Жас ғалымдар бірнеше тың жаңалық ашты. Олардың ұсынған жобалары әлден-ақ қолдау тауып, қолданысқа енгізілуде. Егер олардың тиімділігі дәлелденсе, құрылыс пен ауыл шаруашылығына тың серпін беруі мүмкін.

Арайлым Шабденова

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің негізінде XIII «Инновациялық даму және заманауи Қазақстанның ғылымға деген сұранысы» атты халықаралық ғылыми конференциясын өткізді. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шараға Қырғызстан мен Өзбекстанның ғалымдары қатысты. Ғылыми конференция басталмас бұрын келген қонақтар фойеде ұйымдастырылған жас ғалымдардың инновациялық жобалар көрмесін тамашалады. Онда 3D-технологиялар, энергия үнемдеу, ақпараттық технологиялар, энергияның баламалы көздері, өндіріс қалдықтарынан жасалатын жаңа материалдар, агроөнеркәсіп саласындағы озық технологиялар сынды соңғы ғылыми жетістіктер ұсынылған.
Ауқымды шараны университет ректоры, п.ғ.д., профессор Махметғали Сарыбеков жүргізіп отырды. Өз кіріспе сөзінде ректор іргесі 2008 жылы қаланған Жас ғалымдар кеңесінің жетістіктеріне тоқталып, ғылым мен білімді қатар алып жүрген жас ағартушы ғалымдардың тың идеялары қоғамға серпіліс береріне сенім білдірді. Ал ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Ғылым жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Сухраб Жапаров аталмыш халықаралық конференцияның маңыздылығына тоқталды. Ғылымдағы жаңалықтар ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосатынын айта келе, конференцияға қатысушылардың жұмысына сәттілік тіледі.
– «Science Slam» Тұңғыш Президент қорының жастар арасындағы танымал жобасы болып табылады. Бұл конкурстың ережесі бойынша қатысушылар өз зерттеулері мен әзірлемелерін қолжетімді әрі ерекше нысанда ұсынуы тиіс. Жас ғалымның идеясын ғылым төңірегіндегілер ұғынуы тиіс. Сондықтан конкурсант өз жобасы туралы әңгімелеген кезде күрделі терминдер мен ерекше ғылыми анықтамаларды қолданбауы тиіс. Баяндама қызықты, қысқа әрі креативті болуы тиіс. Ғылыми идеясын қорғау үшін «Science Slam» жобасына қатысушыға 10 минут уақыт беріледі. Зияткерлік сайыстың мақсаты ғылым күрделі ғана емес, қызықты екенін көрсету қажет, – деп атап өтті қордың жанындағы Ғылым жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Сухраб Жапаров.
Келесі сөз кезегін алған Еуразия технологиялық университетінің ректоры Жанар Темірбекова «Инновациялық экономика: білімді тасымалдауда университеттің рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Өз баяндамасында ғылымның дамуында университеттің атқаратын рөліне тоқталды. Университет ағартушылықпен қатар ғылымның қарыштауына үлес қосатынын, одан әрі инновациялық жаңалықтардың ашылуына түрткі болатынын атап өтті.
Екі күнге жоспарланған конференция аясында бірнеше маңызды іс-шаралар өтті. Сонымен қатар пленарлық сессия барысында жас ғалымдар түрлі тақырыптар бойынша баяндама жасап, соның ішінде білім трансферті және өңірлік жоғары оқу орындарының цифрлануын дамыту процесіндегі университеттердің рөлі, ауыл шаруашылығындағы ГИС-технологиялар, төтенше жағдайларға болжам жасау, қазақтың генетикалық қорын қалыптастыратын генетикалық тарих, 3D-технологияны және т.б. қолдану арқылы ортопедиялық аяқ киім әзірлеу тақырыптарында өз ойларын ортаға салып, жан-жақты талдау жасады.
Конференцияның маңызды бөлігінің бірі «Successful grant writing» ғылыми-әдістемелік семинар болды. Ол ғылыми зерттеулер мен жобаларды қаржыландыруға гранттар алуға қатысатындар үшін пайдалы болды. Тренинг барысында спикерлер ғалымның академиялық мансабының дамуына гранттық қолдаудың ықпал ететіні туралы айтып, гранттық қаржыландыруға бәсекелес өтінімдердің он айрықша ерекшелігімен, сондай-ақ ғалымдар грант алуға үміткерлермен сәтті болған ғылыми өтінімдердің құпияларымен бөлісті. Ғылыми-әдістемелік семинардан кейін шеберлік сабақтары да өтіп, онда конференцияға қатысушылар сарапшылармен бірге ғылыми зерттеулер кезінде кездесетін негізгі қателіктерді және ғылыми жобаларды монетизациялаудың қыр-сырын талқылады. Семинарда алынған білім мен шеберлік сабақтарында үйренген дағдылар жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерін іске асыруларына өзінше әсер ететіні сөзсіз.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған