Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жабырқау жандарға жылу сыйлаған

№5 орталық қызметкерлерінің еңбегі сөзсіз көзсіз ерлік

0 679

Жаратылыс жұмбағында тағдыр жазмышы болатыны хақ. Адам баласының басына түскен осынау қиындықтың құпиясын жұмыр жердегі бір пенде тап басып айта алмайды. Тағдыр тәлкегіне түскендерге аяныш пен мейірім ғана көкейде сәуле болып себіледі. Ал ондай жандардың жан дүниесін түсініп, сүйеніш болу екінің бірінің қолынан келмейді. Міне, осындай аялы алақанның жылуын сездіріп жүрген №5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы мамандарының еңбегі сөзсіз көзсіз ерлік.

2014 жылы іргетасы қаланған орталық 550 науқасқа шақталған. Жалпы алаңы 33,687 шаршы метрді құраса, мұнда 400-ге жуық қызметкер аянбай тер төгуде. Орталықтың негізгі мақсаты қызмет алушыларға жасы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, үй жағдайына жақындатылған қолайлы өмір шартын қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетуде мемлекеттік стандартқа сәйкес кепілдендірілген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және оңалту шаралары басты назарға алынған. Мекемеде арнаулы әлеуметтік қызметтердің сегіз бағыты толыққанды қамтылған. Олар: тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық бағыттар. Бір сөзбен айтқанда, орталықта науқастарға барлық қолайлы жағдай жасалған. Біз оған мекемеге арнайы ат басын бұрған кезде толыққанды көз жеткіздік.
Жалпы орталық сырт көзге қарағанда өзімен-өзі оқшауланған мекемедей көрінеді. Алайда ішке қарай енсеңіз, нағыз қайнаған тіршілікті көресіз. Ал жүрекке жүк болатындығы – мұндағы дәліз бен әрбір есікте тағдыр тәлкегіне түскен жандардың мұңы мен үнінің ізі жатыр. Орталық директоры Балабек Нарбаевтың айтуынша, мұнда қызмет ету үшін мамандардың жүрегі таза болуы керек екен.
– Қазақ – жетімін де, жесірін де жылатпаған халық. Сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу болған ел. Мұндағы емделушілерге де мейірім мен жүрек жылуы керек. Себебі көп ата-ана балаларын үйде ұстай алмағаннан кейін бізге әкеліп жатады. Олардың ішінде жүйке ауруынан бөлек, өз еркімен тамақтанып, қимылдай алмайтындары да көп. Міне, осы науқастарды өз баламыздай бауырымызға басып, барынша үй жағдайына жақындатылған қолайлы орта қалыптастыруға тырысамыз. Балалардан бөлек, жасы егде тартқан, орта буындағы науқастар да бар. Олардың да жүрек үнін тыңдап, жанына жақын болуға мамандарымыз жан салуда. Әрине, ешкім баласы мен жақынына ауру тілемейтіні анық. Сондықтан мұндай науқастардың жағдайын жүрекпен ұғып, санамен түйсіну керек, – дейді орталық директоры.
Орталықтың бірінші қабатына енгеннен көзімізге қолдан жасалған бұйымдар, ою-өрнектер мен қылқалам туындылары оттай басылды. Сұрай білсек, бұл бұйымдардың барлығы осында ем алушылардың қолынан туған екен. Осылайша бір тұста денсаулығынан кемдік берсе, екінші жағынан, кеңдік жасаған Жаратқанның шексіз мейіріміне тағы бір мәрте куә болдық. Тағы бір есікке бас сұқсақ, мұнда емделушілер теледидар көріп тынығуда. Тағы бір тұста науқастар құрастырылмалы суреттер жинап, ой-өрісін кеңейтуде. Одан бөлек, киіз үй, домбыра, қазақы құрақ көрпелер жайылған бөлім ұлттық құндылығымыздан сусындатып тұр. Шеберлер бөлмесінде бойында таланты бар емделушілер ою ойып, кесте тоқып отырса, енді бірлері аула тазалығына жауап беріп, қоян өсіріп, бау-бақша суарып жатқандары тағы бар. Бір көзге қарағанда, құлпынай өсіріп, жер қопсытып отырған жандарды көріп науқас дей алмайсың. Алайда орталық мамандары оларды сүйікті істеріне баулып, осылайша қалыпты ортаға қайта оралтуда.
Ал емделушілерге орталықта сумен емдеу, массаж жасау, жүйке жүйесін реттеу, тынығу, асхана, жаттығу, тіпті шаштараз бөлмесіне дейін қызмет көрсетуде. Бөлмелердегі қызметтер дәрігерлердің тікелей бағыттау әрі бақылауы арқылы жүзеге асады. Және дәрігердің нұсқамасымен дертіне қарай емдік шаралары жүргізіледі.
