Қазіргі өркениетке ұмтылған қоғам талабына сай білім беру әрі зерделі, ұлтымыздың болашағы үшін өз бетімен іс-әрекет ете алатын шәкірттерді дайындау – басты мақсат. Осыған орай біз сабағымызда халқымыздың сәндік-қолданбалы өнерлерін басты назарға ала отырып, жас ұрпақты келешекте кеңінен тараған кәсіптерді меңгеруіне бағыт-бағдар беріп келеміз.
Қазіргі кезде мектепте көркем еңбек пәні бойынша ұлдар ұсталық, ағаш өнерімен мектеп қабырғасында танысса, қыз балалар тоқыма, кесте тігу, тамақ пісіру, киім тігу сияқты жұмыстарды үйрене отырып, олардың тарихымен танысады. Оған қоса өңдеу, жасалу технологиясын оқып-біліп, әр түрлі бұйымдарды жасауды, түрлі ас даярлауды үйреніп, жұмыс түрін дер кезінде аяқтауды толық меңгереді. Тігін өнерімен қатар бисер тоқу, су моншақпен, қағазбен жұмыс істеу, жіппен өрнектеу, мата қалдықтарымен ойыншық жасау, өмірге қажетті бұйымдар тігу, табиғи заттармен, жүнмен жұмыс істеу оқушылар қиялын кеңейтіп, қабілеттерін арттырады.
Бұл бағыттағы ізденістері өз нәтижесін беріп отырғанын да айта кеткен жөн. Мәселен, оқушыларымыз биылғы Ұлы Жеңістің 80 жылдың мерейтойына өз үлестерін қосу мақсатымен өз қолдарымен жасаған бұйымдарынан көрме жасап, көрермендер назарына ұсынды. Көрмеге кестелеу өнері, жүнмен жұмыс, жіппен өрнектеу, фетр матасынан жасалған паннолар, халқымыздың ою-өрнектер үйлесімі бойынша және өзге де бағыттарда оқушылардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары қойылды. Сонымен қатар «Ұрпаққа ұран болған – Ұлы Жеңіс» тақырыбында сурет көрмесі ұйымдастырылды.
Құрманай БЕСБАЕВА,
№56 орта мектебі көркем
еңбек пәнінің мұғалімі.
Тараз қаласы