Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жеңіске тарту

0 268

Ұлы Отан соғысының жеңісіне 74 жыл толу мерекесіне орай соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету акциясы аясында ҚАЖ департаментінің түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің қолынан шыққан бұйымдардың көрмесі өтті.

Құралай Сейсенбекқызы

Көрмені облыс бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Бағлан Жапашева ашты. Ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген жазасын өтеушілердің қолымен жасалған қолөнер бұйымдары сан алуан. Қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген ағаш астау, көмейінен күй төгілген домбыра, сырлы қобдишалар мен желкенді кемелерден бастап, қару-жарақтың көптеген түрлері де көрме төрінен табылды. Жүйткіген жүйрік жылқылар мен табиғат мезгілдерінен сыр шерткен қылқалам туындылары да көрмеге өзгеше өң беріп тұрды. Әсіресе, мешіт бейнесінде жасалған қабырға сағаты уақыттың уысында жазасын өтеп жатқандардың тағдырын таразыға салған тұсты аңғартатындай. Сағат тілінің түбіне жазылған «Асыр» сүресі алтын уақыттың қайтып келмес қағидасын ұқтырып, имандылыққа шақырып тұр.

– Бүгінгі таңда Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен облыс әкімдігінің арасында жыл сайын меморандумға қол қойылады. Сол меморандум аясында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, сотталғандарды жұмысқа тартып, әлеуметтік өмірге бейімдеу мақсатында бағыт-бағдар береміз. Бүгінгі көрмедегі қолөнер бұйымдары – осында еңбек еткендердің жемісінің бір айғағы, – деді облыс әкімі аппаратының қаржы-экономикалық бөлімінің инспекторы Анар Сағындықова.

Ағымдағы жылдың І тоқсанында Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің түзеу мекемелерінде орта есеппен еңбекке жарамды сотталғандар саны 1158 адамды құрап, ақылы жұмысқа орта есеппен 884 адам тартылған. Соның ішінде бүгінгі таңда мекемеде 5 ЖШС, 27 ЖК, 2 шаруа қожалықта 543 адам жұмыспен қамтылыпты.

– Қолөнер көрмесіне қатысып жатырмыз. Әрдайым тапсырыспен жұмыс жасаймыз. Сотталғандардың арасында жұмысқа сұраныс өте көп. Қазіргі кезде 11 адамды еңбекпен қамтыдық. Біз ағаш өнімдерін жасаумен айналысамыз, – деді «Ахмади» ЖШС-нің төрағасы Жәнібек Дауылбаев.
Көрме барысында Ауған және Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне түзеу мекемесінде жазасын өтеушілердің қолынан шыққан бұйымдар сыйға тартылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.