Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар жылы: сенім мен серпін

0 251

Мемлекет басшысының ұсынысымен биылғы жыл «Жастар жылы» деп жарияланды.


Толғанай АТАБАЙ

Ал үстіміздегі жылы жастар мәселесі толығымен шешіліп кетердей қуанып жүргендер де, атаулы жыл атына заты сай деңгейде өтпей қала ма деп алаңдаушылар да баршылық. Яғни осы жылда жастар мәселесін шешіп беруі үшін қандай қарекет керек? Бұл жылды қоғамға қажетсіз форум, флешмобтармен көмкермей, қандай тірлікпен өткерген жөн? Осы орайда біз жастарды әңгімеге тартып, айтулы жыл аясында атқарылатын жұмыстарға қатысты ұсыныс-тілегін білген едік.

Дәулет Төленді, облыстық «ARAI» жастар газетінің директор-бас редакторы:


– Жастар жылында мемлекет жастар мүддесін көздейтін арнаулы бағдарлама жасаса деймін. Әлбетте, ол бағдарламаға міндетті түрде мемлекет тарапынан қолдау керек. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы көптеген жас жұмысқа орналасуға мүмкіндік алып, баспаналы болса, бірі көтерме жәрдемақымен қамтылды. Міне, осы секілді жастарға бағытталған бағдарламаны қолға алған жөн. Қазақстан – жас мемлекет. Статистикаға сүйенсек, елімізде 14 пен 29 жас аралығындағы жастар – халықтың 27 пайызын құрайды, оның саны – 4,5 миллион адам. Алайда жастар жасын 29-бен шектеп қоюға болмайды, қайта 35 жасқа дейін созып, мәртебесін көтерген жөн. Себебі қазір 29 жастан асқан азаматтар мемлекеттік бағдарламаның игілігін көре алмайды. Егер жас ұлғайса көп жастар бағдарлама шеңберінде баспанаға қол жеткізер еді. Мәселен, кәсіпкерлікпен айналысатын жастардың жасын 29-ға дейін деп шектеу қоюға болмайды ғой. Өйткені жеке бизнес ашу оңай емес. Бұл кәсіп бұғанасы әлі қатпаған жасқа тән емес. Ол үшін адам алдымен қандай кәсіпке бейім екендігін саралайды, ізденеді. Бір кәсіптің тұтқасын ұстағаннан кейін оны әрі қарай өркендетуге тырысады. Бұған біршама уақыт қажет. Кәсіпкерлердің көпшілігі оқу орындарын бітіргеннен кейін кәсібін қолға алады деп есептесек, 35 жас – кәсіпкерлердің нағыз толысқан шағы. Осы жасқа дейін олар аяғынан тұрып, ісін дөңгелетіп кететініні анық. Сол секілді дамудың даңғыл жолында түскен жастар үшін жан-жақты салада кедергі болмауы керек.


Сонымен қатар, жастарды қолдайтын жылда бір реттік іс-шаралардың барлығын тоқтату керек секілді. Өйткені бұл шараларға қаржы бөлініп, саны бар сапасы жоқтың керін кигізеді. Мұндайларды келешек буынға рух, мотивация беретін шаралармен алмастырса. «Туған жерге туыңды тік» деп Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылғандай, үлкен кәсіпкерлермен және елге танымал азаматтардың қатысуымен мазмұнды шаралар легін қолға алу керек секілді. Сол кезде ғана жастар жылында бірқатар мәселенің түйінін тарқатар едік. Сондай-ақ жастарды аудиторияға жинап алып, маңызы жоқ форумдар өткізудің керегі жоқ.

Уәлихан Болатбек,
облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы:


– Жастар жылы деп жариялау – жастар мәселесі шешіліп, бәрі түзеліп кетеді деген сөз емес. Барлық жұмыс өз ретін табады. Жастарға бағытталған жобалардың бастауы болар жыл деп қараған дұрыс секілді. Жалпы жастар жылын атап өту 11 бағыт бойынша белгіленді. Посткеңестік мемлекеттерде бұл жыл қалай атап өтілгенін қарап шықтым. Байқағаным, бұрынғы одақтас елдердің бәрінде бір деңгейде, бір сипаттағы шаралар қолға алынған. Ал атаулы жылда біздің облыс неге баса көңіл бөлгені жөн? Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы тарапынан жол картасы әзірленді. Оның ішінде барлық жастарға бағытталған жобалар бар. Біз ерекше мән беретін мәселе – білім беру процестерінің жүзеге асырылуын қадағалау. Екіншіден, аймақта жастар ұйымдарының жұмысын жүйелендіру. Бұл тұрғыда атқарылар жұмыстар көп. Әр ұйымның өзіне міндеттелген жүгі бар. Қоғамдағы түрлі санаттағы жастар өзінің құқығын қорғау немесе қай ұйымның немен айналысатынын біліп жұмыс істеу керек. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар жетерлік. Бірақ олардың нәтижесін неге ауыз толтырып айта алмаймыз. Мәселен, «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы жас мамандар тек белгіленген уақыт аралығында ауылда еңбегін өтеп кетеді, олар үшін жоба осымен тәмам. Сол үшін мемлекеттік бағдарламаларды басынан бастап қайта қарау қажет. Үшіншіден, мектепте 11 жыл оқыған бала бітірген соң қандай маман иесі болатынын және бойында қандай мықты қасиеттері барын білмейді. Яғни 11 жыл бойы босқа білім алып шығады. Қай саланы меңгеру керек, қай сала оның жүрегіне жақын деген секілді функцияларды мектеп қабырғасында жүріп-ақ үйрету керек. Студенттермен тілдескен кезде де бітіруші талапкерлер қайда және қандай жұмысқа орналасу қажеттігінен бейхабар. Осындай мәселелерді шешу жолына арналған бағыттар бар. Сондай-ақ ауыл жастарына жағдай жасау – ең өзекті мәселенің бірі. Ауылда әр түрлі санаттағы жастар тұрады. Қалаға кетейін десе ата-анасынан алыстай алмайтын жастар қаншама. Міне, осындай жастарды қол қусырып қарап отырғызбайтын бағдарлама тетіктері қарастырылса игі. Қазақи құндылықтарымызды, яғни ата тарихты білмейтін, өзінің дінін түсінбейтін жастар жоқ емес. Білектілеріміз бен бұрымдыларымыздың түзу жолдан адасуы да біздің көкейкесті мәселеміз емес пе?! Осыған байланысты облыстық «Жас Отан» Жастар қанаты наурыз-мамыр айы аралығында «Бренд.кз» деп аталатын үлкен жобаны қолға алмақ. Мұнда жастарға ұсынылатын киім үлгілерінің таныстырылымы өткізіледі.

Әлібек Мұратбаев,
Қазақстан Студенттері Альянсының Жамбыл облысы бойынша көшбасшысы:


– Елбасы биылғы жыл – «Жастар жылы» деп жариялаған кезде біз, әрине қуандық. Себебі, ел болашағы жастар қолында деп құр ауыз сөзбен тоқтап қалмай, оны іс жүзінде көрсететін кез келді. Қазіргі таңда жастар жылына орай өңірлеріміздегі жастар саясаты мәселелері басқармасы жастар картасын жүзеге асыруда, әрине үкіметтік емес ұйым өкілдері мен жастар ұйымдары да тыс қалмайды. Атаулы жылдағы жамбылдық жастардың бірінші күтері – өңіріміздегі жастар басын жиятын «Жастар сарайы» салынса. Одан кейін, қазір оқу бітірген жас мамандар үшін жұмысқа орналасу да негізгі мәселенің бірі. Бірақ жұмыс іздегенде олардан еңбек өтілін сұрайды. Бұл мәселені ұжымда немесе оқу ордасында тәлімгерлік мектеп қалыптастыру арқылы шешуге болады деп ойлаймын. Жас мамандармен қатар, жасыратыны жоқ бүгінде 35 жасқа дейінгі жастардың көбінің басында не баспанасы, не тұрақты жұмысы жоқ. Ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген кейбір жастардың тауы шағылып, түрлі қылмыстық әрекеттерге бой алдырып жататыны бар. Көшедегі ұрлық-қарлық, кісі тонау оқиғалары да ара-тұра жұмыссыз жастардың қолымен жасалуда. Олардың бос сенделіп жүрмеуі үшін мемлекет тиімді бағдарлама қабылдап, соның аясында жұмыс істеген абзал. Мәселен жас мамандардың, жас отбасылардың баспаналы болуын тездететін тетіктерді қайта қарап, жеңілдік қарастырылса артық етпейді. Себебі демографиялық ахуалға серпін беретін де – жастар. Жас отбасылар өз баспанасына ие болмайынша бала туу санын тежей беретіні айтпаса да түсінікті. Әрине, жастарды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бағдарламалар жетерлік. Алайда ол бағдарламалардан жастардың көбі бейхабар. Сондай-ақ, тағы бір назарда ұстайтын мәселе – ақпараттық қауіпсіздік мәселесі. Қазіргі күні ақпаратты жедел жеткізетін екі құралдың бірі – WhatSapp желісі, екіншісі Youtube арнасы. Youtube арнасынан Қазақстанда көретін материалдардың 80-85 пайызы басқа тілде. Сол басқа тілдегі контенттің 70-80 пайызы көршілерден ашық түрде келіп жатыр. Қазақ тіліндегі контент бәсекеге қабілетті болмай отыр. Сондықтан осы мәселеге де баса назар аударуымыз керек.

