Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының үндеуі

0 186

Құрметті Жамбыл облысының тұрғындары!

Елімізде күні кеше болған қасіретті «қаңтар оқиғаларында» қаза болған құқық қорғау, әскери қызметкерлер және бейбіт тұрғындардың отбасыларына, жақын-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.
Бұл оқиғалар Егеменді Қазақстан халқы үшін ауыр сынақ болды. Біз, билік пен халықты байланыстыратын алтын көпір депутаттар оқиғаның бел ортасында болдық. Шеруге қатысушыларға басу айтып, кез-келген мәселені тек екі жақты диалог пен өзара түсіністікпен шешілетінін халыққа жеткізуге тырыстық.
Жаппай тәртіпсіздік – тәуелсіздігімізге қатер төндірді. Осындай қиын сәтте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев батыл саяси шешімдер қабылдады. Еліміз бейбіт өмірге қайта оралды.
Күштік құрылымдардың арқасында шеруге шыққан халықтың ішінде болған арандатушылар мен бүлікшілерді ұстау жұмыстары жүріп жатыр. Бүлікшілердің заң алдында қатаң жауап беруін басты назарда ұстау қажет.
«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген дана халқымыз. Ендеше, арандатудың құрығына түсіп, жастық жалынның жетегінде кеткен жастардың ертеңіне алаңдайтынымызды жеткізгіміз келеді. Жастардың болашағына балта шаппай, дұрыс бағытты көрсетіп, әр істен сабақ алуды үйретуіміз қажет. Жас буынды бір ағаттығы үшін жарға жықпай, бүлікшілерден арашалап, мүмкіндігінше қорғап, өз қатарымызға қосу азаматтық парызымыз деп білеміз.
Осы орайда құқық қорғау орган қызметкерлерінің тарапынан шеруге қатысқан жастарға қысым көрсетпеуге, ұрып соқпауға шақырамыз. Барлығы заң аясында шешілуі қажет.
Сыртқы күштердің жетегінде кеткен жастардың тәрбиесіне ерекше мән беру керек және жастар тәрбиесінде үлкен идеологиялық жұмыстар жүргізу басты назарда болуы қажет.
Облыс аумағында халықтың мұң-мұқтажы мен әрбір мәселені анықтап шешу аясында депутаттар аянбай еңбек етуге әрқашан дайын.
Құрметті жерлестер, барлықтарыңызды төтенше жағдай кезінде коменданттық талаптарды сақтап, құқық қорғау органдарының жұмысына қолдау көрсетуге шақырамыз.
Біздің күшіміз – бірлігімізде!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.