Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастық шағым – «Жас ұланда»

0 14

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Жамбыл дарыны» орталығында «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының 10 жылдығы қарсаңында «Жалынды «Жас ұлан», жарқыра!» атты мерекелік жиын өтті.

Динара ОРЫНТАЙ

Аталмыш ұйым 2011 жылы 6 шілдеде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен балалар және жасөспірімдер ұйымы болып құрылған. Ол – еліміздің барлық оқушыларын біріктіріп, қазіргі уақытта қызмет көрсетіп отырған республикалық ұйымның бір бөлігі. Мұнда жас ерекшеліктеріне қарай «Жас Қыранға» 4-сыныпқа дейінгі 6-10 жас аралығындағы бүлдіршіндер кірсе, «Жас Ұлан» қатарына 5-10 сыныптардың оқушылары, яғни 11-16 жас аралығындағы жасөспірімдер кіреді. Ал ұйымның қатарына қосылу балалардың өз еркімен, оқушылар мен олардың ата-аналарының қалауы бойынша жүргізіледі. Ұйымның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, сонымен қатар білімге жəне өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлығын оятып, өз ісіне ұқыптылық көзқарасын, ел тарихымен сусындап, тəуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген жауапкершілікті қалыптастыру. Ұйымға қабылдау жыл сайын айтулы мереке күндеріне сай 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде және 6 шілде – «Жас ұлан» ұйымының құрылған күнінде, сондай-ақ 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнінде жүргізіледі.

Осыған орай мерекелік жиынның ашылу салтанаты «Жамбыл дарыны» орталығының алаңында белсенді жасұландықтардың көңілді флешмобымен басталып, ұранды сөздер айтылды. «Балалар бірлестігінің 10 жылдық көрінісі» атты көрмеден кейін мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Ұйым қатарына салтанатты түрде №30 мектеп-гимназиясы және №12 мектеп-гимназиясының оқушылары қабылданып, ұйым белгісі болған галстукты балалардың мойнына облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа өз қолымен тағып берді. №38 орта мектебінің белсенді жасұландықтары үндеу оқып, жаңа мүшелері ант берді.

– Елбасының салиқалы саясатының арқасында құрылған жастардың болашағына бағдар көрсететін осы бір кішкентай ғана ұйым бүгінде республикамызға танымал мекеменің біріне айналды. Бұл сіздердің бала кездеріңізден өздеріңізді тәрбиелеуге, білімдеріңізді шыңдауға оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Алда сапарларыңыз сәтті, қатарларыңыз көп болып, ұйымдарыңыз алға баса берсін, – деді Серікбол Қайратұлы.

Бүгінгі таңда облыс бойынша әр ауданда ұйым мүшелері бар. «Жас ұлан» ұйымының мүшесі, Байзақ ауданынан келген Әсем Жұмахан: «Ұйымда Байзақ ауданынан 15 мыңдай мүше бар. Қазіргі таңда Байзақ ауданы бойынша 39 тәлімгер жұмыс жасауда. Бұл ұйым біздің бүгініміз бен ертеңімізді тұтастырып тұрған көпір сынды», – деп өз көңіл-күйімен бөлісті.

Сонымен қатар мерекелік жиында мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық «Жамбыл дарыны» орталығының

«Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблі, Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының өнерпаздары мен К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері өнер көрсетті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.