Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жарқын істер жемісін беруде

0 184

Өңірге келген Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев облыстың тыныс-тіршілігімен танысып, бірқатар нысандарды аралады.

Арайлым ШАБДЕНОВА, Сәндібек ПІРЕНОВ

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Мемлекетімізде жүргізіліп жатқан саяси-экономикалық реформалар табысты болуы үшін билік өкілдері осы қағидаттан айнымауы тиіс. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мақсатқа әлі жете қоймағанымызды, жүйені дұрыс қалыптастыруға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек екенін ескертті. Мұның барлығы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру жолындағы маңызды қадамдар. Қазір арқаны кеңге салатын кезең емес. Сондықтан ел Үкіметі Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыруға жедел кірісті. Әсіресе, әлеуметтік саясатты жаңғырту бағытында ауқымды іс-шаралар жасалуда. Осы бағыттағы жұмыстарды жұртшылыққа жеткізу үшін Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтің жұмыс тобы өңірлерді аралап, жергілікті тұрғындармен жүздесуде.

Тараз туристік орталыққа айналуы керек

Жергілікті билікке қойылатын талаптардың негізгісі – азаматтарға өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру. Бұл бағытта Жамбыл жерінде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар бар. Соның бірі – Тараз қаласын тарихи келбетіне сай қайта жаңғырту. Сол арқылы ішкі туризмді дамытып, экономиканы еселеу. Осы мақсатта әрі облыстың 80 жылдығына орай өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің бастамасымен шаһарда «Шахристан» этномәдени кешенінің құрылыс жұмыстары басталған болатын. Жамбыл жеріндегі жұмыс сапары барысында Бердібек Сапарбаев құрылысы жүріп жатқан «Шахристан» этномәдени кешенімен танысты. Үкімет басшысының орынбасарына кешендегі жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев баяндады.

Бүгінде кешендегі 8 нысанда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 85-90 пайызы, әрлеу-безендіру жұмыстарының 30-35 пайызы аяқталған. Барлығы 500-дей құрылысшы, 30-дан аса техника жұмылдырылған. Әрлеу жұмыстарына Самарқан стиліндегі кірпіштер қолданылып жатқандықтан, Өзбекстаннан арнайы мамандар тартылуда. Құрылыс алаңына инфрақұрылым жүйесі толықтай жүргізілген. Жалпы төрт гектар аумақты құрайтын орталықтағы құрылыс жұмыстары қараша айының соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Вице-премьер жасалып жатқан жұмыстарды құптап, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз тарихын таныту жұмыстары Түркістанды дамытумен қатар жүргізілуі керектігін, көне Таразды халықаралық туристік орталыққа айналдырудың маңызын баса айтты.

Вице-премьер Бердібек Сапарбаев жұмыс сапары барысында «Тектұрмас» тарихи кешеніндегі жұмыстың жай-күйімен танысты. Қазіргі таңда жалпы аумағы 20 гектардан асатын кешенде биіктігі 22 метрге жететін Әулиеата ескерткішінің тұғыртасы қалануда. Бұл өңірдегі ең биік ескерткіш болмақ. Бүгінде құрылыс басында 100-ге жуық жұмысшы, 10-нан астам техника жұмыс істеп жатыр. Жалпы ескерткіш орналасатын тұғыртастың өзі 8 метр болса, мүсіннің биіктігі – 14 метр. Ескерткіш биік қырдың басында орналасқан. Қырдың етегінде кіреберіс қақпа, арнайы тамашалау алаңы, ескерткішке көтерілетін баспалдақ болады. Жанында Талас өзені ағып жатыр. Өзеннің үстіндегі көпірдің екі жағында биіктігі 4 метр болатын екі арыстанның мүсіні, баспалдақ бойымен Қарлұқ қағанаты кезінен араб экспансиясына дейінгі қалалар бейнеленетін инсталяция орнатылмақ. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің айтуынша, ескерткіш «Тектұрмас» жобасының бірінші кезеңі бойынша бой көтеруде. Жобаның екінші кезеңінде ескерткіштің сол жақ бөлігіндегі алаңда Атлах шайқасы мен Аңырақай шайқасын бейнелейтін қабырға орнатылмақ. Сондай-ақ өңір басшысы ескерткіштің айналасына Тараздың терең тарихынан сыр шертетін басқа да жобалар жоспарланғанын жеткізді. Бұл жобаларды әрі қарай жетілдірсе, туристер үшін тартымды аймақ болары сөзсіз. Осыны ескерген Б.Сапарбаев оның құрылыс жұмыстарына қолдау көрсету мақсатында Мәдениет және спорт министрлігіне нақты тапсырмалар берді.

