Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда 1 миллион тоннадан астам пияз жиналды

0 801

Жамбыл облысында еліміздегі пияздың 75 пайызы өсіріледі. Атап айтсақ, ағымдағы жылы 24,5 мың гектарға пияз дақылы отырғызылып, өткен жылмен салыстырғанда 2,0 мың гектарға артты. Оның ішінде Шу ауданында – 13,3 мың гектарға, Жамбылда – 5,5 мың гектарға, Қордайда – 3,3 мың гектар және Байзақта – 1,8 мың гектарға егілген,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Жамбыл облысы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Қазіргі таңда өңірде пияз жинау жұмыстары қызу жүруде. Бүгінге дейін 1,1 миллион тонна өнім жиналып, әр гектардан алынған орташа өнім 529,8 ц/га құрап отыр.

– Жалпы бұл дақылдың егіс көлемі соңғы 5 жылда 10 мың гектарға ұлғайған. 1 гектардан алынатын өнім көлемі де артуда. Мәселен, 2019 жылы орташа өнімділік 273,4 ц/га құраса, 2020 жылы 306,7 ц/га жеткен болатын. Биылғы түсім де айтарлықтай артып отыр,-дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов.

Айта кету керек, аймақта егілетін пияз дақылының 17 мың гектарына су үнемдеу қондырғылары қолданылуда. Сондай жаңа технолоияның игілігін көріп отырғандардың бірі Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылдық округіндегі «Ақкөл» шаруа қожалығы. Қожалық 45 гектарға тамшылатып суару технологиясын енгізіп, мол өнімге кенелуде.

– «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» -дейді қазақ. Су үнемдеу технологиясын пайдаланып, қажетті тыңайтқыштың барлығын бердік. Нәтижесінде өнім көлемі артты. Менің алқабымда пияздың әр гектарынан 100 тонна, кейбір жерінде 110 тоннадан өнім алынуда. Бұл бұрынғы көрсеткіштен үш есе артық. Пиязды бір жыл еккен соң, екі жыл ол орынды бидай немесе қызылшамен алмастырып, үшінші жылы пиязды қайта егіп отырамыз, -дейді шаруа қожалық төрағасы Алтынбек Керімқұлов.

Жамбыл ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самат Жарасбаевтың айтуынша, биыл аудандағы 117 шаруа қожалық еккен пияз дақылы 5582,4 гектарды құраған. Оның бүгінгі таңда 2875 гектары жиналып, жалпы өнім 101 833 тоннаға жеткен.

– Аудан бойынша 34 мың 700 тонна картоп, көкөніс және жеміс сақтауға қауқарлы 112 қойма бар. Оның ішінде 47 қойма пияз сақтауға негізделген. Онда 21 мың 115 тонна пияз сақтауға мүмкіндік бар, – дейді С. Жарасбаев.

Қазіргі таңда Әулиеата пиязы Ресейдің қиыр шығысынан бастап, Европа одағына дейін экспортталуда. Мысалы, өткен жылы 33,0 мың тонна пияз экспортталса, 581,0 мың тоннасы басқа облыстарға жөнелтілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.