Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылдық жастар жарап тұр

0 8

Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастарды мәдениет пен өнерге баулу, олардың талантын қолдау және көпшілікке таныту мақсатында ХVІІ облыстық жастар Дельфийлік ойындары өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Байқауға Тараз қаласы мен аудандардан 9 номинация бойынша кіші және үлкен топтарда 200-ге жуық жас қатысып, бақтарын сынады.

Тартысты өткен додада қазылар алқасының шешіміне сәйкес жеңімпаздар анықталып, марапатталды. Мәселен, «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Аяна Орманбек бірінші орынды иеленсе, ал оның досы, сол колледждің 2-курс студенті Жанерке Жаркенова 2-орынға қол жеткізді. Олардың екеуі де Дельфийлік ойындарына алғаш рет қатысыпты. Олар болашақта дизайнер-интерьер және сәулетші мансабының шыңына жетуді армандайды.

– Байқаудың міндеттері өте қарапайым болды. Натюрмортты бейнелеу біз үшін оңайға соқты. Рас, уақыт аз болды. Сондықтан кейбіреулер өз жұмысын аяқтап үлгермеді, – деді Аяна.

Дельфийлік ойындарды қорытындылаған облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Таутен: «Жамбыл жері әлемге көптеген талантты адамдарды сыйлады. Жастар арасында дарындылар көп екендігі таң қаларлық. Жалпы білім беру үдерісінен басқа, қоғамдық жұмыстармен айналысуға және шығармашылық қабілетіңді дамытуға уақытыңның болғаны қандай жақсы», – деді.

Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде музыканттар мен әншілер де бақ сынады. Байқау дәстүрлі гала-концертпен аяқталып, жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Жалпы Жамбыл облысынан 42 жеңімпаз республикалық Дельфийлік ойындарға қатыса алады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.