Бұдан соң вице-премьер өткен жылы қайта жаңғыртылған «Жеңіс» саябағына барды. Бүгінде саябақты көркейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп, көз тартарлық күйге енген. «Жеңіс» саябағындағы «Данқ» залына Бердібек Сапарбаев жоғары баға берді. Залдың бірінші қабаты Ұлы Отан соғысы жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Ондағы 1941, 1942, 1943, 1944-45 жылдарға арналған қабырғаларға қойылған суреттер сол кезеңдегі соғыс көріністерін еріксіз көз алдымызға алып келеді. Мәселен, 1941 жылға арналған қабырғада «Барбаросса» жоспарының картасы, Мәскеу үшін шайқасының, генерал-майор И.Панфиловтың, Б.Момышұлының, Н.Белошевтің және басқа да барлығы 100-ден астам фотосурет мен 200-ден аса құжат қойылған. Ал 1942 жылға негізделген қабырғасы «Ленинград блокадасына» арналған. Онда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың суреті, ақынның «Ленинградтық өренім» атты отты өлеңі және өзге де дүниелерді көруге болады. 1943 жылға арналған қабырғада Сталинград, Курск шайқастарына арналған үлкен фотолар жинағы орналасқан. Онда барлығы 1 миллион 300 сурет қамтылған. Сол секілді 1944-45 жылдарға арналған қабырғада Қызыл Әскердің Еуропаны азат етуін бейнелейтін фотолар жинағы берілген. Сондай-ақ залда «Рейхстагқа ту тігу» барельефі қойылып, тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін, 1945 жылғы 24 маусымдағы Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруі және Жеңістің 70 жылдығына арналған Астана қаласында өткен салтанатты шараның суреттері де көрініс тапқан. Жамбылдық майдангерлердің 500-ге жуық медалін іздеген адам осы залдан табады. Ал нысанның екінші қабатында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан.

Тараз – тарихтың темірқазығы

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Тарих қоржынын талай жылдан бері тың жаңалықтарымен толықтырып отырған Тараз топырағына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев арнайы тізгін тартыпты. Конференцияға аталмыш шараның өтуіне мұрындық болған Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мен Жамбыл жерінде бірқатар тарихи орталықтардың салынуын өз құзыретіне алған облыс әкімі Асқар Мырзахметов, сондай-ақ тарихы тамырлас елдердің профессор-ғалымдары қатысты.

Қазақ хандығының туы тігілген Жамбыл жері тарихтың темірқазығы десек әбден болады. Шыңғыс хан негізін қалаған алып империя ыдырған соң, Алтын Орда мен Шағатай ұлысы және Моғолстан мемлекеті пайда болды. 1269 жылғы Талас құрылтайы арқылы сол дәуірдегі оқиғаларды тереңірек зерттеу мүмкіндігі туып отыр. Бұған біз ғана емес, тамырлас түркі елдері де қызығушылық танытты. Конференцияда Дархан Қыдырәлі Талас құрылтайы жайында тарих беттерін парақтап, қонақтарға сөз тізгінін беріп отырды.

