Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жарқын жетістіктер жолындағы жас ғалым

0 224

Мемлекеттің өркендеуі білім мен ғылым, жаңа технологиялардың даму көрсеткішіне тікелей байланысты. Бүгінде еліміз өркениеттің көшінен қалмай, аталған бағыттарды ілгерілетуге күш салып келеді. Өйткені «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деп Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыз айтқандай, ғылым мен білімнің кенде қалуы түрлі экономикалық, әлеуметтік мәселелер туындатады.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында: «Дамудың бірден-бір жолы – ғылым. Адамзат жетістіктің бәріне білімнің арқасында жеткен. Қарапайым заттардан бастап, күрделі ой-тұжырымдарға дейін – барлығы да ғылымның жемісі. Шын мәнінде, ілім-білім арқылы бүкіл жаратылысты терең танып білеміз. Таным көкжиегін кеңейтіп, жаңа белестерге шығамыз. Ғылымның ең басты миссиясы – осы. Ұлы далада өркендеген ғылымның тамыры тым тереңде жатыр. Адамзаттың екінші ұстазы Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы – соның айқын көрінісі. Көне заманнан бастау алған ілім жолы ешқашан үзілген емес. Соның ішінде өткен ғасырда қазақ ғылымы ерекше қарқынмен дамыды. Ал ғылым мен технологияны, инновацияны дамыту – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын негізгі саланың бірі. Біз отандық ғылымның басымдықтарын халықаралық талаптарға және ұлттық мүддемізге сәйкес айқындаймыз», – деген болатын.
Мемлекет басшысы атап өткендей, шындығында, елімізде бар қабілет-қарымын ғылымға арнаған, білім саласындағы жұмыстарға ерекше қызығатын жастар баршылық. Солардың қатарында PhD докторы, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты «Экономика және бизнес» факультетінің деканы Жарас Қуатбеков те бар.
Болашақ ғалым 1984 жылы 27 сәуірде Байзақ ауданы, Көктал ауылында дүниеге келген. Арман қуып көне шаһарға қадам басқан ол 2001-2005 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын «Тарих және география» мамандығы бойынша үздік аяқтаса, 2005 жылдан 2007 жылға дейін «Тарих» мамандығы бойынша магистратурада білім алып, «тарих магистрі» академиялық дәрежесін иеленді.
Жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған Жарас Алпысбайұлы туған жеріне табан тіреп, Байзақ ауданының Көктал орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып алғашқы қызметін бастады. Жұмысқа жауапкершілігі мол, әріптестерімен тез тіл табысатын жас маман 2007-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша балалардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы болып жұмыс істейді.
«Құсты қанат, жасты талап ұшырады» дегендей, оқуға құштар жас әрі қарай 2010-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша оқып, оны үздік бітіріп, «Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі» академиялық дәрежесін алып шығады. Сонымен қатар 2011-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының докторантурасында «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша оқып, 2014 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша докторлық (PhD) ғылыми дәрежесіне қол жеткізді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде кәсіби тағылымдамадан өтіп, онда «Президент Әкімшілігінің мемлекеттік қызметшілері қызметінің тиімділігін бағалау жүйесі» жобасын әзірлеуге қатысыпты.
– Жалпы ғылымға деген қызығушылығымды оятып, қолдау көрсеткен – менің әкем мен анам. Әкем қарапайым жүргізуші еді. Ал анам құс фабрикасының қызметкері болған. Ғылым жолында әрқашан бағыт беріп отырған оқу ордаларында білім берген ұстаздарым болды. Ғылымдағы басты мақсат – теориялық білімді тәжірибеде қолдану арқылы адам өмірін жақсарту. Қазіргі таңда бүкіл әлем ғылым мен технологияларды дамытып, инновация саласында бәсекелестік орнатып жатыр. Соған байланысты дарынды ғалымдар, әсіресе талантты жастарға ашық түрде талас жүруде.
Жастарды ғылымға тарту үшін оларға жағдай жасау қажет. Жалпы ғылымды дамыту үшін әуелі ғалымдардың тағылымдама арқылы дәрежесін, біліктілігін көтеру керек. Ғылымды қаржыландыру көздерін көбейтіп, талаптарын жеңілдету қажет. Мемлекеттік гранттар көлемін арттыру арқылы ауыл жастарын тартып, оларға барынша мүмкіндіктерді қолжетімді еткен дұрыс. Себебі таланттың барлығы ауылда. Алайда мүмкіндіктің жетіспеушілігіне байланысты талай жас өз потенциалын пайдалана алмай қалып жатады, – дейді Жарас Алпысбайұлы ағынан жарылып.
