Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жас құрылысшылар жұмысқа кірісті

0 131

15-ші мөлтек ауданда студенттік құрылыс жасақтарының жазғы еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті. Шараға облыс әкімдігі басқармаларының өкілдері, мемлекеттік құрылымдар, оқу орындарының басшылары және студенттік құрылыс жасақтарының «жауынгерлері» қатысты.

Арайлым Бақытжанқызы

Кезекті еңбек маусымының ашылу салтанаты жылдағыдан өзгерек болғанын айта кеткеніміз жөн. Бұрынғыдай Назарбаев алаңында немесе ҚР Тұңғыш Президенті саябағында емес, құрылыс басында өтті. Яғни биылғы еңбек маусымында жасақ қатарына қабылданған студенттер Тараз қаласындағы жаңадан бой көтеріп жатқан 15-ші ықшам ауданда бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің құрылысына атсалысатын болады.

Шараны құттықтау сөзбен ашқан облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа 2005 жылдан бері облысымызда студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтары белсенді түрде жұмыс атқарып жатқанын айтып өтті.

– ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылғы «Қазақстан жедел экономикалық, әлеуметтік және саяси даму жолында» атты халыққа арнаған Жолдауында жазғы демалыс маусымында құрылыс және еңбек жасақтарын құру арқылы студенттерді жұмыспен қамтамасыз ету тапсырылған. 2005-2018 жылдар аралығында облыста студенттік құрылыс жасақтары құрамында 6 мыңға жуық студенттері бар 211 жасақ жұмыс атқарды. Жасақ мүшелері қаладағы, аудан орталықтары мен ауылдық жерлердегі құрылыс, су құбырларын жүргізу, жол жасау және жөндеу, тазалық және көгеріштендіру жұмыстарына жұмылдырылды. Ағымдағы жылы жоғары және арнаулы оқу орындарындағы, сонымен қатар жұмыссыз жастар 15-ші ықшам ауданда құрылыс жұмыстарын жүргізетін болады, – деген Серікбол Қайратұлы жасақ жастарының жұмысына береке тіледі.

Сонымен қатар шара барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірінші проректоры Темірхан Толқынбаев, аталмыш оқу ордасының су шаруашылығы, экология және құрылыс факультетінің деканы Нұрлан Іңкәрбеков және студенттік құрылыс жасақтарының ардагері Бақытжан Жалпанов сөз алып, ақжарма тілектерін білдірді. Темірхан Әнәпияұлы жазғы еңбек маусымының жастарды жан-жақты тәрбиелеуде атқаратын рөлінің зор екенін атап өтті.
– Алпыс жылдық тарихы бар құрылыс жасағында осы уақытқа дейін елімізге танымал қайраткер тұлғалардың қолтаңбасы қалды. Құрылыс жасақтары жастарды еңбекке баулитын, міндеті мен жауапкершілігін арттыратын еңбек майданы болып табылады. Мол тәжірибе жинақтайды. Барлықтарыңыздың жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Құрыштай шынығып оралуларыңызға тілектеспін, – деді Темірхан Әнәпияұлы.

Ал техника ғылымдарының кандидаты Нұрлан Іңкәрбеков жыл сайын факультеттің 60 пайыз студенті құрылыс жасақтарының қатарына қабылданатынын атап өтіп, еңбек маусымын сәтті аяқтауға тілектестік білдірді.
Жиын соңы жастардың ән шашуына ұласты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.