Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жарқын жетістіктер жолындағы Жамбыл жастары

0 683

Қазіргі дәуір – жаңғыру мен жаңашылдықтың уақыты. Осы үдерісте заман талабына қарай икемделе алатын, өзгеше ойлайтын, бәсекеге қабілетті дарынды жастар ауадай қажет. Себебі жастар – еліміздің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан олардың мәселесі мемлекетіміз үшін аса маңызды стратегиялық бағыттардың бірі саналады.

Тарихқа көз жүгіртсек, ұлтының тағдырына бей-жай қарамай, сол үшін жанын қиған талай жастың ерлікке толы өмірін көреміз. Мәселен, ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлерінің сапында қызмет еткен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сияқты зиялылар да өз кезеңінің білімді, жаңашыл жастары еді. Олар еліміздің ертеңі үшін білім алып, күрес жүргізді. Бұл да жастардың қоғам өміріндегі рөлі қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді. Міне, кешегі Мағжан секілді Алаш арыстары сенім артқан, олардың ізін жалғастыруға лайықты жастар Әулиеата жерінде жетерлік. Солардың ішінде Жамбыл ауданы жастарының шоқтығы биік.
Жамбылдық жас буынның басын бір арнаға тоғыстырған аудандық Жастар ресурстық орталығы бүгінде мемлекеттің жан-жақты қолдауының нәтижесінде осы бағыттағы саясатты жүйелі жүзеге асырып келеді. Бұған орталықтағы 40-қа жуық маман жастармен тиімді жұмыс жүргізу арқылы өз үлестерін қосуда.
Жастар – қоғамның ең белсенді, әрі ең серпінді бөлігі. Олар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін креативті ой иелері. Дегенмен, жастар арасында жұмыссыздық мәселесі де кездесетіні жасырын емес. Ал бұл еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен болашағына да тікелей әсер ететіні белгілі. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлем бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі ересектерге қарағанда екі есе жоғары екен. Қазақстанда да бұл мәселе өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осы ретте сарапшылардың пікіріне сүйене отырып, бұл мәселенің бірнеше себебін айтуға болады. Нақтырақ тоқталсақ, еңбек нарығында тәжірибенің болмауы, мамандықтың еңбек нарығына сай келмеуі, өңірлік теңсіздік, яғни ауылдық жерлерде жұмыс орындарының шектеулі болуы және көптеген жастар еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы ақпараттарды білмеуі жастар жұмыссыздығына әсер етіп отыр. Дегенмен, мемлекет тарапынан жастарды жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін жарқын бағдарламалар мен кешенді шаралар іске асырылып келеді.
Соның нәтижесінде 2024 жылы Жамбыл ауданында 1 929 жас жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 1 063 – жас тұрақты жұмысқа, 32 адам – әлеуметтік жұмысқа, 240 жас ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілсе, 253 жас – «Жастар практикасы», 105 жас «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына жолданды. Сондай-ақ «Бастау-бизнес» жобасы арқылы 102 азамат оқыса, 61 жас онлайн кәсіптік оқудан өтті. Сонымен қатар 36 жас мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Ал ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде 310 жас екі қолға бір күрек тапты. Нақтырақ тоқталсақ, тұрақты жұмыспен – 103, әлеуметтік жұмыспен – 12, ақылы қоғамдық жұмыспен – 147, «Жастар практикасы» бағдарламасымен – 37, «Бастау-бизнес» жобасымен 11 жас қамтылды.
