Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Қайрат Рысқұлбеков саябағында жастарға арналған ауқымды «Заң Fest» фестивалі өтті.
Шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанов пен Тараз қаласы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің аға прокуроры Бауыржан Қасымбеков қатысты.
Құқықтық сауаттылықты арттыру мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шара барысында жастар арасында футбол, волейбол, баскетбол секілді командалық ойындардан спорттық турнирлер ұйымдастырылды. Сонымен қатар асық, садақ ату, ләңгі, қол күресі, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлері де назардан тыс қалмады. Бұған қоса арнайы құқықтық кеңес беру бұрыштарында заңгерлер, полиция қызметкерлері, прокуратура, Ұлттық банк, Отбасы банкі мен Мансап орталығының өкілдері азаматтарға тегін кеңес беріп, құқықтық сауаттылықты арттыруға өз үлестерін қосты.
Шара аясында тұрғындар арасында тақырыптық сауалнама жүргізіліп, мобилографтар байқауы, әлеуметтік желідегі #ЗаңдыБілӨзіңдіҚорға хэштегімен посттар байқауы, квест ойындар мен тақырыптық жобалар додасы, сондай-ақ тимбилдинг ойындары ұйымдастырылды.
Фестивальге 500-ге жуық жас тартылып, белсенділік танытқан қатысушылар Алғыс хаттармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры