«Қайқармет», «Диана», «Мыңбұлақ» базарларындағы бейберекет сауда орындарын ретке келтіру мақсатында бүгінгі күнге дейін талай жұмыс жасалды. Бірнеше рейдтер жүргізіліп, тіпті саудагерлерге айыппұл да салынды. Бірақ бұл жұмыстар түбегейлі нәтижесін беріп отырған жоқ.

Арайлым Шабденова

Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен базарларда тағы да рейд жұмыстары жүргізілді. Оған қала әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп, қалалық құрылыс және архитектура, жер қатынастары бөлімдері мен полиция басқармасының мамандары қатысты.
«Саудада береке бар» дейді. Береке іздеп, базар жағалаған ағайынға қарап кейде сүйсініп қоямыз. Бәрі де қолдан келгенше сары бала мен қара қазанның қамы үшін жүр. Шынына келгенде, нарықтық экономика алқымнан алып, өзің секілді екі қол, екі аяқтылар тырбаңдап жатқанда, жан-жағыңа марғау қарап отырудың жөні жоқ. Саудала. Сат. Пайда көр. Бірақ базардың әңгімесі бөлек-ау. Әсіресе, мөлтек аудандардағы базарлардың жайы да, жыры да тым басқа.
Рейд алдымен «Қайқармет» базарының тұйығы саналатын «Мыңбұлақ» базарынан басталды. Мұнда ағыл-тегіл адамдар, ығы-жығы халық. Ентігіп жұмысқа асыққан жасамысты да, елжіреп немересін ерткен қартты да осы жақтан көруге болады. Күні түсіп, қаланың шет жағында орналасқан «Атакент», «Ауыл-Береке», «Киров» базарларына барып-келу олардың ешқайсысына оңайға соқпайды. Оның үстіне картоп, пияз, алмасы тиімді бағамен жабайы сауда орындарында да самсап тұр. Ақшаң бар ма, үйдің іргесінен ала бер. Бірақ олардың ешқайсысы өз тауарының сіздің денсаулығыңызға зиян келтірмейтініне кепілдік бере алмайды. Сенім аз. Секем көп. Бір топ бізді көрген базардағы саудагерлер легі бірден жинала қалды. Жағдайды түсіндірген қала әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің мамандарын тыңдайтын халық жоқ. Бетінен алып, төске шауып жатты. Бәрінің уәжі бір.
– Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың тікелей бастамасымен жабайы сауданың көзін жою қолға алынды. Бұл күнге дейін жұмыстар жүргізіліп келген-ді. Бірақ сатушылар қанша шара қолдансақ та, саудаларын заңсыз жерде жасауын тоқтатпайды. Сондай-ақ әкімдікке «Мыңбұлақ» мөлтек ауданы, №31 үйдің тұрғындарынан арыз түсті. Базарда не тазалық, не рет жоқ. Ұрлық-қарлық көбейіп, жиі айқай-шу болатындығына наразы бір топ тұрғынның арызы да әкімдік тарапынан қаралып жатыр. Ол азаматтардың арызы орынды, – дейді қала әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің сектор меңгерушісі Сәрсен Тасқараев.
– Біздің де баламыз бар. Қайбір жетіскеннен көше жағалап, сауда жасап жүр дейсің, шырағым? Пәтерақыны жабатындай пайда түсе қоймас, бірақ күнделікті нанымызды айыруға жетеді. Бізге керегі де сол ғой, – дейді базардың сатушысы.
Оның айтуынша, әлсін-әлсін әкімдік пен полиция бөлімдерінен адамдар келіп, заңсыз сауда жасағандары үшін жаза қолданбаса да, қуып жібереді екен. Апай олар кетісімен, жылы орынға қайта жайғасатынын жасырған жоқ. Сатушылардың көпшілігі – әйел азаматшалары. Бірін несие мазалап жатса, енді бірін тауардың мерзімі ойландырып тұр. Түптеп келгенде, барлығының мақсаты – бала-шағаны асырау. Түсінікті. Бірақ заң бәріне ортақ. Таң атқаннан кеш батқанға дейін күнге қақталып, қолға түскен тиын-тебенді бала-шағаға жарату – жақсылықтың, жанашырлықтың нышаны. Дегенмен зайырлы мемлекетке лайықталған заң бар. Ол заңда «жабайы саудаға жол жоқ» дейді. Ол заңда «көшенің көрікті қалпы бұзылмасын» дейді. Ендеше, мәселенің шешімі қайда? Жасыратыны жоқ, күні кеше «Қайқармет» базарында балық сататын орындар заман талабына сай жасақталып, сатылды. Бірақ сатушылар бағасына шамданып отыр.
