Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жарқын жүзі жадымызда

0 219

Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Тараз қаласы және Талас ауданының Құрметті азаматы Болат Бекжанов 62 жасқа қараған шағында жарық жалғаннан өтті.

Ол облыстық телерадио комитетінде режиссер, редактор, аға редактор, «Ақ жол» газетінде тілші, «Шабыт» гуманитарлық этнографиялық бірлестігінде ұйымдастырушы, облыстық денсаулық сақтау департаментінде баспасөз орталығының жетекшісі, облыстық «Ақ жол» газетінің әдеби қызметкері, Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі, баспасөз жөніндегі хатшысы болып еңбек еткен. 2005-2010 жылдар аралығында облыстық «Ар-Ай» қоғамдық саяси және танымдық жастар газетінің Бас редакторы қызметін атқарды. Кейін Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінде бас редактор, «Театр.kz» журналының редакторы болып тер төкті. Өмірінің соңғы жылдарында А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры қызметінде болды.

Марқұмның отбасына, туған-туыстарына және қалың оқырманына қайғырып көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

Тараз қаласының әкімдігі, қалалық мәслихат және ардагерлер кеңесі.

Өнерге шын берілген жан еді

2020 жылдың 29 қазанында Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры, жазушы-драматург Болат Үмбетәліұлы Бекжанов 62 жасында мезгілсіз дүние салды.

Болат Үмбетәліұлы 1958 жылы 4 қарашада Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген. Ол Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің театр-көркемөнер режиссері мамандығы бойынша, кейін, С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алған. Аптал азамат 1978 жылдан бері 40 жылдан аса уақыт еліміздің, өңірдің, оның ішінде қасиетті Тараз жерінің де өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосты.
Б.Бекжанов – «Болмайды ғой», «Редактордың қойын дәптері», «Өмір-драма», «Сахнадан сыр айтамын», «Құс жолынан жыр төктім», «Көз көргендер» атты алты томдық кітабы (2018 ж.) «Шымылдықтың арғы жағы» (1998 ж.), «Бізбіз» (2009 ж.) атты сатиралар жинағының, «Құс қанатындағы сағыныш» (2008 ж.) атты поэтикалық жинақтың авторы.

2018 жылы Б.Бекжановтың 60 жас мерейтойына арналған «Құс жолынан жыр төктім» атты поэтикалық кеш өтіп, баспадан жаңа шыққан алты томдық кітабының тұсаукесері болған еді.

Б.Бекжановтың қаламынан туған «Айша бибі» махаббат дастаны драмасы, «Үйлену увертюрасы» мюзиклі, «Өмір» мелодрамасы, «Жеті лақ», «Түлкі-бүлік» атты балаларға арналған ертегі қойылымдары Жамбыл облыстық қазақ драма театрында, сондай-ақ, еліміздің өзге де театрларында сахналанған. Ол орыс драматургі В.Красногоровтың «Әйел тауқыметі», татар драматургі Т.Минулиннің «Альдермаштағы Альдерман» атты драмаларын қазақ тілінде сахнаға әкелді.
Ол өмірінің соңғы айларында «Абай-Ақмай» атты жаңа драмасын және Түлкібас жерінің аталу тарихын ел аузындағы аңыз-әңгімелерден зерттеп, «Түлкі батыр» атты поэмасын жазып бітірді. Болат Бекжанов – сазгер ретінде де танымал болды. Оның бірнеше әндері бүгінде қазақ эстрада жұлдыздарының репертуарларында орындалып жүр.

Болат Бекжанов еңбек жолын 1978 жылдың 1 қаңтарынан Жамбыл облыстық қазақ драма театрында актер болып бастады. Осы өнер ордасында 1982 жылдың қазан айына дейін қызмет жасап, киелі сахна төрінде сан алуан образдарды сомдау арқылы тамаша актерлік шеберлік мектебінен өтті. 1979 жылы драматург Әлдихан Қалдыбаевтың жасөспірімдерге арналған «Шаншар атай» драмасында басты рөлде Саматай образын үлкен шеберлікпен сомдап, сол кездегі КСРО бойынша Бүкілодақтық театр фестивалінің лауреаты атанды.

1982 жылдан облыстық кәсіподақтар комитетіне қарасты Мәдениет үйінің директоры және драма тобының жетекшісі қызметін атқарды. Осы кезеңде қалың жұртшылықты халық шығармашылығы жұмыстарына тарта отырып, Мәдениет үйінің жұмысына тың серпін қосты. Осыдан кейін 1985 жылы Мәдениет үйіндегі драмалық топ «Халық театры» атағын алды. Сол жылдары аталған халық театры бірнеше рет облыстық және республикалық халық театрлары байқауларына қатысып, жеңімпаз атанды. Ал, Б.Бекжановтың өзі аталған театр үйірмесінің «Халық театры» атағын алуына қол жеткізгені үшін «Халық театрының үздік режиссеры» дәрежесіне ие болды.
Б.Бекжанов 1990 жылы Жамбыл облыстық телерадиокомитетіне режиссерлық қызметке шақырылып, осы ұжымда 1993 жылға дейін редактор, аға редактор қызметтерін атқарды. 1993 жылы Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетіне әдеби қызметкер болып ауысты. 2001-2005 жылдары – Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы, облыстық «Ақ жол» газетінің тілшісі қызметтерін атқарды. 2005 жылы жаңадан ашылған Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетіне бас редактор болып тағайындалып, осы газет жұмысының қалыптасып, жолға қойылуына көп еңбек сіңірді. 2010 – 2014 жылдары Тараз қалалық «Жамбыл – Тараз» газетінде бас редактор қызметін атқарып, газет материалдарының сапалық деңгейін көтерумен қатар, көптеген ел қызығып оқитын жаңа айдарлар мен арнайы беттер ашуды қамтамасыз етті.