– Тарихсыз болашақ болмайды. Сондықтан да оны бүкіл елге кеңінен насихаттау үшін біз зерттеу жұмыстарын тоқтатпауымыз керек. Мемлекет басшысы осы бастаманы көтеріп, еліміздің сан ғасырлық тарихын әлемге таныту жұмыстарын Үкіметке тапсырған болатын. Осыған орай, Алтын Орданың 750 жылдығы аясында Қарағанды, Атырау қалаларында басталған шаралар алдағы уақытта Түркістан мен Нұр-Сұлтан қалаларында жалғасын табады. Біз тек Түркістанды ғана емес, Таразды да халықаралық туристік орталыққа айналдыруымыз керек. Себебі туризм – бұл тарих, тәлім-тәрбие әрі табыс көзі. Бізде Шыңғыс ханның ұрпақтарына арналған ескерткіш жоқ. Тек Жошы ханның ғана ескерткіші Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында орналасқан. Соның өзі Алтын Орданың қазақ жерінде пайда болғанын дәлелдейді. Ендігі мақсат – Ұлытау өңірінде археологиялық жұмыстар жүргізіп, туристік орталыққа айналдыру. Қазірде біз халықаралық ЮНЕСКО ұйымымен де байланыс жасаудамыз. Ондағы мақсат – Ұлытауды ЮНЕСКО тізіміне енгізу арқылы туристік орын жасау. Салт-дәстүріміз бір, тарихымыз тамырлас түркі елдеріне алғысымды білдіремін. Ендігі кезекте тарихты бірігіп зерттеуге үлкен күш салсақ, дүние жүзі халықтары алдында абырой-беделіміз артар еді, – деді Бердібек Сапарбаев.

Әрине, Мемлекет басшысының қолдауымен республикамыздың екі қаласында конференция өтті. Бірақ соның жалғасы ретінде биылғы ең ірі ғылыми конференция Тараз жерінде өтіп отырғаны анық. Себебі еліміздің іргетасы осында қаланған.

«Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтсек, енді Алтын Орданы мерекелеу арқылы өзіміздің тарихымызды тағы 200 жылға ұзартамыз» деген Бердібек Сапарбаевтың сөзін тілге тиек еткен Дархан Қыдырәлі Тараз төріндегі тарихи кешендердің бой түзеуі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің арқасы екенін айтып, сөз кезегін ұсынды.

– Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың өзі «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп баға берген. Қаламызда тарихқа ерекше көңіл бөліну керек. «Шахристан» этномәдени кешенінде құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандардың ішінде «Руханият және тарихтану» орталығының іргесі қалануда. Мұндағы мақсат – тарихымызды әлемге әйгілеу. Соның нәтижесінде ұрпақтар сабақтастығын осы орталық арқылы қалыптастыру, – деді Асқар Исабекұлы.

Облыс әкімінен кейін көршілес Моңғолстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Татарстан делегаты мен Ноғай ұлысынан келген тарихшылар тобы қолға алынып жатқан маңызды бастамаларды қолдайтындарын жеткізді. Сондай-ақ Қырғыз Республикасы «Ыйман» рухани мәдениетті дамыту қоры басқармасының төрағасы Нұржігіт Қадырбеков бастаған делегация аталмыш конференция Бішкек қаласында жалғасатынын мәлімдеді. «Біздің тарихымыз бізді біріктіруі керек. Талас құрылтайы жайында беймәлім жаңалықтар ғалымдардың зерттеулерінен кейін шығады. Талас құрылтайы арқылы тек Алтын Орда емес, Моғолстан мемлекетінің де негізі қаланды. Моғолстан қазақ пен қырғыздың ортақ мемлекеті болды. Қырғыз ғалымдарымен осының тарихын зерделеу арқылы тамырлас екі елдің достығын нығайту керек», – деді Нұржігіт Қадырбеков.

