Кеше Тараз қаласы әкімдігі жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова төрағалық етті.
Отырысқа Кеңес мүшелері, жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Күн тәртібіне сәйкес, екі мәселе – жастар арасында құқықбұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу және жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік қызметті дамыту бойынша атқарылған жұмыстар қаралды.
Бірінші мәселе бойынша Тараз қаласы полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі Ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Шакизат Юсупова баяндама жасады.
Ал Еңбек мобильдігі орталығының Тараз қаласы бойынша «Мансаптық орталық» филиалының директоры Сәбит Мүсірепов еңбекпен қамту шаралары жайына тоқталды.
Отырыс барысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ кәсіпкерлікке тарту және жұмыспен қамту мәселелері бойынша ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды.
Басқосу қорытынды бойынша нақты тапсырмалар беріліп, алдағы кезеңге жоспарлы жұмыстар белгіленді. Хаттамаға ұсыныстар енгізілді.
«JT»-ақпарат