Біз жоғарыда сөз еткен жұмыссыздық мәселесін шешудің бір жолы NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізуде жатыр. Жалпы, NEET жастары – қоғамның елеусіз бір бөлігі емес, олар – әлеуеті ашылмаған ресурс, болашағын таппай жүрген буын. Мемлекет пен қоғам бірлесіп жұмыс істесе, оларды қайта әлеуметтендіріп, білім мен еңбекке тарту арқылы ел дамуына үлес қосатын азаматтар ретінде қалыптастыруға болады. Әрине, әрбір жас – ұлттың байлығы. Сондықтан осы санаттағы жастарды назардан тыс қалдырмау – елдің болашағына салынған инвестиция. Ал олардың әлеуетін ашу – тек экономикалық ғана емес, рухани-әлеуметтік жаңғырудың да басты бағыты болуға тиіс. Бұл мақсатта Жамбыл ауданында айшықты істер атқарылып келеді. Атап айтсақ, өткен жылы уақытша бос жүрген, яғни жұмыссыз NEET санатындағы жастардың әлеуметтік мәртебесін анықтау үшін «е-Собес» бағдарламасы және тиісті жауапты мекемелер арқылы «Отбасы цифрлық карта» базасына жалпы саны 1 144 жас енгізілді. Оның ішінде 879-ы – «Д», 265-і «Е» санатына жатады. Нәтижесінде, осы санаттағы жастарды жұмыспен қамту, жұмыссыздықтың алдын алу және мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында былтыр 22 «Кеңес беру алаңы», Жастар ресурстық орталығының басшылық құрамымен 18 қоғамдық қабылдау өтті. Сондай-ақ 9 «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі», 17 ауылдық округ бойынша адрестік жұмыстар жүргізілді. Ал биыл аудандағы NEET санатындағы жастардың саны 470-ті құрап отыр. Бұл өткен жылдың тамыз айындағы жағдаймен салыстырғанда 799 жасқа аз. Оның басты себебі өзектендіру барысында 6 жас білім беру мекемелеріне оқуға түссе, 62-сі өзін-өзі жұмыспен қамтыған, Сондай-ақ 1 жас әскер қатарына алынса, 46-сы көрсетілген мекенжай бойынша тұрмайтыны анықталып отыр. 1 жастың мүмкіндігі шектеулі, 185 жасты үй шаруасындағы әйел азаматтар құрады. Бұл ақпарат осы жылдың басынан бері жүргізілген адрестік жұмыстар нәтижесінде нақтыланды. Бұған қоса Жамбыл ауданына қарасты 11 елді мекеннің Тараз қаласына қосылуына байланысты да NEET санатындағы жастардың саны кеміп отыр.
Қоғамның басты байлығы – дені сау, білімді, ұлттық рухы биік жастар. Алайда бүгінгі таңда осы болашақ иелерінің денсаулығына, санасына, өміріне қауіп төндіріп отырған күрделі мәселелердің бірі – нашақорлық. Елімізде жастар арасындағы есірткіге тәуелділік аса өзекті мәселеге айналып отыр. Өз кезегінде мұның тек медициналық немесе құқықтық қана емес, әлеуметтік, рухани және адамгершілік тұрғыдан да маңызы тым тереңде жатыр. Сондықтан осы қауіпті кеселмен күресу – тек бір адамның ғана емес, баршамыздың ортақ парызымыз. Егер біз жастарды осы қауіптен сақтай алсақ, еліміздің болашағын да сақтап қаламыз.
Осы тұрғыда қоғам дертіне тосқауыл қоюға Жамбыл ауданының Жастар орталығы белсене атсалысуда. Бұл мақсатта былтыр орталықтың ұйымдастыруымен Жамбыл ауданы білім бөлімі және аудандық емханамен бірлесе «Зиянды әдеттердің алдын алу» бойынша «Ішімдік миды улайды», «Нашақорлыққа қарсымыз!», «Есірткісіз болашақ», «Зиянды әдеттердің алдын алу», «Кәмелетке толмаған жастардың арасында зиянды әдеттердің алдын алу (алкогольдік өнім, электронды темекі)» тақырыптарында ауылдық округтерде мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылып, ақпараттық парақтар таратылып, сауалнама жүргізілді. Осылайша, жалпы 35 іс-шараға 1 011 жас қамтылды. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын тапты. Мәселен, қазіргі таңда ауданда 14 пен 35 жасқа дейінгі жастар саны 17 мыңға жуық адамды құрайды. Оның ішінде Жамбыл ауданында барлығы маскүнемдік бойынша 14 пен 35 жас аралығында «Д» санатындағы есепте – 24, «П» санатындағы есепте – 13, ал нашақорлық бойынша «Д» санатындағы есепте – 2, «П» санатындағы есепте 19 жас тіркелген.
