді жою мақсатында қызметкерлер білім деңгейін арттыру үшін медициналық колледжге, ЖОО-на және симуляциялық орталыққа оқуға жолданады.

Жарқын жетістіктеріміз жетерлік

Орталық білікті дәрігерлермен толығымен жасақталған. Былтыр орта медицина қызметкерлері 922-ні құраса, ал ағымдағы жылы 997 болып, 75-ке көбейген. Осы жылға арналған біліктілікті арттыру жоспары бойынша 100 фельдшер оқытылуы тиіс болған. Бірақ қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты бұл жұмыс әлі басталған жоқ. Бірақ ҚР ДСМ вице-министрінің 25.02.2021 ж. №105 «Халықаралық стандарттарға сәйкес жедел медициналық көмек көрсету дағдыларына оқыту қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, 2021 жылы жедел медициналық көмек көрсетудің жаңа халықаралық стандарты – NRP енгізілді. 2021 жылы NRP жаңа стандарты бойынша 476 адам оқытылды. Жоспар бойынша медициналық көмек көрсету сапасын арттыру үшін стационар, ЖОО мамандарының қатысуымен семинарлар, кейіннен аттестациялау сабақтары өткізіледі.
Жедел медициналық жәрдем станциясының базасында көмек көрсету бойынша қызметкерлерді үздіксіз оқыту үшін симуляциялық кабинет те ұйымдастырылған. Аталған кабинет медицина қызметкерлері мен жедел медициналық жәрдем жүргізушілерінің шұғыл медициналық көмек көрсетуі бойынша практикалық дағдыларды пысықтау үшін құрылған. Ол үшін екі дәрігер ҰШМҮО базасында халықаралық стандарттар BLS, AСLS, PHTLS, PALS, NRP бойынша жаттықтырушыларға оқытылды. Оқу орталығы жұмысының тиімділігі – тасымалдау кезеңінде өлім жағдайларын төмендету және ауруханаға дейінгі кезеңде сәтті реанимация пайызын арттыруда жатыр. Жедел медициналық көмек қызметкерлерін шұғыл медициналық көмек көрсетудің халықаралық стандарттары бойынша белсенді оқытумен жедел медициналық көмек көр-сетудің де сапасы артты. Біздің бригадалар жедел жәрдем көрсету бойынша республикалық жарыстарда бірнеше рет жүлдегер атанды. Мәселен, өткен жылы жедел жәрдем дәрігері А.Мирсеитов республикалық байқауда «Үздік шұғыл медициналық көмек дәрігері» номинациясы бойынша бірінші орынға ие болып, «Алтын шипагер» сертификатымен марапатталды. Сондай-ақ жедел жәрдем бригадалары Байзақ ауданындағы төтенше жағдай кезінде өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетіп арнайы грамоталарға ие болды.
Әрине, сапалы қызмет көрсету үшін соған сай көлік керек. Осы жылы санитарлық автокөліктердің саны – 132-ні, жабдықталуы 100 пайызды құрады. Көліктердің 22,7 пайызы тозса, 30-ы есептен шығаруға жатады. Жедел медициналық жәрдем станциясының санитарлық автокөліктері GPS-навигациямен 100 пайыз жабдықталған. Жедел жәрдем қызметін өткен жылы 3 062 954 107,82 теңгемен қаржыландырса, биыл 3 123 512 497,24 теңге қаржы бөлінді. Тиісінше өткен жылдан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы өсті. Оның ішінде фельдшерлердің еңбекақысы 20 пайызға көтерілді.

Авиацияның жұмысы ауқымды

Медициналық авиация бөлімшесі еліміз бойынша қалааралық және мобильді байланыспен 100 пайыз қамтылған. Облысқа қарасты 10 аудан, 3 қала және Астана, Алматы қалаларымен телефон байланысы бар. Телемедицина орталығы облыстың барлық ЕАҰ мен, ҒЗИ-мен Нұрсұлтан және Алматы медицина орталықтарымен тәулік бойы байланыста және телесеанстар өткізуді қамтамасыз етеді. Медициналық авиация және телемедицина бөлімшесі ЖМК станциясында орналасқан. Барлық ғылыми-зерттеу орталықтарымен, ҰШМҮО мен және республикалық деңгейдегі стационарлармен де ұдайы байланыста. Медициналық авиацияның жабдықталуына келсек, мұнда 2 әуе санитарлық авиакөлігі, 1 «АН-2» ұшағы, 1 «Тараз жаңа Әлем» әуе компаниясы «Тікұшақ – «Қазавиаспас» – ЕС-145, 4 санитарлық автокөлік, «JAC SUNRAY-транспортер» реанимобильдері бар Санитариялық авиация қызметін 3 мобильді бригада орындайды. Олар акушерлік-гинекологиялық, неонатологиялық, нейрохирургиялық-травматологиялық болып бөлінеді. Бүгінде 5 жасқа дейінгі балаларға түскен шақыртулар көбейген. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасынан кейін жүргізілген операциялардың да саны артқан.
Ағымдағы жылдың есепті кезеңінде өткен жылмен салыстырғанда ұшулардың 31 жағдайға азаюы байқалды. Бірақ Мойынқұм ауданына қатысты бұл көрсеткіш жоғары. Өйткені бұл аудан облыс орталығынан ең шалғай орналасқан. Ұшулар негізінен облысымыздың осы Мойынқұм, Шу секілді шалғай аудандарына жасалады.
Облысымыздың аудандары бөлінісінде 1000 тұрғынға шаққанда Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Жуалы, Сарысу және Таласта көрсеткіш облыстық деңгейден жоғары. Медициналық авиацияда шақыртулардың көбеюі ЖКО бойынша шақырулардың көбеюімен, аудандардың алыс орналасуымен және қысқа профильді маман дәрігерлерінің тапшылығымен байланысты. Шақырулардың жалпы санының ең көпшілігін анестезиолог, реаниматологтар шақыртулары құрайды. Сондай-ақ травматолог, хирург, с/хирург және комбустиолог шақырулары да ұлғайған. Ал қалған мамандар бойынша шақырулардың азаюы байқалады. Жалпы анестезиолог, реаниматолог, неонатолог, инфекционист, нейрохирург, акушер-гинеколог сынды мамандардың тапшылығы сезілуде.
Әр секунд, минутты санап, жедел жәрдемді күтумен тағаты таусылмаған адам кемде-кем шығар. Сондайда жанымызды шүберекке түйіп, амандығымызды ақхалаттыларға аманаттаймыз. Сондықтан да бұл сала иелеріне жүктелер жауапкершілік жоғары. Олар да бұл сенімнің үдесінен толығымен шектеледі. Ел басынан алмағайып кезеңді өткеріп жатқан шақта да қиындықтан қашпай, жәрдемші болған жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегі қоғамда өлшеусіз. Оларға қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді.

Бекзат Абитаев,
облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы оперативтік бөлімінің меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.