Осылайша орталықтағы жағдайды көзбен көріп, еріксіз таңдай қағып келе жатқанымызда, алдымыздан жүйке ауруына шалдыққан балалар көрінісі шығып, жүрегімізге жүк түсті. Бірі арбаға таңылған болса, енді екіншісі басын шайқап бізге беймәлім әлемге еніп кеткен. Енді бірі төсектен өздігінен тұра алмайтын күйде. Оның төсегін түзеп, астын жуып, қолмен тамақтандырып жатқан маманды көріп ет бауырымыз езіле кетті. Маманның бойындағы балаға деген мейірімі мен анаға тән махаббатын көріп, жанарымызға жас үйірілді. Орталық қызметкерлерінің жұмысы қаншалықты ауыр екенін осы көріністен-ақ сезіндік. Төсек тартқан баланы құшағына қысып, қызғыш құстай қорыған оның ісі шексіз сүйсінтті. Мынау қатыгез жалғанда қамқорлық пен махаббаттың бар екені дәлелденді. Осындай еңбегі адал, жүрегі ақ жандардың алайда еңбегі өз деңгейінде бағаланбайтыны іш қынжылтты. Орталық директоры Балабек Жанбекұлының айтуынша, орталық әлеуметтік салаға қарасты болуына байланысты, мұндағы жұмыс жасайтын медициналық, педагогикалық лауазымдарындағы қызметкерлер денсаулық сақтау және білім беру саласында жұмыс жасайтын қызметкерлермен теңестірілмеуінің салдарынан көптеген жеңілдіктер мен құрметтен қағылуда.
– Орталықта 400-ге жуық адам қызмет етсе, соның жартысы медицина саласының мамандары. Олардың қатарында 10 дәрігер, 50 медбике мен өзге де орта буын мамандары бар. Сондай-ақ педагогикалық бағытта жұмыс істейтін қызметкерлеріміз де аз емес. Алайда мекемеміз Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы болғандықтан, мамандарымыз не Медицина қызметкерлерінің күнінде, не Педагогтар күнінде құрметтелмейді. Жасап жатқан жұмысы бір болса да, біздің мамандар шетқақпай көруде. Соның салдарынан айлық жалақылары төмен болып, өзге де жеңілдіктерге қол жеткізе алмауда. Алайда жалақының аз болуына байланысты білікті дәрігерлер бізге жұмысқа келгісі келмейді. Егер орталық мамандарын медицина саласы мамандарымен бірдей теңестірсе, көптеген мәселе өз шешімін табар еді, – дейді орталық директоры.
Иә, бұл, шынында, ойға қалдыратын дүние екен. Біз орталықты аралау кезінде мұнда үлкен ауруханалар мен емханалардан кем түспейтін медиициналық қызмет көрсетілетініне көзіміз жетті. Тіпті орталықта тіс дәрігері мен қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар екенін көріп таңғалдық. Осындай қолайлы орта қалыптастырып, науқастардың дертіне дауа жасап отырған мамандарды қалай ғана медицина маманы емес деп айтуға болады? Бұл мәселені биік мінберде қарайтын кез жеткені анық. Сондықтан салаға жауапты министрліктер арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынып отырған азаматтардың жағдайын талқыға емес, ақылға салып, оң шешімін шығарады деген сенім мол.
Орталыққа қатысты тағы бір өзекті мәселе – жол жайы. Асқаров көшесінің соңында орналасқан мекемеге бүгінде жету қиынның қиыны. Себебі мұнда қоғамдық көлік мүлде қатынамайды. Жолы нашар болғандықтан, такси жүргізушілері де бағасын аспанға ұрған. Соның салдарынан баласын бір көріп кетейін деген ата-ана орталыққа өліп-талып жетеді. Мекемеде емделушілердің басым бөлігі әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққандықтан, такси қызметін қалтасы көтере бермейтін ата-ана да аз емес. Оған енді мекемеге күнделікті қатынайтын айлығы шайлығына әзер жетіп жүрген 400 қызметкерді қосыңыз. Міне, осы халықтың жанайқайын тыңдап, билік өкілдері жолды жаңартып, қоғамдық көлік қатынасын реттеп берсе, жүрегі жарымжан талай жанның алғысына бөленер еді.
Биыл орталықтың ашылғанына он жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында жауын-шашын мен желдің өтінде тұрған мекеменің сыртқы қабаты зақымданып, қабырғалары құлауда. Егер осы мәселеге де шенділер мән беріп, ағымдағы жөндеуге ақша қарап берсе, түйткілдің түйіні тарқала түсер еді. Бұзылғанды бүгін бүтіндей алсақ, ертең дер кезінде қабылданған бұл шешіммен екі есе ұтарымыз анық.
Орталық маңында орналасқан үлкен қоқыс алаңы да қазір көптің жанына батуда. Мамандар осы қоқыстан түрлі онкологиялық аурулар шыға ма деп қауіптенеді. Егер қоқыс алаңынан індет ошағы тұтанатын болса, бұл №15 ықшамаудан тұрғындарын үрей астында қалдыратыны анық. Себебі бүгінде аталған аудан үйлерінің іргетасы қоқыс алаңына жақын тұста қаланып жатыр.
Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда бұл – біздің орталықтың жұмысымен танысуға барған кезде көзбен көріп, санаға салмақ салған дүние. Сондықтан жоғарыда аталған мәселелерге жауапты басшылар жіті көңіл бөліп, тараптарға тиімді бір жол табады деген сенім мол.
«Қайырымның қайыры бар» дейді дана қазақ. Ал қиын сәтте қол ұшын созу – адамдық парыз. Қазіргі таңда орталық демеушілерге де зәру. Өздерінің қомақты қаржысы болмағаннан кейін барды ұқсатуда. Егер қалталы азаматтар орталық тынысымен бір күн танысса, мұндағы емделушілердің жаны мен үнін түсінер еді. Әрі он екі мүшесі сау таңына шүкірлік айтып, қолдан келген көмегін аямас. Сондықтан жақсылық жасауға асығайық, ағайын!

Саятхан Сатылғанов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.