Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жас ақын, жалының сөнбесін!

0 258

Бір мықтының «Ең ұлы ақын – жас ақын» дегені бар. Расында, жас кезде әрбір қалам иесінде Алатаудай алып арман, мықты жүрек, селкеу түспес тұнық сезім болады. Жас ақын сонысымен де сұлу, сонысымен де әдемі. Редакциямызға осындай бекзат болмыс иелерінің қаламдарынан туған бір топ тұмса өлең келіп түсті. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларының жырларын оқып, жас жүректің лүпіліне құлақ түрелік.

Ана

Саған жетер жан жоқ маған өмірде,
Сен бар болсаң қаяу түспес көңілге.
Жұлдызымсың жарық шашар мәңгілік,
Көңіліңнің болсам-дағы төрінде.

Сен бар кезде бақыттымын, анашым,
Жамандыққа қимас тегі баласын.
Бар жақсылық бастауысың бағыттар,
Жүрегі кең, сезімі от, жаны асыл.

Уайымдама кей жолдарда бөгелсем,
Мен не етер ем өр болмасаң егер сен?!
Сенің ғана ақылыңмен жүремін,
Көңілімді қуанышқа бөлер сен.

Кездессе де алдымда мың қарлы шың,
Аяулы анам жұмсар еді бар күшін.
Ұзақ өмір сүрсең екен бақытты,
Өмір бойы саған осы алғысым.

Әке

Асқар тауым, қорғаным бұл өмірде,
Өзің барда кірбің түспес көңілге.
Жазған жырым медеу болып өзіңе,
Өтер ме екен бір парызыңды кемінде.

Сенен артық жан бар ма, әке, жалғанда,
Қорған болдың мен сүрініп қалғанда.
Менен асқан бақытты жан болмас ед,
Қосқанатым өзіңмен бір болғанда.

Тәрбиенің тұнығы ғой көздерің,
Жасымнан-ақ ойға тоқып, сезгенмін.
Биігімді бағындырам мен әлі,
Арманым мен мақсатымды көздедім.

Назерке МЕЙІРХАН,
8 «С» сынып оқушысы

Ана

Өмір берген алтын адам аяулы,
Алғаш көрген ыстық бейне саялы.
Менен қымбат сый болмаған оған да,
Мәпелейді алақаны аялы.

Талбесіктен тәрбиелеп баланы,
Қасиетін бойға берген саналы.
Шырылдаса балапаны беймезгіл,
Түн ұйқысы төрт бөлінді ананың.

Ата-ананың жылу толы жанында,
Жаны құрбан баласының жолында.
Алмастыра алмас ешкім ананы,
Сондықтан да бағалайық барында.

Достық туралы жыр

Ауыр мұңдар басқан кезде еңсеңді,
Табылады достарың да белсенді.
Дос боп жүріп, ажырамасын арамыз,
Берілген соң қысқа ғұмыр өлшеулі.

Шер тарқатып, сыр ақтарып үнемі,
Сен мұңайсаң, түңіліп ол жүреді.
Қуанышыңа ортақтасып ниетпен,
Ажырамай жүрер сенен бір елі.

Достың орны жүрегінің төрінде,
Алаңдайды байқап сөйлеп көңілге.
Арамызды жалғап тұрған үздіксіз,
Бар құдірет алтын көпір – сенімде.

Достық деген – құндылық ол бағалы,
Достарыңды бағалаңдар шамалы.
Өмір деген алып кітап болса егер,
Алтын әріппен жазылған бір парағы.

Аяжан ЕЛБОСЫНОВА,
11-сынып оқушысы

Тәуелсіздік таңы

Сан ғасырлар аңсаған,
Егемендікке қол жетті.
Қуанышты барша жан,
Жүректерді тербетті.

Қуат берер бойыма,
Көк байрағым желбіреп.
Жыр арнадым тойыңа,
Жан жүрегім елжіреп.

Бағы жанып елімнің,
Бақыт қонды қолына.
Ырысы артып жерімнің,
Айым туды оңыма.

Аштықты да көрді елім,
Қынадайын қырылып.
Соғысқа да берді ұлын,
Орыс, қазақ бірігіп.

Қымбат маған Отаным,
Кеңге кетсін дүбірі.
Жау бұзбасын қатарын,
Берік болсын тұғыры.

Айана АЙЖАРЫҚ,
8-сынып оқушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.