Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жамбылдың қызыл жолбарысы» көрерменге жол тартты

0 420

Кеше А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай белгілі ақын, драматург Иранбек Оразбаевтың «Жамбылдың қызыл жолбарысы» атты жаңа драмасы көрермен назарына ұсынылды.

Бұған дейін еліміздің ешбір театрында сахналанбаған қойылымды көпшілікпен бірге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков және шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев бастаған азаматтар тамашалады.
Драманың қоюшы-режиссері – Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қуандық Қасымов, қоюшы-суретшісі – ҚР мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмағұлов.
Туынды жыр алыбының дүние есігін ашқан сәттен басталып, әрі қарай оның жігіттік шағы, Бұрым қызға ғашық болуы, Сүйінбайдан бата алуы, сал-серілік, ақындық жолға түсіп, жұртшылыққа танылуы, атақты Айкүміс, Құлмамбет сынды суырыпсалма өнердің шеберлерімен сөз қағыстыруы арқылы өрбиді. Бір ерекшелігі, Жамбыл қайда жүрсе де, маңынан киелі жанның қорғаушысындай, елес болып қызыл жолбарыс бір елі қалмайды.
Жалпы бұл жолбарыс жайлы оқиға тек аңыз емес, шындық екендігін Жамбыл бабамыздың өзі көзі тірісінде айтып кетсе керек. Әрі бұл тек ақынның өзіне ғана көрінген.
Қойылымда бозбала Жамбылды Төлеген Жорабек, ал ақынның ақыл тоқтатып, ел ағасы атанған шағын Кенен Ақүрпеков сомдайды.
Драма авторы сол замандағы бай-шонжарлардың елге жасаған озбырлығын, әлеуметтік теңсіздікті де ащы сынмен жеткізген.
Жас Жамбыл ауыл-ауылды аралап, ақындық шеберлігімен таныла бастаған тұста әкесі Жапа ұлының бұл жүрісіне наразы болып, оның молдалыққа бет бұрғанын қалайды. Алайда Жамбыл әкесінің айтқанын тыңдамай, өнерге деген құлшынысы арта береді. Сөйтіп жүргенде, Бұрым есімді аруды жолықтырып, екі жас бір-бірін шынайы ұнатады. Бірақ сол кездегі дәстүр бойынша қыз басқа жігітке айттырылып қойғандықтан, екеуінің махаббаты сәтсіз аяқталады. Бұрымның бейнесін сомдаған Нұрай Қаражанова, Сарыбай би бейнесіндегі Жүніс Әлімбеков, Қуғын шал образындағы Әбиірбек Тінәлі көрерменді бірден баурап, өз рөлдеріне сендіре білді.
Қойылым барысында жыр алыбының Айкүміспен, Құлмамбетпен болған айтыстары да көрініс тауып, басты кейіпкердің бейнесі барынша ашыла түсті. Бас кейіпкерді сомдаған Кенен Ақүрпеков те, Құлмамбет бейнесін келістірген Абзал Дәулетбақов та өткен дәуірге сапар шектіріп, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Шара соңында өнерпаздарға құрмет көрсетіліп, облыс әкімінің ықылас гүлі табысталды.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.