– «Орын ашылады» дегенде иелеріне барып сұрасаң, жалдау ақысына көп сұрайды. Мәселен, балықшылардың дүңгіршегі 3 миллионнан саудаланды. Күнін көре алмай отырған біздер ондай ақшаны қайдан аламыз? Бізге «сырттағы базарларға барыңдар» дейді. Мен алты ай «Атакентте» тұрдым. Бірақ бір күн де саудам жүрмеді. Тіпті жолақымды да таба алмайтын жағдайға жеткен соң, мөлтек ауданға келдім, – дейді көкөніс сатушысы Камила.
Иә, сұрастырып білгенімізде, мұндағы сауда орталықтарында жалға берілетін орындар жоқ екен. Болса да, бағасы қолжетімсіз. Мәселен, «Мыңбұлақ» базарынан орын алғыңыз келсе, шаршы метрін 1500 теңгеден аласыз. Мұнда «Гауһартас», «Зарина», «Кари» сынды үлкен сауда орталықтары бар. Ал олардың алдынан адам аяғын алып жүре алмайды. Ашық-шашық сатылатын салаттар, ешбір сертификаты жоқ сүт өнімдері, жайылған түрлі нандар мен тәттілер. Бір сөзбен айтқанда, жайма базардан керегіңнің бәрін табасың. Үстіміздегі жылдан бастап жеке кәсіпкерлерге мораторий жарияланды. Бұл құжат та өз кезегінде кәсіпкерлердің құқығын қорғағанымен, әкімдік тарапынан құжат талап ететін сала мамандарының қолын байлап отыр екен. «Біз кез келген сауда нүктесін барып тексере алмаймыз. Бірақ оларда құжат болуы шарт. Кез келген сауда нүктесіне белгіленген орында сату заңмен қорғалады. Ал бұл базарларда, өздеріңіз көріп тұрғандай, жолдың барлығын жауып, адамның аяқ астына «жабайы сауданың» көркін қыздырып отырған саудагерлер көп. Бұған бүгін болмаса да, қысқа мерзімде тоқтау болады», – деді жер қатынастары бөлімінің мамандары.
Сонымен қатар саудагерлерді полиция басқармасының учаскелік полиция қызметкерлері де назардан тыс қалдырмайды екен.
– Өткен жылы Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 204-бабына сәйкес, яғни белгіленбеген орындарда сауда жасау заңсыз деп күнделікті ескертулер жасадық. Дегенмен заңды белден басқысы келген 115 саудагерге хаттама толтырылды. Оның ішінде 45-іне айыппұл салынып, өндірілген. Біз алдымен ескертеміз, ескертуді елемеген азаматтарға айыппұл саламыз. Айыппұлдың мөлшері 5-10 айлық есептік көрсеткіштен басталады, – дейді қалалық ПБ учаскелік полиция инспекторы, капитан Шыңғыс Абылаев.
Өзіміз көріп жүрген «жабайы» саудагерлерге базарлардан қисынын келтіріп дүңгіршек салып беріп, саудасына рұқсат етіп, соған байланысты олардың күн сайын белгілі бір мөлшерде салық төлеу жобасын қарастыру керек сияқты. Тап солардың аузынан жырып салық төлеткеннен мемлекет байып кете қоймас. Төлемей қалса, бюджет ортайып қалмайды да. Негізгі мақсат – олардың жұмысын анық бір жүйеге келтіріп отыру ғана. Мүмкін басқа да жолдар бар шығар. Қалай десек те, өгіздің өлмегені де, арбаның сынбағаны да жақсы ғой. Жиырма жылдан астам уақыт жүгенделмеген «жабайы сауда» алдағы уақытта ретке келсе игі.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған