Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастарға барлық жағдай жасалуда

0 260

Мемлекеттің қозғаушы күші – жастар. Кезінде Алаш арысы Мағжан Жұмабаев та «Мен жастарға сенемін!» деп бекер жырламаса керек. Бүгінде мемлекеттің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өміріне жастар белсенді араласып, елеулі үлес қосуда. Еліміз де жас буынның жұмыспен, баспанамен қамтылуын назардан тыс қалдырған емес. Осы бағытта облысымыз тарапынан да ілкімді істер атқарылуда.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, аймағымызда 258 164 жас бар әрі олар өңір халқының 22,4 пайызын құрап отыр екен. Сондай-ақ олардың 96 786-сы қаланың қайнаған тірлігіне араласып жүрсе, 161 378-і ауылдық елді мекенде еңбек етуде. Бұлардың қатарында оқитын, жұмыс істейтін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар да бар. Ал жүргізілген талдаудың нәтижесінде жалпы саны 25 681 жас не жұмыс істемейтін, не оқымайтын адамдардың қатарында екен. Олар NEET санатындағы жастар ретінде танылып, аты-жөні мен мекенжайлары анықталған.
Өткен жылғы есеп бойынша елімізде NEET санатындағы 237 мың жас тіркелген. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айтқан болатын. Дегенмен «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасында осы санаттағы жастардың үлесін 5 пайызға дейін төмендету міндеті қойылғаны белгілі. Бұл мақсатта облысымызда арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, нақты индикаторлық көрсеткіштер айқындалған. Айталық, жыл басынан бері 19 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, 56 қоғамдық тыңдау, 46 онлайн мастер-класс, 260 ақпараттық кеңес беру алаңы ұйымдастырылған. Аталған санаттағы жастармен жұмысты жандандыру мақсатында облыстық «ZHASTAR CUP» атты футболдан облыстық чемпионат, базардағы жастар арасында «Дүйсенбілік футбол» сынды спорттық жобалар, ай сайын ірі сауда орындарында, халық көп шоғырланған жерлерде, саябақтарда кеңес беру алаңдары іске асырылуда. Сонымен қатар NEET санатындағы жастардың электронды дерекқоры жасақталып, олармен адрестік жұмыстар да жүргізіліп келеді екен. Соның нәтижесінде олардың қатары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,2 пайыздан 7,6 пайызға төмендеген.
Облыста жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және оларды әлеуметтендіруге де басымдық берілген. Мәселен, есепті кезеңде 6469 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі осы жылдың І тоқсанында 3,1 пайызды құраған. Оның ішінде 102 жас онлайн оқытуға жолданса, 4410 адам ваканттық тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал 791 түлек жастар тәжірибесіне, 176 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 931 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған. 59 жас мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында барлығы 21 838 жасты белсенді шараларға тарту жоспарланған болатын. Бүгінде тұрақты жұмыс орындарына – 12 638, қысқа мерзімді курстарға – 450, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға – 1622, гранттар беруге – 1893. Жастар тәжірибесіне – 2000, әлеуметтік жұмыс орындарына – 897, ақылы қоғамдық жұмыстар- ға – 2000, шағын несие алуға 338 жас жолданған. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы «Жасыл ел» еңбек жасағына жергілікті бюджет есебінен бөлінген 96,8 миллион теңгеге ауыл мен қаладағы 2 мыңнан аса жұмыссыз, NEET санатындағы жастарды маусымдық жұмыстарға тарту көзделіп отыр. Қазіргі таңда осы бойынша 1197 азамат жұмысқа орналасып үлгерген.
Жастардың тұрмысын түзеуде оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету ерекше рөл атқарады. Облысымызда күні кеше жастарға жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылды.
Аталған бағдарлама «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде қолдау тауып, 500 миллион қаржы бөлінген. 19 жылға дейін 5 пайызбен берілетін ипотекалық қарыздың ең жоғары сомасы – 13 миллион теңге, бастапқы жарнасы – 5 пайыз. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі Жамбыл облысында орналасқан мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, журналистика саласында қызмет ететін жастар қатыса алады.
«Әулиеата жастарына» 20-30 шілде аралығында өтінімдер қабылданды. Енді 30 жұмыс күні ішінде келіп түскен өтінімдер қарастырылып, комиссия тарапынан шешім қабылданады. Оң шешімге қол жеткізгендерге «Отбасы» банкіне жолдама беріліп, баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік алады.
Биыл 50 жасты баспанамен қамтуды мақсат еткен бағдарламаға облыс орталығы мен аудандардан 500-ден аса өтініш келіп түскен. Әрине, өңір жастарының үйлі болуына аталған бағдарлама айтарлықтай септігін тигізеріне сенім мол.
Қалай десек те, жоғарыдағы көрсеткіштер межелі міндеттердің жүйелі жүзеге асырылып, Жамбыл жастарына барлық жағдайдың жасалып отырғанын көрсетеді.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.