Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жадымда қалған желтоқсан…

0 379

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ұлт тарихында өшпес із қалдырды. Алаңға шыққан жастардың нақақтан төгілген қаны мен жазықсыз жабылған жазаның жемісі Тәуелсіздік болды. Ал Желтоқсанның мұзға жаққан алауы сөнбек емес…

Арайлым Шабденова суреттерді түсірген Ю.Ким

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің жанынан құрылған «ТИГУ жастар театры» Тәуелсіздік күніне орай «Желтоқсан желі» атты жаңа қойылымды ел назарына ұсынды. Жас әртістерді қойылымға дайындаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі болса, қоюшы режиссері ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Тұрар Дүйсебаев. Сахна шымылдығын түрмей тұрып Әбиірбек Тінәліні сөзге тарқан едік.
– Желтоқсан оқиғасын әркім әрқалай қабылдап, әркім өзінше түсінеді. Бірақ біздер ол кезде жас едік. Алматыда болған оқиғаны естіп, жолға шықпақ болғанда жолдың жабық екенін біліп, 16-18 желтоқсан күндері ызадан булыққан жүректен «Желтоқсан желі» әні өмірге келді. Бұл осы оқиғаның гимніне айналды. Жасыратыны жоқ, желтоқсан келсе мені іздейтіндер көбейеді. Биыл ешқандай шақыртуды қабыл алмай, жаңадан жаңғырған Қ.Рысқұлбеков саябағына келіп, Желтоқсан көшесінде қандай білім ордасы бар екенін білмек мақсатта жаяу шықтым. Ойым жас-тар театрын іздеу еді. Таптым да. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде актер мамандығы жоқ. Бірақ жастар театрында 20-дан астам студент өз бетерінше түрлі қойылымдар қойып, көпшілік көңілінен шығып жүргенін естідім. «Желтоқсан желі» қойылымын сахналауға 1 айдан аз уақыт дайындалдық. Студенттер кәсіби актер болмағандықтан, олардың намысын оятуға, рөлге кіру үшін сол оқиғаны өздері іштей сезінулері үшін қолдан келгенін жасадым. Сондай-ақ, жастардың бойында ешкім әлі көрмеген, олардың таза, пәк болмысын ашуды көздедім. Алғашқы қойылым Тәуелсіздік қарсаңында болған еді. Бұл шығарманың желісі шынайы, әрі жүректерді тебірентеді деп сеніммен айта аламын, – дейді Әбиірбек Тінәлі.
Қойылым екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлім жастардың бейбіт шеруімен басталған оқиға желісінен қанды қақтығысқа айналады. Яғни, 1986 жылдың әлі күнге дейін жадымызда жаңғырған ызғарлы күнінде Орталық алаңға шыққан жастар – қыз бен жігіттің қан жоса тағдыры, тәні мен жанын мұз қарыған сондай ауыр шақтарда бірін-бірі құрсауда тастамай, бір-біріне пана болуын студент жастар көпшілікке шынайы жеткізді. Намысты ту еткен қазақ жастарын алаңда ұрды, соқты, сүйреді… Осы зұлматтың бәрін бір спектакльдің өне бойына өнер тілімен сыйдырған жастар театрының өнерпаздарының шеберліктерін кәсіби актерлерден еш айырмашылығы жоқ дерсің. Ал қойылымның екінші бөлімінде абақтыда тергелген Қайрат Рұсқұлбековтің басынан кешкен нәубеттері мен әке-шешесінің жоқтауы сахналанды.
ТИГУ жастар театры 2008 жылы «Дауылпаз» атауымен құрылған. Бүгінде құрамында 20-дан астам студент бар театр мүшелері ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Желтоқсан желі» әнінің авторы Әбиірбек Тінәлімен бір сахнада өнер көрсетіп, актерден шеберлік сыныбын алып жатқандықтарын мақтан етеді.
– «Желтоқсан желі» қойылымын сахналамас бұрын Қ.Рысқұлбеков саябағындағы «Халық қаһарманының» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым еттік. Жалпы қойылымға бізді дайындаған Әбиірбек Тінәлі Желтоқсан оқиғасындағы шынайы әңгімелерді баяндап, намысымызды оятып, аз уақыт ішінде рөлге шынайы кіруімізге барын салды. Қойылымда мен Қайраттың рөлін сомдаймын. Қайрат Рысқұлбековтің бар болмысын сезіну үшін оның өлеңдері мен хаттарын оқып, жаттадым. Бағаны халық береді, – дейді «Филология» мамандығының 3 курс студенті Асылбек Байғазиев.
Қойылымда Қ.Рысқұлбековтің әкесі Ноғайбайдың рөлін Әбиірбек Тінәлі, анасы Дәметкенді Инжайым Үсенова, Дубаевтың рөлін Бахтияр Бекназар сомдады. Көпшіліктің көңілінен шыққан «Желтоқсан желі» қойылымын тамашалаған Желтоқсан куәгерлері көздеріне жас алды. Екі бөлімнен тұрған спектакальдің нүктесі «Желтоқсан желі» әнімен қорытындыланды. Содан кейін сахнаға көтерілген ТИГУ проректоры Санат Әшірбеков студент жастар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірсе, сол бір қанды оқиғаның куәгерлері Жанар Қамысбаева мен Исрайл Қаджымұратов қойылымды тамашалап отырып, желтоқсанның сол бір ызғарлы күніндегі нәубетті көз алдарынан өткізгендерін айтып, тебіренді.
Тарих өткенімізді тануға талпындыратын қасиетті де қастерлі құндылық. Тәуелсіздік жолындағы батыр бабаларымыздың ғасырлар бойғы күресі, 32 жыл бұрынғы қанды желтоқсан оқиғасы осының дәлелі. Әбиірбек Тінәлінің дайындауымен ТИГУ жастарының ел назарына ұсынған қойылымын бүгінгі ұрпақтың тарихымызға деген тағзымы десек болады. Бұл ретте ұлтымыздың азаттық жолындағы айбынды күресіне үн қосқан жас талант иелеріне тек қана биік белестер мен шығармашылық табыстар тілейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.