Ғалымдар шетелге тағылымдамаға бару арқылы қысқа мерзім ішінде өзге елдің мәдениетін көріп, тілін үйреніп, қажет дағдыларды игеру мүмкіндігіне ие болады. Кейіпкеріміз Жарас Қуатбеков те әлемнің бірнеше елінде болып, тәжірибе топтаған ғалым. Айталық, 2013-2014 жылдары Канаданың Торонто, Сент-Джонс, Ньюфаундленд-Лабрадор қалаларында, ал 2016 жылы Омбы өңірлік институтында «Халықаралық қаржы, бизнес-аналитика және экономикалық модельдеу» бағдарламасы бойынша халықаралық тағылымдамадан өтіпті. Сонымен бірге 2021 жылы Санкт-Петербург қаласында Санкт-Петербург мемлекеттік экономикалық университетінде «Внутренняя система оценки качества образовательной деятельности» бағдарламасы бойынша халықаралық тағылымдамадан өткен екен.
Кейіпкеріміздің сөзінше, отандық білімді дамыту үшін шетелде білім алудың айтарлықтай артықшылықтары бар. Сондықтан білім іздеген біраз жан әлемнің іргелі оқу орындарынан білім алуға тырысады.
– Шетелде оқудың басты артықшылығы сол – мемлекеттің тарихымен танысып, мәдениетін көруге, жеке дәстүрлермен танысуға және өзіңіз барған елдің тілін үйренуге мүмкіндік туады. Әлемдегі ең ірі жоғары оқу орындарында мүлдем басқа бағыттар бойынша оқыту ұсынылады. Сондықтан білімгерлерге қолайлы мамандық табу қиынға соқпайды. Сіздің мүмкіндіктеріңізге сүйене отырып, мамандық бойынша толық курстан өтуге мүмкіндік бар. Шетелге оқуға кететін адамдар бейтаныс адамдармен, жаңа мәдениет пен өмір ережелері бекіген бейтаныс жерде өмір сүруге мәжбүр болады. Ол тәуелсіздікті, еңбекқорлықты және тапқырлықты дамытады. Бұл қасиеттерге тек табысты адамдар ие, сондықтан мұндай мүмкіндікті жіберіп алмау керек, – дейді маман.
Осылайша шетелден алған білімін отандық ғылымның дамуына арнаған азамат 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Экономика және бизнес» факультетінде доцент болып жұмыс істесе, 2020 жылдан бастап аталған факультеттің деканы қызметіне көтеріледі. Сонымен қатар 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл филиалында «Жаңа мемлекеттік менеджмент» арнайы авторлық курстары бойынша дәріс оқиды.
Сондай-ақ ол қызмет етумен қатар, өзінің көрген-білген тәжірибесін басқалармен бөлісіп отыруды ұмытқан емес. Бұл бағытта кейіпкеріміз экономика және мемлекеттік басқару, қызметкерлерді ынталандыру, мемлекеттік және жеке әріптестік жүйесі, жаңа мемлекеттік менеджмент саласында 40-тан астам ғылыми мақалалар мен еңбектер жазған. Сонымен қатар «Web of Science» және «Scopus» сияқты халықаралық дерекқорларда 4 мақала жариялапты. Әрі үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) «Экономика және инновациялық қызметті басқару» тақырыбы бойынша жоғары оқу орнының білім алушыларына арналған оқу құралының авторы және «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Менеджмент: адам ресурстарын басқару» мамандықтары бойынша модульдік білім беру бағдарламасын әзірлепті.
Ғалымның ғылыми қызметі облыс экономикасының инновациялық даму проблемаларын зерттеу әрі сол бойынша түрлі іс-шараларды әзірлеуге бағытталған. Осы зерттеудің негізгі нәтижелері – басқарушылық инновациялардың теориялық базасын нығайту, экономикалық жүйелердегі инновациялық қызметті бағалау әдістерін дамыту әрі инновациялық қызмет саласындағы институционалдық процестерді дамытудағы міндеттерді шешуге ерекше назар аударады. Сонымен қатар «Мемлекеттік және жергілікті басқару жүйесін жетілдіру» тақырыбындағы бастамашыл ғылыми тақырыптың жетекшісі қызметін атқаруда.
Бәрімізге мәлім, ағымдағы жылдың 2 кыркүйегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын. Аталған құжатта Мемлекет басшысы әлемде энергия тапшылығы күшейіп бара жатқанын еске салып, елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет екеніне ерекше тоқталған еді. «Біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биыл 6 қазанда өтетінін айтқан болатын. Жалпы қоғам талқылап жатқан аталған мәселе төңірегінде жас маманның пікіріне құлақ түрген едік. Ол өз сөзінде АЭС-тің айтарлықтай пайдасы бар екенін ашып айтты.
– Президенттің Жолдауын бастан-аяқ тыңдап шықтым. Әрине, көп мәселе айтылды. Жалпы Мемлекет басшысының бұрын да қозғап жүрген АЭС қызметін пайдалану мәселесіне айрықша тоқталғаны қуантты. Әрине, атом электр станциясының Қазақстанда салынуына тоқталар болсақ, әуелі экономикалық тұрғыда атом электр станцияларының жұмыс істеуі үшін өте аз мөлшерде отын қажет. Шикізат көзі өзімізде бар екенін ескеретін болсақ, ол отынды өте арзан бағада өзіміз шығара аламыз. Осыған байланысты атом электр станцияларының жұмысы отынды алу мен тасымалдауға үлкен шығындарды қажет ететін жылу станцияларына қарағанда әлдеқайда арзан.
