Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл медицинасының мүмкіндігі мол

0 2  048

Жуырда Жамбыл облысында «Жамбыл облысын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» әзірленген еді. Аталған жоспарға сай денсаулық саласында 83,2 миллиард теңгеге 99 жоба іске асырылып, 82 денсаулық сақтау нысанының құрылысы және 17 мекеменің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жоба барлық ауылдарды тиісті медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және халықты сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді. Шұғыл және орта технологиялық-медициналық көмек алу қашықтығы 500-ден 200 шақырымға дейін қысқарады.
2023 жылы 15 нысанның құрылысы басталып, жыл соңында 21 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. 2022 жылдан өтпелі 6 нысан бар. Олардың қатарында Меркі ауданының гинекология, ЦСО, инфекциялық, балалар, қабылдау бөлімшелері, Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылында ауысымына 45 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория ғимараты, «Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылындағы аудандық аурухана ғимаратына қосымша құрылыс, Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында бір ауысымда 250 келушіге арналған орталық аудандық емхана, Шу ауданы Шу қаласындағы Сәтбаев көшесі №155 мекенжайындағы қалалық емхана ғимаратын қайта жаңарту және Шу ауданындағы 48 орындық балалар оңалту орталығы жобалары бар.
«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» Ұлттық жобасы бойынша өткен жылдың қорытындысында 3 мақсатты индикатор мен 10 нысаналық көрсеткішке қол жеткізілді.
Сондай-ақ бүгінде жылжымалы медициналық кешендердің қызметімен қамтылған халықтың саны жоспар бойынша 78 309 болса, бұл меже 3 есеге артық орындалып, 214 967 адам кешеннің игілігін көруде. Сонымен қатар «Үздік тәжірибе орталықтары» бүгінде Меркі, Жамбыл, Талас аудандық орталық ауруханаларында және №5 қалалық емханасында іске қосылып, жұмыс атқаруда. Ағымдағы жылдың соңына дейін Қордай аудандық орталық ауруханасы мен Шу қалалық емханасында және №2 қалалық емханада осындай орталықтар ашу жоспарлануда. Бүгінгі таңда мамандарды оқытып дайындау, кабинеттерді жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
Тұрғындарға шұғыл, жоғары технологиялық-медициналық жәрдем кезінде «алтын сағат» қағидасын жоғалтпай көмек көрсету мақсатында Меркі, Талас және Шу аудандарындағы ауруханалар көпбейінді ауданаралық емдеу мекемелері болып қайта жаңғыртылады. Бұл ауруханаларда травматология, 2-3 деңгейлі инсульт орталығы немесе тері арқылы коронарлық араласу (ЧКВ), перинаталдық орталықтары, босандыру, хирургия, реанимация және интенсивті терапия, медициналық реабилитация, қайта қалпына келтіру бөлімдері ашылады. Өз кезегінде бұл өзгеріс 340 мыңнан астам адамға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы облыста профилактикалық тексеру жұмыстары ағымдағы жылдың 1 қарашасынан басталды. Соған сәйкес, ауыл халқы нысаналы топтарға бөлінді. Атап айтсақ, 0-18 жас аралығындағы балалар – 213 512, 18-29 жасқа дейінгі жастар – 31 654, 30-44 жас аралығындағылар – 29 208, 45-65 жас аралығындағылар – 23 745, 66 жастан жоғары зейнеткерлер 4 347 адамды құрады. Осылайша жоспарланған 302 466 адамның 254 957-сі тексеруден өтіп, 84,3 пайызды құрап отыр.
Сонымен қатар ауылдағы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы түзіліміне Жамбыл облысының ауылдық жердегі бастапқы медициналық көмек көрсету ұйымдарының 30 нысаны енгізілген. Оның 12-сінің құрылыс жұмыстары биылға жоспарланған. Оның ішінде ғимаратсыз 5 нысанға жаңа медициналық пункт құрылысы жасалмақ. Жалпы 30 нысанға облыс көлемінде 7,35 гектар жер телімі беріліп, барлық техникалық шарттары алынған. Қазіргі таңда 12 нысанның жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Қосымша 18 нысан бойынша да ЖСҚ әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл халықтың денсаулығын нығайту бағытында салада атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алдағы жоспар жұмыр. Бастысы, Жамбыл медицинасының мүмкіндігі молаюда.

Хамит Мурзакасымов,
облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.