– Биылғы жыл Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл ғана емес, биыл Алтын Орданың іргесі сөгіліп, шаңырағының ортасына түскеніне 600 жыл. Себебі сол жылы Едіге хан опат болды. Сондықтан «Едіге» дастанының шыққанына да 600 жыл. Біз тарихтан тағылым алуымыз керек. Алтын Орда, Моғолстан, Шағатай – бұл қазақтың ғана емес, қалың түркінің тарихы. Міне, солардың түпкі қазығы қағылған Талас жері бізді біріктіруі тиіс. Біз сондықтан конференция тақырыбын «Тарих пен тағылым» деп қойдық. Бүгінгі тарихи оқиғаға көршілес мемлекеттер ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келген көрнекті ғалымдар да бас қосып отыр, – деді Дархан Қыдырәлі.

Келер жылы Алтын Орданың 750 жылдығы аясында алға қойған жоспарлар жүйелі түрде атқарылады. Тарихи күнге дейін бірқатар кітаптардың тұсауы кесіліп, археологиялық қазба жұмыстары жалғаса бермек.

Ұстаздық еткен жалықпас…

Бұл күні Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жамбылдық педагогтармен де жүздесіп, салаға қатысты бірқатар мәселелерді талқыға салды. Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназиясында өткен кездесуге облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова қатысты. Вице-министр саладағы өзекті мәселелерді қозғап, оларды шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

– Қазір еліміздегі барлық мектептің 10-сыныпқа дейінгі оқу бағдарламасы жаңартылған білім беру жүйесіне көшкені белгілі. Мұғалімдердің алдын ала біліктілігін арттыру курстарынан да өткені өздеріңізге мәлім. Білім-білігін арттырған ұстаздардың айлық жалақысы өсетіні де қазір жаңалық емес. Бүгінде білім саласындағы ең өзекті мәселе «Педагогтар мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы болып отыр. Қазір бұл заң жобасы Парламенттің қарауында жатыр. Тағы бір өзгеріс – биыл педагогтардың біліктілік санатын анықтау тесті ұстаздар қауымының ұсынысына сай электронды форматта өте бастағаны, – деді Шолпан Қанатқызы.

Вице-министр өз сөзінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерін бағалаудың жаңа жүйесі, дуальды білім беруді жетілдірудің жай-жапсары туралы да айтып өтті. Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев ұстаздарға отандық білім берудегі өзекті мәселелерді шешуге Үкімет тарапынан тиісті жұмыстардың қолға алынғанын айтып, бұл істе бірлесе әрекет етуге шақырды. Ал кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов оқушылардың рухани таным-түсінігін дамытуды арнайы пәнді оқыту арқылы жолға қою ұсынысын жеткізді.

Әлеуметтік қолдау – жалпыға ортақ

Вице-премьер Бердібек Сапарбаев бастаған топ жұмыс сапары барысында облыстық қазақ драма театрында Жамбылдағы түрлі саланың мамандары, қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Бердібек Машбекұлы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатында баса мән беріліп отырған басымдықтарға тоқталды. Өз сөзінде бүгінде Тараз қаласының шын мәнісінде күн санап тарихи келбеті айшықталып, жаңғырып келе жатқанын айтып өткен Премьер-Министрдің орынбасары ел Үкіметі алдындағы ауқымды міндеттерді тілге тиек етті.

Тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартудың бір жолы – медициналық қызметтің қолжетімділігі екені белгілі. Халық денсаулығын сақтауда алғашқы дәрігерлік көмекті тиімді ұйымдастырудың маңызы зор. Бұл ретте Жамбыл өңірі жұмысты жүйелі жүргізіп, республика бойынша алға шығып отыр. Жиында осыны баса айтқан Бердібек Сапарбаев Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа елді мекендерді амбулаториялар және медпункттермен қамтуда өзгеше үлгі көрсетіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін тиімді пайдаланып отырған Жамбыл облысының тәжірибесін өзге өңірлерге таратуды тапсырды.