Назгүл Абитаева,
ТИГУ-дің Жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы:


– Әр қоғамның көрсеткіші, индикаторы жастар дейтін болсақ, сол жастардың дұрыс бағыт алып қалыптасуы үшін әрбір жастар тәрбиесімен айналысатын тұлға бірінші кезекте істі дұрыс жоспарлап, мақсат қоя білуі керек. Соның нәтижесінде сол мақсатқа жетуде міндеттерді орындау қажет. Сондықтан мен жастар жылы ерекше жыл болады деп сенемін. Себебі, әрбір жас өз алдына ерекше тұлға. Сол тұлғаның өмірге көзқарасы, өзіндік позициясы бар. Оның дұрыс бағытта алға жылжуына кез-келген педагог, басшы үлес қосуы керек. Ал енді жастар жылынан біз не күтеміз? Жастар жылы біздің бір ғана жылда орындалатын іс-шаралармен шектелмеуі қажет. Бұл жылды бір жылдың көлемінде жасалған жұмыстардың болашақтағы нәтижелі бастамасы деп білуіміз керек. Сонымен қатар, Жастар жылында бір реттік шаралар немесе даңғаза дүниелер емес, кешенді жұмыстар жүргізілсе деймін. Осы ретте ең әуелі жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуді қолға алған жөн. Баспанасыз жүрген жастарға арналған жатақхана үлгісіндегі көпқабатты тұрғын үйлер салынып, жастар кәсіпкерлігін одан әрі дамыту бағытында биыл ғана өңірімізде жүзеге асырылып жатқан «Zhas Project» жастар корпусын дамыту үлгісіндегі бизнеске арналған гранттар ұйымдастырылса. Бұл да жастар үшін үлкен мүмкіндік болар еді. Сонда ғана бір бизнес жоспар аясында бірнеше жасты жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндігі пайда болады. Үшіншіден, жас ғалымдарға қолдау жасалса деймін. Бізде жас ғалымдарға, ғылыми әлеуеті жоғары жастарға кең қолдау жасалмайды. Жастардың ғылыми кеңесін құрып, оған мүшелікке ерікті жас ғалымдарды тарта отырып, өзіндік жұмыс жоспарын, қаржылық мәселелерін шешу керек. Ол қоғамдық қор немесе бірлестік ретінде жұмыс атқаруы қажет. Сондай-­ақ жастар ғылыми кеңесінің негізгі функционалдық міндеті – ғылыммен айналысатын жастар шығармашылығын қолдау.

Жастық шақ – қуат пен белсенділік кезеңі және оларды конструктивті арнаға бағыттау мақсатында елімізде әртүрлі жастарға арналған жобалар жүзеге асырылуда. Мемлекет

жастардан сол мүмкіндіктерді пайдаланып, мүдделес, прогрессивті қатарластарымен араласу арқылы әлеуетті дамыту жолдарын іздеп, жаңа ойларды жүзеге асырудағы мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануын күтеді . Сондықтан Жастар жылында Мәңгілік Еліміздің дамуы мен өзіміздің мықты азамат болып қалыптасуымыз жолында атқаратын істеріміз аз емес.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.