Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаназа мен тойларға тиым, ал концерт беруге рұқсат: Шенеуніктердің шектеулеріне халық наразы болуда

0 1  104

Еліміздің он өңірі «Қызыл» аймақта болса да, той-думан, түрлі концерттік іс-шаралар тоқтаған жоқ. Тіпті алдағы екі аптаның өзінде үлкен-үлкен стадиондар мен концерт залдарында бірнеше кеш ұйымдастырылады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Әрі, барлығы ашық, жария түрде жарнамаланып жатыр. Мәселен, «Шаншар» әзіл-ысқақ театры әртістерінің 60 жас мерейтойына орай үш қалада шығармашылық кештерін өткізбек. Ал «Алматы аренада» ресейлік әртістердің шоу-концерті жоспарланған. Елдің наразылығын тудырған да осы жәйт. Өйткені өз үйінде туыстарының басын қосуға болмайды деп шектеу қоятын шенеуніктер мыңдаған адам жиналатын думанды кештерге рұқсат беріп, заң бұзушылық жоқ дейді.

Қазір Қазақстанда қауіпті індет өршіп тұр. Мәселен, өткен тәуліктің өзінде 3000 астам тұрғын коронавирус жұқтырған. Соған қарамастан елімізге танымал әртістер бірнеше айға концерттік бағдарламаларын дайындап, афишаларын таратып, жарнамалап жатыр. Мәселен, «Шаншар» театры Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшораның алпыс жас мерейтойына орай Алматы, Шымкент, Тараз қаласы мен Түркістан облысында шығармашылық кештерін өткізуді жоспарлаған. Айтуларынша, күз салым карантин шаралары жеңілдетіліп, концерттерге рұқсат беріледі деп естіпті. Сөйтіп, шенеуніктермен ақылдасып, қаланың бас санитар дәрігерлерінен рұқсат алған. Ал афишаларына «тұрғындар маска тағуға міндетті және тек «Ашық» қосымшасы арқылы кіргізіледі» деп ескерту жазған.

“Менің баратын жерлеріме рұқсат беріп отыр. Санитарлық талапқа сай, ашық жобасымен кірсін. Содан кейін 50 пайызға сіздерге рұқсат береміз деп. Ал енді мына Шымкентіміз 30 пайызға рұқсат беріп тұр. Ал Таразға баратыным жақында бір жарылыс болды ғой. Қиын жағдай болды. Мен сол халықтың көңілін көтерейінші деп бара жатырмын”, – дейді әртіс Уәлибек Әбдірайымов.

Ал 12 мың адам сыятын «Алматы аренада» 25 қыркүйекте ресейлік жас әртістердің концертін өткізу жоспарланған. Бірақ ұйымдастырушылар концерт күнін кейінге шегеруге мәжбүр болыпты. Себебі эпидахуалға байланысты қосымша шектеу енгізіліп, келушілерді 20 пайыздан асырмау керек болған. Жалпы жабық ғимараттарда концерт өткізуге бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес рұқсат бар екен. Талап бойынша көрермендер саны жалпы сыйымдылықтың 30 пайызынан аспауы қажет. Сондай-ақ олар, «Ашық» қосымшасы арқылы ғана кіргізіледі. Егер екпе алмаған, статусы «сары» болып тұрса, билеті кері қайтарылып, ішке кіргізілмейді.

Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Садуақас Байғабылов мамандар рейд жүргізіп, үнемі тексеріп отыратынын айтады.

“Яғни, концерт залында арақашықтық сақталған ба, санитарлық талапқа сай ма барлығын қадағалайды. Көрермендер «Ашық» қосымшасы арқылы кіргізіледі және араларында 1 немесе 2 орын бос қалдырылады” –дейді ол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.