Жастар қылмысының алдын алу бағытында да атқарылып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Осы мақсатта Жамбыл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ тарапынан аудандық полиция және білім бөлімімен бірлесе 17 түнгі рейд ұйымдастырылды. Жамбыл аудандық Пробация қызметі бөлімінің есебінде 2025 жылдың 3 айында қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза түрлеріне сотталған 126 азамат есепте тұр. Олардың ішінде 14-35 жас аралығындағы жастар саны 59 адамды құраса, 3-і – әйел азаматша. Қазіргі таңда есепте тұрған жастардың арасында 30 азамат өзін-өзі жұмыспен қамтып, жеке кәсіпкерліктер мен шаруа қожалықтарында әртүрлі жұмыстар атқаруда. Ал 20 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан, 5 сотталған азамат – студент, 1 сотталған жан бала күтімімен үйде, 2 адам тергеу изоляторында. Сондай-ақ істі болған 1 жұмыссыз азамат қазіргі таңда «Еңбек мобильдігі орталығы» мекемесінің Жамбыл ауданы бойынша Мансап орталығынан кәсіптік маман игеру барысында оқуға жолданып, сәуір айында сол оқуы басталады. Сонымен қатар Жамбыл ауданы прокуратурасының үйлестіруімен аудандық пробация қызметі, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері бірлесіп құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыстық құқық бұзушылықтың қайталануын болдырмау мақсатында түнгі рейдтік шаралар өткізілді. Олардың аясында бұрын сотты болған тұлғалардың тұрғылықты мекенжайына тексеру жасалып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ал өткен жылы аудандық пробация қызметі бөлімімен бірлесе пробация есебінде тұрған азаматтармен «Таза Қазақстан» экологиялық акцияcы аясында Аса ауылында адам көп шоғырланған орынға 2 экожәшік жасалып, орналастырылған еді. Бұған қоса пробация есебінде тұрған жастармен ұлттық ойынды дәріптеу мақсатында садақ атудан жарыс өткен болатын.
Қазіргі қоғамда жастардың рөлі күннен-күнге артып келеді. Елдің ертеңі саналатын жас буын тек білім алып қана қоймай, қоғамдық өмірге белсене араласуы қажет. Әсіресе, түрлі іс-шараларға, еріктілікке, спорттық, мәдени, әлеуметтік және интеллектуалдық жобаларға қатысу жастардың жан-жақты дамуына жол ашады. Мұның бірнеше жақсы жағы бар. Айталық, осы арқылы жастардың бойында жауапкершілік, көшбасшылық, қарым-қатынас дағдылары мен патриоттық сезім қалыптасады. Бұл өз кезегінде жас буынның жеке тұлға ретінде қалыптасуына, қоғаммен байланыс орнатып, өз орнын табуына мүмкіндік сыйлап, шешендік, ұйымдастырушылық қабілеттерін арттырады. Сол себепті жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында 2025 жылдың І тоқсанында 11 бағытта 340 іс-шара өтіп, оларға 5 791 жас қамтылды. Ал жыл басынан бері бүгінге дейін волонтерлік бағытта 203 іс-шара ұйымдастырылып, 2 865 жас ерікті атсалысты.
Жалпы осы жылдың алғашқы үш айында аудан көлемінде ауқымды іс-шаралар көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтсақ, Халық жазушысы І.Есенберлиннің 110 жылдығына орай мәнерлеп оқу және суреттен, жас тігіншілер арасында «Алтын ине» аудандық жас тігіншілер арасында байқау, Ұлыстың ұлы күніне орай Бесағаш ауылдық округінде қазақ күресі, волейболдан республикалық ашық турнир, «Cake Land» кондитерлер сайысы, Ш.Уәлихановтың 190 жылдығына орай «Футбол – салауатты өмірдің кепілі» атты кіші футболдан дүбірлі дода ұйымдастырылды.
Сонымен қатар Жамбыл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ аудандық полиция бөлімі және аудандық білім бөлімімен бірлесе жыл басынан бері аудан жастары мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында барлық ауылдық округтерде 17 түнгі рейд жұмысы жүргізілді. Жастарға қауіпсіз және жайлы орта құруға, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі мезгілде қараусыз жүрмеуін қадағалауды мақсат еткен рейд барысында кәмелеттік жасқа толмаған 12 жасөспірім ұсталып, ата-анасына табысталды және түсіндірме жұмыстарын жүргізіліп, хаттама толтырылды. Бұған қоса жуырда «AR-AI» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек Жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысып, жаңа жобаларды көрді. Қаламгер орталық қызметкерлерімен де кездесіп, толғандырған сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар қайтарымсыз грантқа ие болған және «Ауыл аманаты» жобасына қатысқан жастармен кездесіп, ілкімді істерімен танысты. «Әулиеата – кітап оқитын өңір» науқаны аясында «Кітап ал, кітап сыйла» жобасының кітап қорын еңбек адамдары туралы жазылған кітабымен толықтырды.
Жастар ресурстық орталығы тарапынан жүзеге асырылып жатқан жарқын жобалар да жетерлік. Мысалы, соның бірі – жастардың өз қолымен әзірлеген «Шаштараз» жобасы. Мұндағы мақсат – әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы аналарға, үйде отырып күйбең тіршіліктен босай алмай, өз-өзіне қарауға мүмкіндігі болмайтын аналарға әсемдік сыйлау. Яғни бір сәт болса да әйел азаматына өзінің әдемі екенін сезінуге мүмкіндік беру. Бұл жерде өз қызметкерлеріміздің арасынан қолынан шаш қырқу, әсемдеу келетін жастар осы аруларға қызметті тегін көрсетеді. Жамбыл ауданында сұранысқа ие «Шаштараз» жобасы көп отбасылардың көңілдерінен шықты. Әйелге әсемдік жарасады, әйел күлсе, әлем күледі. Осылай аруларымыздың күліп жүруіне және сенімділігін арттыруға көмектесеміз.
