Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жан-жақты жоспар жүйелі жұмысқа жол ашады

0 324

Бүгін сегізінші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының кезектен тыс бесінші сессиясы өтті. Жиынның күнтәртібіне сәйкес депутаттар назарына 7 мәселе ұсынылды.

Алғашқы мәселе – «2023-2025 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2022 жылғы 23 желтоқсандағы №21-2 шешіміне өзгерістер енгізу» бойынша қала әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев баяндама жасады.

Бөлім басшысы өз сөзінде Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 106-бабын басшылыққа ала отырып, қаланың өзіндік кірістерін 1,3 миллиард теңгеге ұлғайту ұсынылып отырғанын жеткізді. Жандос Ілиясбекұлының айтуынша, аталған қаражат қала әкімдігінің бірқатар бөлімдерінің шығындарына, «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыруға, «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы бойынша іс-шаралар өткізуге жұмсалмақ. Бұдан бөлек, 200 миллион теңге көлеміндегі қаржы тұрғын үй сертификаттарын беруге бағытталады екен. Сонымен қатар аталған қаржы №14 шағынауданды сумен, газбен және электрмен жабдықтаудың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге, «Құмшағал» алқабындағы су жинау ұңғымасын күрделі жөндеуге, А.Асқаров көшесіндегі су құбыры желісінің құрылысына, Гончаров көшесіндегі №9 үйдің шатырын және қасбетін жөндеуге, №15 мөлтекаудандағы көппәтерлі тұрғын үйлерге көтергіш пандустар орнатуға және өзге де жұмыстарға қарастырылған.

Келесі кезекте Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастар бөлімінің басшысы Темірхан Айменов «Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты шарттың жобасына келісу» мәселесіне тоқталды.

Жиында халық қалаулылары күнтәртібіне шығарылған ұсыныстарды бірауыздан қолдады.

Отырыс соңында сөз алған шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков мәселелерді жан-жақты  талқылап, тиісті жұмыстарға қолдау көрсеткен халық қалаулыларына алғысын жеткізді.

– «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл аталған бағдарлама шеңберіндегі шаралардың арқасында 100-ден астам кезекте тұрған отбасы баспаналы болуда. Оларға қала әкімдігі тұрғын үй сертификаттарын беретінін білесіздер. Қазірдің өзінде қосымша екі жүзге тарта азаматтың өтініші қаралып жатыр.

Сонымен қатар қаланың Бас жоспарына өзгерістер енгізіліп жатқаны да баршамызға мәлім. Бұл бағыттағы жұмыстар мәресіне жетіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Алдағы уақытта Үкіметке жолданады. Осы игі істердің іске асуына қолдау көрсеткен Сіздерге алғысымды білдіремін, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.