Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда тағы 26 ауыл таза ауыз суға қол жеткізді

0 179

Жамбыл облысында ауылдық мекендерді таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жобалар қолға алынып, өз деңгейінде атқарылуда,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Былтырға дейін Жуалы ауданындағы 16 елді мекенге ауыз су желісі тартылып, 6 886 аула, яғни 35 мыңнан аса тұрғын қамтылған. Бұлардың қатарында Б.Момышұлы, Қызыларық, Дарбаза, Жылыбұлақ, Нұрлыкент, Диқан, Қайрат, Көлбастау, Талапты, Күреңбел, Көктөбе, Қосбөлтек, Бақалы, Қарасаз ауылдарымен қатар, Шақпақ станциясы, шалғайдағы Қарабастау елді мекені бар. 

Өткен жылы ауданға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1 289 232 мың теңге қаржы бөлініп, 10 елді мекенде ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілген. Бүгінде жұмыстар толық аяқталды, Теріс, Ақбастау, Шынбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Алатау, Жұрымбай, Сұрым, Теріс-Ащыбұлақ, Ынтымақ ауылдарының тұрғындары таза су ішіп отыр. Биылғы сәуір айынан бастап құрылыс барысында қазылған жерлердің шөгуіне байланысты мердігер мекеме тарапынан қайта қалпына келтіру шаралары қолға алынды. 

Қазіргі таңда ауданда ауыз сумен 26 елді мекендегі 7 708 аула, яғни 39 601 тұрғын қамтылған. Бұл көрсеткішті аулалар санына шаққанда 74,4 %-ды, халық санына шаққанда 73,9 %-ды  құрап отыр. Бұдан бөлек, былтыр бес ауылда басталған ауыз су жүйелерінің құрылысы ағымдағы жылға өтпелі. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Қошқарата, Көлтоған, Т.Дүйсебайұлы сынды шалғай ауылдарда басталған құрылыс жұмыстары толық аяқталған, қалғандары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сол кезде ауыз су желісіне қосылған елді мекендер 31-ге жетсе, 8 922 аула, яғни 46 050 тұрғын таза сумен қамтамасыз етіледі. 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.