Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастардың таңдауы – кітап

0 23

23 сәуір – Дүниежүзілік кітап пен авторлық құқық күніне орай М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Жастардың таңдауы – кітап» атты мерекелік шара өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Жастардың еркін ойлап, ой-өрісін дамытуға көркем әдебиеттің ықпалы зор. Осы орайда «Менің сүйікті кітабым» атты әдеби дилижанс байқауы ұйымдастырылған болатын.

– Кітап – өмірдің кілті. Жастардың кітап оқуға, әдебиетке жақындығы – болашағымыздың айқын болатындығының кепілі. Кітапхана жастар үшін ең құтты орын болып саналады. Себебі мұнда кітап оқып, ой түйіп, ақыл мен сананы дамытуға үлкен мүмкіндік жасалған. Бағыт-бағдарың айқын, жолың тура, ой-пікірің анық болсын деген адам ілімді кітаптан іздейді. Кітап берген ақыл сатылмайды, сатып та ала алмайсың, – деді жиын барысында сөз алған ТарМУ-дың бірінші проректоры Асқар Абдуалы.

Сондай-ақ жиында «Менің сүйікті кітабым» атты әдеби дилижанс байқауының жеңімпаздары анықталып, сый-сияпат көрсетілді. Сайыста бас жүлдені 3-курс студенті Дариға Қоңырова ұтып алса, 1-орын Жазира Жакенова мен Индира Дүйсенбаеваға, 2-орын Айдана Төрткүлбаева мен Аружан Бейбітоваға бұйырса, 3-орынды Диана Қанай мен Назерке Исраилова бөлісті.

– Байқау барысында оқуға тиіс кітаптарымның 80 пайызын бала күнімде оқып қойғанмын. Бірақ кішкентай кезімде кітаптағы бас кейіпкерлердің мінезін түсінбейтінмін. Кейбір қылықтарын ұқпай, кереғар пікір қалыптасып, балаң оймен түсінбей қалатын сәттерім көп кездескен. Енді осы жарысқа қатысу барысында сол бала күнімде оқыған кітаптарымды қайта оқып отырып, ақылға салып, ересек адам ретінде кітаптағы бас кейіпкерлерімді терең түсіндім. Кітап оқыған сайын ой жетіліп, санамыздың толыса түсетінін түсіндім. Осы орайда «Менің сүйікті кітабым» атты әдеби дилижансты ұйымдастырған университетке үлкен алғысымды білдіремін. Барлық жастарды кітап оқуға шақырамын, – деді бас жүлде иегері Дариға Қоңырова.

Университеттің технологиялық кешеніндегі кітапхананың ақпараттық орталығында буккросинг халықаралық қозғалысына студент жастар тіркелді. Оқу залында «Coworking zone» еркін ой алаңы ашылды. Жастар сүйіп оқитын әлемдік және қазақ классиктерінің шығармаларынан топтастырылған, әрбір жас оқуға міндетті «Ең үздік 100 кітап» бойынша жинақталған мобильді кітапханамен ТарМУ кітапханалық-ақпараттық орталықтың директоры Гүлжан Иржанова таныстырды. Ал біліктілігі жоғары деңгейлі кітапханашылар Назира Құлыншақова мен Динара Нұртаева «Ең қымбат сыйлық – кітап» атты библиолотерея ұтыс ойынын ұйымдастырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.