Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар жұмыссыз жүрмеуі керек

0 183

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Қалалық әкімдіктің мәжіліс залында  Тараз қаласы әкімдігінің жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Шаһарда мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы сөз болған жиынға қала әкімі Айтқазы Қарабалаев қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселелер баяндалып, регламент қойылған соң ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Абзал Есіркепов ағымдағы жыл басталғалы жасалған ауқымды істер туралы баяндады. Хабарлауынша, биыл Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының ІІ кезеңі іске асырылып, жастар саясаты жүйелі жүргізілуде.

– Тараз қаласының жалпы тұрғындар саны 357 882 адам адамды құраса, оның 76 436-сы 14 пен 29 жас аралығындағы жастарды құрайды. Яғни халық санының 22 пайызы жастар. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің облыс бойынша басқармасының мәліметінше, қалада 2020 жылдың І тоқсанында 1158 қылмыс тіркелсе, оның 290-ын жастар жасаған. Сондай-ақ полиция бөлімінің есебінде арнаулы оқу орындарының 46 студенті, орта мектептердің 71 оқушысы бар. Осыған орай, Жастар ресурстық орталығының 2020 жылға арналған жылдық жоспарына сәйкес жастар арасында қылмыс, нашақорлықтың алдын алу бағытында барлығы 75 іс-шара бекітілді. Бүгінгі таңда оның 16-сы ұйымдастырылып, қамтылғандар саны 800 жасты құрады, – деді Абзал Есенұлы.

Сонымен қатар орталық басшысының мәліметінше, ағымдағы жартыжылдық ішінде қала бойынша 864 жас отбасын құрса, 219 жұп некесін бұзған. Ресурстық орталықтың бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстары аз емес. Отбасылық құндылықтарды насихаттау бағытында қыздарға арналған 100-ге тарта шара ұйымдастырылып, онда 300 қыз бала қамтылып отыр. Сонымен қатар орталық жанынан «Келіндер мен Әкелер мектебі», «Енелер клубы» сынды жобалар жүзеге асырылуда. Бұдан өзге, баяндама барысында жастарды жұмыспен қамту, волонтерлер жылында атқарылған жұмыстар легі баяндалды.

 Баяндамадан соң қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали қала маңындағы шалғай елді мекендерде мәдени нысандардың саусақпен санарлық екенін алға тартып, сол аумақтың жастарына рухани тәрбие беруге бағытталған шараларды жиі өткізу керектігін айтты. Ұсынысты құп алған Жастар ресурстық орталығының басшысы Абзал Есіркепов бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Жасөспірімдер мен жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу бойынша атқарылған жұмыстар жайы бойынша Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Уалихан Байдуанов есеп берді. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев аталған бөлімнің басшысынан пандемия жағдайындағы жазғы демалыс кезінде оқушылардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесі туралы сұрақ қойды.

– Бүгінгідей карантин кезінде оқушылардың «Жүріндісай», «Тау самалы» сынды жазғы сауықтыру лагерьлеріндегі демалыстарына шектеу қойылды. Бұл ретте оқушылар демалыстан құр қалып жатқан жоқ. Өңірдегі киелі орындарға арнайы экскурсиялар жүргізіліп жатыр, – деп жауап берді Уалихан Боларбекұлы.

Ізінше «Ақ сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркін Әбдиев «Сұңқар» волонтерлік қозғалысының атқарған жұмысы туралы туралы баяндады.

– Еліміздегі жарияланған төтенше жағдайға байланысты карантин кезінде  еріктілеріміз аянып қалмады. Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» комуналдық мемлекеттік мекемесінің бастауымен жалғызбасты қарттарымызға арналған ыстық тамақты тасу, халыққа медициналық маска, антисептик тарату жұмыстарына өз үлесімізді қостық. Төтенше жағдаймен бірге келген көршілес өңір, яғни Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында болған төтенше жағдайға да бейжай қарамай, әлеуметтік желі арқылы қаражат жиып, бұл қаражатқа азық-түлік сатып алып, «Nur Otan» саяси партиясының мұрындық болуымен апат аймағына арнайы барып, еріктілік қызмет көрсетіп келдік, – деп түйіндеді Еркін Қайырбекұлы.

Бұл ретте аталмыш бірлестіктің төрағасына қала әкімі Айтқазы Дәулетқұлұлы қала тұрғындарын карантине шектеулерін сақтауға шақыру жұмыстарына атсалысуды тапсырды.

Жиын соңында Жамбыл облысында мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы жобасы турасында Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа баяндама оқып, аталмыш бағдарламаның жай-жапсарын түсіндіріп берді.

Жиын соңында шаһар басшысы Айтқазы Дәулетқұлұлы жастар мәселелеріне жауап мекемеге бірқатар тапсырмалар берді.

– Жастар ресурстық орталығының мамандары қалалық білім бөлімімен бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Сонда жастарымыз қоғамда өздерінің айтарлықтай рөлі бар екенін сезінетін болады. Бүгінгідей қысылтаяң шақта еріктілерді тыйым салынған жерлерде жүретін жастарды тәртіпке шақыру жұмыстарына тартуға тиіспіз. Мұндай жұмыстарға NEET санатындағы жастарды шақыруға әбден болады. Сонымен қатар жастардың жұмыссыздық мәселесіне айрықша көңіл бөліп, кәсіпкерлікке баулу бойынша алдымызға үлкен жоспарлар қоюымыз қажет, – деп қорытындылады Айтқазы Қарабалаев.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.