Атом электр станцияларының пайдасы мен экономикалық тиімділігіне тоқталған кезде олардың 24/7 режимінде істеп тұратынын да ескеруіміз керек. Ал күн мен желдің үнемі бола бермейтінін қаперге алсақ, ол да үлкен артықшылық. Себебі кешке және түнгі уақытта халық электр жарығын ең көп тұтынатын кезеңде күн сәулесі болмайды.
АЭС арқылы біраз адам жұмыс орнымен қамтылып, қосалқы өндіріс ошақтары мен өнеркәсіп дамиды. Инфрақұрылым мен жол қатынастары өрлейді. Бір сөзбен айтқанда, электр энергиясын арзандатып әрі инвесторларды тарта отырып, елдің саяси-экономикалық жағдайын көтеруге мүмкіндік береді, – дейді Ж.Қуатбеков.
Оның айтуынша, атом электр станциялары өте тиімді және күн сайын орасан зор энергия береді. Сонымен қатар ол көптеген адамдарды жұмыспен қамтамасыз етеді және экологиялық тұрғыда таза отын саналады.
– Қарапайым мысал ретінде айта кетейін, жер көлемі жағынан Қазақстаннан 5 есе кіші Франция мемлекетінде 2023 жылға дейін 56 өнеркәсіптік ядролық реактор жұмыс істеді. Қазіргі таңда 9 реактор жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша тоқтаған. Ол АЭС-тер мемлекетті 70,6 пайыз электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
1957 жылы Алматыда ядролық физика институты құрылған еді. Ол – атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстандағы жалғыз ғылыми-зерттеу ұйымы. Онда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың толық циклі, атап айтқанда, іргелі, қолданбалы зерттеулер, технологияларды әзірлеу және өндіру ісі жүзеге асырылады. Институт мамандары жаңа буын ядролық реакторлары мен термоядролық реакторларға арналған материалдарды сынаумен айналысып, ядролық технологияларды медицинада, өнеркәсіпте және ғылыми зерттеулерде қолданады. Тоқетерін айтқанда, елімізде атом электр станциясы салынса, оның құрылысы аймақтың және бүкіл елдің экономикалық дамуына серпін беріп, инфрақұрылымды жақсартады және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етеді. Бұлардың бәрі тұрақты дамудың ажырамас бөлігі, – дейді ғалым.
«Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» дегендей, тынбай жасалған ізденіс мен шынайы еңбектің арқасында кейіпкеріміз маңдайы жарқырап талай марапат төрінен көрініпті. Айталық, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы еңбегі және оның дамуына елеулі үлес қосқаны үшін А.Байтұрсынов атындағы төс белгісінің иегері атанса, ҚР Білім және ғылым министрі тарапынан ғылымға қосқан үлесі үшін Алғыс хат және осы министрліктің қаулысымен «ЖОО үздік оқытушысы-2019» атағына ие болыпты. Сондай-ақ Жарас Алпысбайұлының ғылыми жетекшілігімен 15-тен астам магистрант ғылыми жұмыстарын сәтті қорғаған.
Халқымызда «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген қанатты сөз бар. Иә, кәсіби білікті, нағыз ұлтжанды ұстаздар ғана намысшыл ұрпақ, білімді оқушы, студенттерді тәрбиелесе, ол – мемлекетшіл тұлға қалыптастырудың алғышарты. Бүгінгі таңда кейіпкеріміз жауапкершілігі мол ұстаздық қызметті абыройлы атқарып келеді. Оған шәкірттері де дән риза.
– Деканымыз Жарас Алпысбайұлы – өте кәсіби маман және білікті басшы. Ол өз ісін жетік меңгерген, институтымыздың даму стратегиясын терең түсініп, білім беру үдерісін жақсартуға бағытталған маңызды шешімдер қабылдайды. Жараз Қуатбеков студенттердің мүдделерін әрқашан ескере отырып, білім беру сапасын жоғары деңгейде ұстап тұру үшін аянбай еңбек етеді. Оның көшбасшылық қасиеттері, ұйымдастырушылық қабілеттері және адамдармен ашық әрі адал қарым-қатынас орнатуы – баршамыз үшін үлгі. Бүгінде институтымызда ынтымақтастыққа толы атмосфера мен жылулық қалыптасқан. Деканның мақсатшылдығы мен кәсібилігі оқу ордасының болашағының жарқын болатынына деген сенімді нығайтады. Бізге ақылшы, қорған болып жүретін ағайымыздың қызметіне табыс тілеймін, – дейді Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының 3-курс студенті Азамат Намелбек.
Міне, осындай отандық ғылымның дамуына бар күшін салып, шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан жас ғалымдардың барында Қазақстанның келешегі кемел деп сенеміз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.