Кездесуде Бердібек Сапарбаев келер жылдан бастап енгізуге ұсынылып отырған атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесі туралы да айтып өтті. «Шын мұқтаж азаматтарды әлеуметтік тұрғыда қорғау үшін әрі масылдық пиғылды өршітіп алмау мақсатында Үкімет атаулы әлеуметтік көмекті төлеудің механизмін өзгертуді ұсынып отыр. Біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Бұл – аты айтып тұрғандай, атаулы көмек. Жыл бойы төленетін жалақы емес. Ол қолдауға зәру отбасыларға әлеуметтік жағдайын түзеп алсын деп белгілі бір мерзімге тағайындалады. Экономиканы тұрақтандырудың жолы – еңбек», – деген Бердібек Машбекұлы мемлекеттің әлеуметтік саясаттағы басым бағыты әлеуметтік қолдау шаралары болып қала беретінін тілге тиек етті. Алайда бұл қолдау әділ жүруі керек екенін ескертті.

Премьер-Министрдің орынбасары сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту мақсатында берілетін арнайы құрылғылармен қамту жүйесін жақсарту үшін арнайы әлеуметтік қызметтер порталы ашылғанын да тілге тиек етті. Жалпы қосымша құрылғылармен қамтуда, тиісті құрал-жабдықтарға тапсырыс беруде тендер ең тиімді жол емес екенін уақыт әлдеқашан көрсеткен. Соның салдарынан бұған дейін қолдауды қажет ететін азаматтарды керек құрылғымен қамтуда кедергі туындап келгені де жасырын емес. Арнайы портал енді осы түйткілдерден құтылуға мүмкіндік бермек. Осыны баса айтқан Бердібек Сапарбаев жұмыспен қамту, бірыңғай әлеуметтік қор және бірыңғай әлеуметтік төлем туралы да айтып өтті.

Вице-премьердің Жамбыл жұртшылығымен жүздесуі еркін форматта өткенін айта кеткен жөн. Тұрғындар Бердібек Сапарбаевқа көкейде жүрген сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді алға тартты.

Медициналық көмек сапасы жақсармақ

Жұмыс сапарының соңында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев өңірдің медицина қызметкерлерімен кездесті. Облыстық балалар ауруханасында өткен жиында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшуге дайындық барысы талқыланды.


Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашқан соң, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасады. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталып, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылықтарын атап көрсетті.

– Бұл, біріншіден, медициналық шығынды азайтады. Екіншіден, қымбат оталар мен диагностика және емдеуге кететін шығынды өтейді. Үшіншіден, медициналық көмектің сапасы жақсарып, қолжетімділігі артады. Енді алдағы уақытта дәрігердің жолдамасымен науқасты аталған қормен келісімшарты бар кез келген клиника қабылдай беретін болады. Ең бастысы, көрсетілетін медициналық көмектің түрі сақтандырылған азаматтың жарна мөлшеріне тәуелді болмайды, – деді министр.
Баяндамадан кейін Елжан Біртанов қойылған сұрақтарға жауап берді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге көшуге дайындық бойынша біздің өңірде бірқатар өзекті мәселелер бар екен. Атап айтсақ, жамбылдықтардың 19 пайызына аударымдар жасалмаған. Емханаларға 51 мың адам тіркелмеген. 36,2 мың тұрғынның әлеуметтік мәртебесі анықталмапты. Сол себепті 23,3 мыңға жуық жұмыскер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалуы мүмкін. Бұдан бөлек, медицина мамандарының өзін әлеуметтік сақтандыру туралы білімін арттыру қажеттілігі туындап отыр. Бердібек Машбекұлы тиісті сала өкілдеріне осындай кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Жиын соңында өңір басшысы айтылған мәселелер бойынша тиісті іс-шаралар қабылданатынын жеткізді.

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтің жұмыс тобы Жамбыл жеріне келген сапары барысында жамбылдық ардагерлермен, өңір жастарымен де кездесу өткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.