Б.Бекжанов 2014 жылдан өмірінің соңына дейін Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры қызметін атқарды. Ол театр директоры және театрдың Көркемдік кеңесінің төрағасы ретінде театрдың үлкен жетістіктерге қол жеткізуіне көп еңбек сіңірді. Театр өз еліміздің, сондай-ақ, шет ел классиктерінің де жұртшылыққа кеңінен танымал туындыларын енгізуді жолға қойды. Сонымен қатар, сахнаға бүгінгі күн тақырыбындағы, тарихи тақырыптардағы шығармаларды, әр түрлі оқиғалы комедияларды, балаларға арналған ертегілер мен шағын сюжетті спектакльдерді қоюды ұтымды ұйымдастыра білді. Сол қойылымдардың көпшілігімен Астана, Алматы қалаларына және өзге де өңірлерге тұрақты түрде гастрольдік сапарлар ұйымдастырып тұрды. Болат Бекжановтың басқаруындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры тек соңғы екі-үш жыл көлемінде бірнеше рет Республикалық және Халықаралық театр фестивальдарының лауреаты атанды. Театр 2017 жылы Румыния елінде өткен Халықаралық театр фестиваліне «Қыз Жібек» саунд-драмасымен қатысып, «Ашық аспан астындағы үздік қойылым» және «Үздік театр» номинацияларын жеңіп алды. Театр, сондай-ақ, 2019 жылы Татарстанның Қазан қаласында өткен Халықаралық театр фестивалінде де арнайы жүлдеге ие болды.

Болат Бекжанов Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі ретінде, осы одақтың игі бастамалы жұмыстарына да белсенді түрде ат салысып, белгілі драматургтермен тұрақты байланыс ұстау нәтижесінде, театр репертуарын жаңа туындылармен байытып отыруға үлкен мән берді. Ол, театртанушы ретінде де, салиқалы ойлар қозғайтын туындылар жазып, қаламгерлік қабілет-қарымының тағы бір қырын танытқан еді.

Оқырмандары Б.Бекжановты – талантты ақын-жазушы, драматург, сазгер, жан-жақты дарынды тұлға ретінде мақтан тұтты. Ол – өзі туып-өскен Жамбыл облысы Талас ауданының және Тараз қаласының Құрметті азаматы.

Ол әдебиет, мәдениет және өнер жолындағы осынау зор еңбектері үшін әр жылдары Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» белгісімен, Қазақстан Театр қайраткерлері одағы тағайындаған республикалық «Еңілікгүл» кәсіби сыйлығының «Жыл драматургі» номинациясы жүлдесімен, Республикалық көркем әдебиет туындылары байқауының «Үздік балалар драматургі» жүлдесімен, «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы» медалдерімен марапатталған болатын.

Болат Бекжанов жұбайы Жалғат Айтуева екеуі отбасында 4 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұл-қыздарының бәрі де жоғары білімді қызметкерлер.
Марқұм Болат Үмбетәліұлы Бекжановтың алды – пейіш, арты – кеніш, жатқан жері жайлы болсын! Біз, Болат Бекжановтың халқымыздың мәдениетіне, әдебиетіне, ғибраты мол театр өнеріне сіңірген еңбегі мен артында қалған мол мұрасы кейінгі ұрпақ санасынан өшпей, жаттала беретініне кәміл сенеміз.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылығы мен ұжымы

Асқар Тоқпанов атындағы
Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әкімшілік және көркемдік басқару құрамы мен ұжымы

Көңілім көшкен елдің жұртындай құлазып қалды

Бала кезден бірге өскеніңді айтпағанда, әдебиетте де, өнерде де жұбың жазылмай қатар жүріп, ой бөлісіп, пікір алмасып, кейде тағдыр деген майдандағы жол тосқан қарау ниетті Батыраштардан жазықсыз теперіш көрген сәттеріңде мұңыңды бөлісіп жүрген досыңнан қапияда айырылған қиын болады екен, Болат өмірден өткелі көңілім құлазып, жандүнием кәдімгідей қоңылтақсып қалды.

