Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл мұрасы насихатталды

0 130

Биыл қазақ поэзиясының дүлдүлі, жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл. Осыған орай ақын атын арқалаған облысымызда Жамбыл апталығы өтуде.

Сәндібек Піренов, Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өңір ақындары мен әдебиетсүйер қауым бас қосты. Ақыл мен білім ордасында әдеби кештер, мәдени іс-шаралар жоғары деңгейде өтетінін көпшілік біледі. Бірақ бұл жиынның жамбылдықтар үшін орны ерекше, маңызы бөлек болды. Алдымен сөз тізгінін мойынқұмдық айтыскер ақын Ғабит Есдәулетов алып, жыр жампозының шығармашылығы жайында сыр шертті.

– Өнер – адамға қанмен, текпен келетін дүние. Мойынқұм ауданында ақын атымен аталатын тау бар. Ғасыр жасап, сол ғұмырында үлкен мұра қалдырған Жамбыл да жастайынан алғыр болып өскен. Мұны біз жақсы білеміз. Біз Жамбылды Кеңес үкіметі дәуіріндегі жыршы ретінде ғана танысақ, қателесеміз. Соны жастар білуі қажет. Жамбылдың шәкірті Кенен атамыз қырғыз жерінде көп айтысқан. Онда әлі ашылмаған талай мұрағат бар. Мұны біз зерттеуіміз керек, – дейді Ғабит Есдәулетов.

Осы ойды іле жалғастырған ақын Наурызбек Сарша Жамбыл бабаның Әсет ақын, Балуан Шолақпен сұхбаттасқаны жайында, ақынның ұлт-азаттық көтеріліс кезінде белсенділерді қолдағаны туралы деректерді толық зерттеудің маңызына тоқталды. Басқосуда облыстық «ARAI» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Нұржан Қадірәлі жыршының еңбектері жайында айтса, жас ақын Жұматай Көксубай мен Шапағат Әбдір баба рухына арнау өлеңін оқыды. Тағылымы мол кешке аудандық кітапханалардың қызметкерлері мен жас оқырмандары онлайн қатысып, Жамбылдың жырын оқып берді.

Айтыскер ақын Дидар Апбасов жыр алыбына арнаған арнауын домбырамен орындап, жиын қонақтарын жуырда өтетін «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық айтысты тамашалауға шақырды. Айта кетейік, апталық аясында ұйымдастырылатын ақындар аламанын көрермен онлайн тамашалай алады.

Жамбыл есімі ұлықталған кештің соңында кітапхана директоры Эльмира Абдинова қонақтарға алғысын айтып, ақын өлеңін жатқа оқыған жастарды Алғыс хатпен марапаттады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.