Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылдағы жалғыз дәнекерлеуші қыз

0 213

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің де білікті кадрлар даярлауы қажет екенін еске салып, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын.

Қазіргі таңда мемлекетіміз әр саладағы мамандарды дайындау үшін білім сапасына айырықша көңіл бөлуде. Бұл қатарда Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжі де жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға зор үлес қосып келеді.
Бүгінде аталған оқу ордасының ІІІ курс студенті Виктория Маркова – Жамбыл облысындағы дәнекерлеуші мамандығын игеріп жүрген жалғыз қыз. Ол өз қалауымен «Дәнекерлеу ісі» мамандығын меңгеруге бел байлапты.
«Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, Викторияның туған ағасы дәнеркерлеуші болғандықтан, ол ерте жастан бұл кәсіптің қыр-сырын білуге құмартып, салаға қадам басқан екен. Әрине, ерлерге тән жұмыс саналатын мамандықты игеріп жүрген нәзікжандылардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады.
– Көпшілік дәнекерлеу тек ерлерге арналған кәсіп деп ойлайды. Бірақ мен бұл пікірмен келіспеймін. Әрбір адам өз ісіне қызығушылықпен қарай отырып, кез келген мамандықты игере алады. Бастысы – еңбекқорлық пен ынта, – деген жас маман дәнекерлеу ісі тек ауыр еңбек емес, сондай-ақ шыдамдылық пен дәлдікті қажет ететін өнер екенін айтады.
Расында, бұрымдының бұл батыл қадамы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға үлес қосып, басқа қыздарға да техникалық мамандықтарды таңдауға шабыт береді. Жамбылдағы дәнекерлеуші мамандығын игеріп жүрген жалғыз қыз ретінде ол еліміздегі жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын кеңінен танытуда үлгі боларлы сөзсіз.
Елдің еңсесі еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының орны ерекше биік. Сондықтан да Виктория Маркова сияқты мамандардың қатары көп болса дейміз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.