Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жас журналистер жүлдемен оралды

0 8

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ студенттері «Журналистика» мамандығы бойынша дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан ХІ республикалық пәндік олимпиададан жүлделі оралды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ел аумағындағы жоғары оқу орындарынан барлығы 17 команда қатысқан жас тілшілердің аламанында тараздық студенттер 5 кезең бойынша сайысқа түсті. Осыған дейін жүлделі ІІ-ІІІ орындардан көрініп келген ТарМУ құрамасы олимпиада барысында өздерінің журналистік шеберліктерін, қаламгерлік қарымдарын ортаға салды. Алғашқы кезеңде «Әулиеата» командасы өздерін ұран арқылы таныстырып, көпшілік назарына «Ұлы дала ұлағаты» тақырыбында тарихи Тараз туралы видеоролик ұсынды. Екінші бөлімде үміткерлердің барлығы өз мамандығы бойынша 100 сұрақтан тұратын тестке жауап берді. Үшінші аталымда студенттер 10 түрлі тақырып ішінен бірін таңдап, эссе жазып, қаламдарының қуатын көрсетті. Тараздықтар «Қазақты қазақ еткің келсе» тақырыбын таңдап, қағаз бетіне ойларын өрнектеді. Келесі кезеңде студенттер ақпарат агенттіктеріне өтіп жатқан байқау туралы мақалаларын жариялады. «Әулиеата» командасының құрамы барлығынан оза шауып, олимпиада жөніндегі мәлімет 18 сайттың бетінде жарық көрді. Ал қорытынды бөлімде үміткерлер «Ертіс менің әсерімде» тақырыбында видеоролик түсіріп, бәсекені қыздырды.

– Ең бірінші күні Кереку жерінің көркіне куә болдық. Бізге арнайы экскурсия да ұйымдастырылды. Саяхат барысында командалар Ауған соғысы ардагерлері аллеясы мен Сұлтанмахмұт Торайғыров саябағының және әйгілі Мәшһүр Жүсіп мешітінің тарихымен таныстық. Одан әрі Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайына бағытты бұрып, қаланың басқа да мәдени ошақтарын араладық, – дейді тараздық құраманың мүшесі, ТарМУ студенті Нұрлан Әбдікәрімов.

Дәстүрлі олимпиадаға студенттерді ТарМУ-дың аға оқытушысы, журналистика магистрі Зәуреш Қойгелдиева әзірледі. Жолдың ұзақтығынан шаршамай, сынның барлығынан сүрінбей өткен ТарМУ шәкірттері қазылар құрамының шешімімен І орынға ие болды. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің командасы пәндік олимпиаданың жеңімпазы атанып, кубокқа ие болды. Келесі жылғы олимпиада осы білім ордасының қабырғасында өтпек. Екінші орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттері өзара бөлісті. Үшінші орын тұғырынан Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Сүлеймен Демирель атындағы университет көрінді.

– Жеңіске жетуге аз ғана сәттілік жетіспеді деп ойлаймын. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрамасы қарымды қарсылас бола білді. Осы ретте бізге үміт артқан ТарМУ ректорына, филология және журналистика кафедрасының ұстаздарына алғыс айтамын, – деді команда капитаны Аян Ермеков.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.