Тағы бірі – «Кітап ал, кітап сыйла» жобасы жасөспірімдер арасында кітап оқуды насихаттау бойынша жүргізіліп жатыр. Жобаның мақсаты – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және жастар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді пайдалануға бағыттау. Осы жобаның аясында «Сыр сұхбат» шығарылымы да бастау алды.
2024 жылдың желтоқсан айынан бастау алған «Шағын кинотеатр» жобасы қазіргі таңда үлкен жобалардың біріне айналды. Кинотеатр жасау оны жабдықтау бәрі жастардың өз қолдарымен жасалған, қарапайым дүниелерден тұрады. Қазір жоба басталғалы 2 айдың ішінде 15 шақты кинокөрсетілім ұсынылып, 150-ге жуық жасты қамтыдық. Алдағы уақытта бұл жоба жаңа белестерден көрінеді деп сенеміз.
«Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жастарды дәріптеу мақсатында «АуылBAY» жобасы түсірілімін жалғастыруда. Жыл басынан бері кәсіпкер атанған 1 жаспен сұхбат жүргізіліп, әлеуметтік желілерде 4 мыңнан астам қаралым жинады. Бұл жоба алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
«Мерген – дәстүрлі садақ ату» жобасы 2024 жылы қараша айынан бастап өз жұмысын бастады. Жалпы, бұл жоба жастарды белсенді өмір салтына тарту, оларды ұлттық құндылықтарға баулу және өз бойында жаңа қабілеттерді ашуға көмектеседі. Оның мақсаты – садақ ату спортын аудан көлемінде дамыту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал ету. «Мерген – дәстүрлі садақ ату» жобасы аудан бойынша 6 ауылдық округте өтіп, оған 103 жас қатысты.
Кешкі уақытта жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал ету мақсатында «Қара, оқы кеші» жобасы қолға алынды. Жастардың көңілінен шыққан бұл жоба әр ауылдық округте өз жалғасын табуда. Бұл алдағы уақытта барлық ауылдық округте ұйымдастырылып, қорытындылау кеші де өтеді деп жоспарлануда.
«Кофе тайм» жобасы аясында жетістікке жеткен 4 жас кәсіпкерден сұхбат алынып, әлеуметтік желілерде жарияланды. Бұл жобаның мақсаты – жетістікке жеткен жас кәсіпкерлердің кәсіптегі қызығы мен қиыншылығы және кәсіп бастаған жастарға өз идеяларымен бөлісіп, мотивация беру.
Ал «Сөз мергені» – көркем сөз өнерін насихаттау, ақындардың шығармаларын жаңғырту және жас таланттардың өлең оқу шеберлігін дамытуға арналған жобаның бірі. Бұл қазақ әдебиетінің бай мұрасын дәріптеп, қатысушыларды шешендік өнер мен поэзияны терең түсінуге баулиды. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде 2 шығарылым жарық көрді.
Сол секілді «JaSStarga kenes» жобасы жастарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсінік береді. Мұның аясында түрлі бағдарламалардың маңызды тұстарын ашып, пайдалы кеңестермен бөлісеміз. Әр бөлімінде барлық мемлекеттік бағдарламаның жастар үшін қажетті лайфхактарын қарастырамыз. Қазіргі таңда 2 бөлімі жарық көрді. Олардың біріншісі – «Болашақ», екіншісі «Жастар практикасы» бағдарламасына арналды. Жастардың көңілінен шыққан айдар түріндегі бұл жоба бүгінге дейін 1 мыңнан аса қаралым жинап, сұрақ-жауап алмасу процессі жақсы болып жатыр. Алдағы уақытта түсірілім бойынша жоспар бекітіліп, аталған айдар бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіледі.
Жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында 2024 жылы бастау алған «Үстел теннисі» жобасы өз жұмысын қарқынды түрде жалғастыруда. Бұл жоба – бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ашылған үйірме. Аптасына екі күн жастарды қабылдайтын үйірмеге келушілердің де қатары артып келеді.
2025 жылдың наурыз айынан бастап «Жастар ресурстық орталығының» бірінші қабатынан кеңес беру орталығы ашылды. Бұл орталықта кеңес алып, депозит ашуға болады. Бүгінгі таңда мұнда 50-ге жуық тұрғын кеңес алып, депозит ашқан. Кеңес беру орталығы арқылы «Наурыз» бағдарламасына 10 адам өтінім берді. Ал «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына 15 адам өтінім беріп, 5-еуінің өтінімі қабылданды.
Бұған қоса отбасының беріктігін нығайтып жастарға отбасы болудың маңызын насихаттау мақсатында қызықты «LOVE STORY» айдары да жұмысын бастады. Жыл басынан бері 5 жасқа неке куәлігі салтанатты түрде табыс етіліп, қызықты сұхбаттар жүргізілді.
Орталығымыздың ғимаратынан заман талабына сай фотостудия да ашылды. Жуырда ғана өз жұмысын бастаған студияда ауданға белгілі жас әншілермен бейнебаян түсіріліп, әлеуметтік желілерге жариялануда. Сонымен қатар Қазақстан эстрадасында жарқырап келе жатқан жас әнші Айбек Қайбулламен жұлдызды сұхбат өткізіліп, әлеуметтік желіге салынды. Жастардың шығармашылығын шыңдау, креативті ойлауды қалыптастыру, бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Жайдарман» ойындары да қолға алынған. Атап айтқанда, әр ауылдық округтегі жастар арасында іріктеу сайыстары өткізілуде. Іріктеуден іркілмей өтіп, жеңімпаз атанғандар арасында финалдық ойындар ұйымдастырылып, ол жерден оқ бойы озық шыққан топтар облыстық, республикалық «Жайдарман» ойындарына жолдама алуда.
Жұмыссыз жүрген жастарды кәсіпке баулу мақсатында «Жас шебер» атты қолөнерге баулу үйірмесі де көптің көңілінен шығуда. Түрлі химиялық қоспалар арқылы әртүрлі бұйымдар жасайтын үйірме жастарды қабылдап қолөнерге баулуда.
Сондай-ақ Айша бибі ауылдық округінің мәдениет үйінде поэзия, өнер, айтыс бағытында «Жас ақындар» аула клубы ашылған. Үйірме қатысушылары аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Жетекшісі – белгілі айтыскер ақын Нұрлыбек Құрманов. Бұдан бөлек, орталықтың жанынан ашылған «ГЕККОН» спорттық-туристік клубы да өз тиімділігін көрсетуде. Ал жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында жұмысын бастаған «Аlshyn» жекпе-жек клубында қазір 60 жас спортпен шұғылданады.
Жамбыл жастары үшін өткен жыл толайым табыстармен аяқталды. Атап айтқанда, Жамбыл облысының 85 жылдығына орай «AULIEATA CAMP» атты облыстық жастар спартакиадасында кіші футболдан Жамбыл ауданының жастары бас жүлдені иеленсе, команда мүшесі Дәулет Темірғалиев «Үздік ойыншы» атанды. Сондай-ақ облысымыздың 85 жылдығына орай өткен «Жамбылдың жастары жырлайды!» атты жас ақындар арасында өткен мүшәйрада Жамбыл ауданынан қатысқан Аят Батей топ жарды.
Сондай-ақ орталықтың қаржы-әкімшілік бөлімінің басшысы Гүлмира Маханова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Жаңа Қазақстанның жыл адамы» атты республикалық байқауына қатысып, I дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша орталықтың бөлім басшысы Айғаным Мұқашханова – «Үздік жастар ресурстық орталығының маманы», Дәулет Темірғалиев «Үздік волонтер жас» номинацияларына лайық деп танылды. Сонымен қатар Айша бибі ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі маманы Нұрлыбек Құрманов «Жастар орталығының 20 жылдығы» төсбелгісімен марапатталды.
Қорыта айтқанда, Жастар ресурстық орталықтары – жай ғана мекеме емес, өскелең буынның дамуына жол ашатын көпір. Онда әр жас өз арманына бір қадам жақындай алады. Белсенді өмір сүруге, жаңа мүмкіндіктерді игеруге ұмтылатын әрбір жас үшін мұндай орталықтар сенімді серік, қолдау көрсететін орта. Сондықтан еліміздің әрбір жас азаматы осы орталықтардың мүмкіндігін тиімді пайдаланып, өзін-өзі дамытуға күш салуы қажет. Елдің ертеңі – белсенді, саналы, жан-жақты дамыған жастардың қолында. Сол жастарды қанаттандыратын алтын ұя – Жамбыл ауданы Жастар ресурстық орталығының алар асуы мен бағындырар биігі әлі де алда.

Жандар ТОҚСАБА,
Жамбыл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.