Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жас ақынның мерейі өскен күн

0 22

Дегдар ғаламның дидарына қалам ұстаған қалпы қасқайып қарай алатын жан иесі болса, соның бірден-бірі – ақын. Ақын деп тізбектеп өлең өре білген адамды ғана айтпаса керек.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Сезім мен сергелдең, дүниенің дүрбелеңі, қоғамның қасаң қағидалары һәм ғаламның сұлулығы, іңкәрлік пен ізгілік, мейірім мен махаббат – бәрі-бәрі ақын жүрегінің тереңінен орын алып, бірде мұң, бірде асқақ күй кештіреді. Кештіріп қана қоймай, сол сәттегі алапат күйдің бәрін айна-қатесіз қағазға түсіртеді. Сондай бір алапат шақтарды бастан өткере жүріп, өзінің сүйікті оқырмандарына тамаша сый тарту еткен ақынның бірі – Данияр Әлімқұл. Жас шайырдың «Жүрек хаттары» деп аталатын төл кітабы жарыққа шығып, ТарМПУ-дың мәжіліс залында лентасы қиылды. Автордың айтуынша, аталмыш жинаққа соңғы 10 жылда қаламынан төгілген туындылардың барлығы дерлік еніп отыр. Бекзат болмысы, жұмбақ ғаламымен оқырман жүрегіне сәуле төккен ақын кітабының тұсаукесер шарасына облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, жазушы Несіпбек Дәутайұлы, аймақ басшысының кеңесшісі Жасұлан Әбдіхалық, Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының басшысы, ақын Хамит Есаман және өңірдегі өзге де зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты. Кітап лентасын қиярда өңірдегі жас қаламгерлердің қанатын қатайтып, жігеріне жігер қосып жүрген жазушы Несіпбек Дәутайұлы жүрекжарды лебізімен бөлісті.
– Қазір Жамбылда бір топ жас ақындар өсіп келе жатыр. Үркердің шоғырындай болған осы жастарға қолдау көрсету – үлкендердің міндеті. Өткен жылдың соңында Табиғат баламыздың кітабы жарық көрді. Мұның барлығы – талай жыл таңды таңға ұрып, сергелдеңге түсіп, небір күйді бастан кешірген сезім иелері үшін үлкен оқиға. Тұңғыштың аты – тұңғыш. Даниярдың есімі осы өңірдегі жырсүйер қауымға жақсы таныс. Республикаға да танымал. Өлеңдері талайды тәнті етіп жүр. Бүгінгі кеште аңғарғанымыздай, жамбылдық ақындар бауырмал, бір-біріне деген ықыласы ерекше. Осы болмыстан айырылмаса, әлі талай том-том болып басылар. Мен әрқайсысына үлкен үміт артамын, – деді қаламгер.


Облыс әкімінің кеңесшісі Жасұлан Әбдіхалық жазушының сөзіне қосылатынын жеткізіп, ақын кітабының лентасын бірге қиды. Кеш иесінің қаламдас бауырлары Нұрболат Жолдасбек пен Нұрболат Сатымқұл тізгінді өз қолдарына алып, өрелі әңгімелерімен шараның сәнін кіргізді. ТарМПУ-лық студенттер Данияр Әлімқұлдың таңдаулы жырларын жатқа оқып, ақынның мерейін тасытты. Жазушылар одағының Жамбыл облысындағы филиал директоры Хамит Есаман кітапқа енген бірнеше өлеңге поэтикалық талдау жасап, ізінен ерген ақын інісіне ақ жол тіледі.
– Бұл жамбылдық өлеңсүйер қауым үшін тамаша жаңалық болып отыр. Көп жылдан бері бір орыннан тапжылмаған сең қозғалып, міне, бүгін Табиғат бауырымыздан кейін екінші ақынның кітабы өз оқырмандарына жол тартты. Енді Данияр ініміздің шығармашылығымен етене таныс жандардың қатары көбеймек. Кітаптың алғы сөзін ақын Ғалым Жайлыбай мен Танакөз Толқынқызы жазған екен. Олар өз тарапынан Даниярдың сөз құдіретін таныған, сезімдерін өлеңмен шебер өрнектей алатын ақын екенін айғақтай түскен. Бұл ретте мен де інімнің әдебиеттегі жолы даңғыл болсын деп тілеймін, – деді Хамит Ерболатұлы.
Тұңғыш жинақтың тұсаукесеріне кеш иесі де кеудесіндегі толқынысын жасырған жоқ. Айтылған әрбір лебізге көңілі шат-шадыман болды. Кешке сонау Таластан, өзінің туған жерінен ұстазы, ата-анасы арнайы келіп, күні кеше Майтөбенің төбешіктерінде шаңға аунап өскен құлындарының өмір деген бәйгеге еніп, қанжығасына өлең өңгергенін көріп тамсанды, өнегелі ұрпақ тәрбиелегендеріне разы болысты. Ата-ана, қаламдас бауыр, әріптестерінің өзіне деген ыстық ілтипатына ризашылығын жеткізген Данияр Әлімқұл кеш соңында жыр жазуға зор шабыт алғанын, ендігі ретте қаламды тоқтатып қоюға еш себеп жоқ екенін айтты.
– «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көріп, 1000 дана таралыммен шыққан тұңғыш жыр кітабыма соңғы 10 жыл ішінде қағаз бетіне түскен туындыларым еніп отыр. Бұл – мен үшін ерекше оқиға. Меніңше, біздегі әрбір ақын осындай күйді бастан кешіруге әбден лайықты. Жамбылдағы әдеби ортада өз өлеңдерінен ұялатын ақын жоқ. Бүгінгідей қуанышқа ортақтасып отырған өздеріңіздей оқырмандарыма алғыс айтамын. Өлеңи өлкеде өзектен теппейтін ақын бауырларыма да ризашылығым зор. Жамбылдағы әдеби жаңалықтар легі мұнымен тоқтамасын дейміз, – деді «Жүрек хаттарының» авторы.
Тұсаукесер барысында Данияр ақынның сөзіне жазылған «Тоқта, жаным» әнін филармония әншісі Қайсар Көкішев орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Ал кеш иесінің әріптес інісі Мұратхан Әлімхан есімін тараздық қауым ерекше құрметтейтін ақын Серік Томановтың сөзіне жазылған «Құс қанат ғұмыр» әнін гитарамен шырқады.
Тұсаукесер соңында қалың оқырман «Жүрек хаттарын» автордың өзінен қолтаңбасымен алып, өзара пікірлесіп, ақ тілектерін жаудырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.