Қазақтың киіз үйінің беріктігі, шаңырағының асқақтығы оның табалдырығына, керегесі мен уғына байланысты болмағы сияқты, талантты тұлғалардың өнердегі тағдыры да оның туған топырағының қасиетіне табан тіреп, сондағы адамдардың туабітті шешендігіне, тапқырлығына, ел аузындағы ілгері-кейінгі шежірелерді жетік білетіндігіне алпыс екі тамырындағы қаны арқылы байланып тұрады. Төл әдебиетіміздің марқасқалары мен әлем әдебиетінің класиктерінің өзі мұндай құнарлы азықты бере алмайды.

Мен білетін Болат ауыл адамдарының айтқыштығынан нәр алып, оны өзі ары қарай дамытып, шығармаларына шебер пайдалана білетін. Әсіресе, Қанайбек көкем туралы әңгімелерінің тізгінін жіберген кезде тыңдап отырған құрдастары көзінен жас аққанша күлуші еді. Құдай берген актерлік шеберлігімен, ақын, жазушылық алғырлығымен ауыл әңгімелерін қаз-қалпында суреттегенде өзің де сол оқиғаның куәгері болғандай, бір серпіліп қалатынсың.

Айтайын деп айтпайсың ғой, осындай жандүниеңе жақын адамыңнан айырлып қалған сәтте еріксіз еске түседі.

Бала кезіміз. Кім айтқаны есімде жоқ, бір күні құлағыма «Болат өлең жазыпты…» деген «әңгіме» жетті. Сөйтсем «төртіншіде» ме, «бесіншіде» ме оқитын Бөкентайымыз класындағы бір қызға «ғашық» болып қалып, өлең арнапты. Әлгі өлеңінің «сұмдығы» сол, әр жолының бас әріптерін құрастырып кеп жіберсең… «сүйіктісінің» аты шыға келеді екен.

Ол кезде өлең жазбақ тұрмақ, қызға ғашық болу дегеннің не екенін білмейтін маған бас әріптерден «құралған» қыз аты қатты әсер етті. Керемет тапқырлық болып көрінді.
Жетпісінші жылдардың бас жағында ма екен, біздің ауылдың жартысы түгел «ата-бабамыздың қонысына барып түтін түтетеміз» деп Бестам деген жерге көшті де кетті. Ол жер қазір Сейілбек ауылы деп аталады. Солармен бірге Болатын алып, Сейсекүл апам да кетті. Сөйтіп керемет тапқырлығымен таңғалдырған досымнан бір күнде көз жаздым да қалдым.

Кейін есейіп аудандық, облыстық газеттерде қызмет етіп жүрген кезімде Болатпен тағдырым қайта тоқайласты.
Бала кезде үйіміз көрші болса, әдебиет, өнер деген өлкеде жанымыз көрші болды. Талай қызықты да, шыжықты да бастан кештік.
Болат өмірден де, өнерден де өз орнын тапты. Прозасы, поэзиясы, драматургиясы, режиссурасы, композиторлығы бар, бәріне үлгеріп, солардың әрқайсысына әз жүрегінің өз әуенін, өз дірілін қалдарып кетті.

Амангелді ауылынан Болаттың ағайындары «Жәдік көлім, қайдасың?» деп бірер жылдың бедерінде (Боран жездемнен басқасы) түгел үдере көшіп кеткенде жұрттарында қаңырап қалған үйлерді көріп бір мұңайып қалып ем, мына өмір атты өлкенің де мәңгілік емес екеніне көзімді тағы бір рет жеткізіп, жедел жөнеп кеткен кезде Бөкентайымды іздеп көңілім тағы да шөнжіп, тағы да шөгіп қалды.
Бірақ қанша өкінгеніңмен Алланың ісіне амалың бар ма?
Бақұл бол, Болат досым!
Тектұрмастың топырағы сен үшін торқа мен торғын маталардай майда, жұмсақ болсын!
Жалған дүниені тәлкек қылғандай жайдары жүзбен жүруді қалап тұратын жаның Жәннатта шалқысын, Бөкем!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Арлы ақынды аза тұтады ақиқат
(Болат Бекжановтың қазасына)

Әзірейлінің оранған шапанына,
Аты да көп, аурудың түрі де көп.
Аузы ашылған ажалдың апанына
Салып алды ақынның бірін ерек.

Көне ме анау көрге бұл ақын бірақ?..
Сене ме анау жұрт оның өлгеніне…
Өлеңі анау – қайғырып жатыр жылап,
Бөлеп алау жүрегін жөргегіне…

Жадау күннің жанарын мұнар басқан,
Жүдеу жел де сыңсиды жоқтау айтып.
Сынық қанат армандар мұң арбасқан
Бірге ұшқан қосылмақ топқа қайтіп…

Сәні бар-ды толтырған сахнаны,
Әні қалды айтылмай жетімсіреп.
Жалған ғана жар сала аһ ұрады,
Бақи өмір басталды екінші деп…

Жүк артқандай жөңкіле көшті бұлттар,
Жұбатқандай қараша-ай қазан айды.
…Кір дүниеге болмаған еш кіріптар
Арлы Ақынды ақиқат азалайды!..

Үміт БИТЕНОВА, ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.