Халқының саны 25 мыңнан асатын Сарысу ауданындағы Жаңатас қаласын білмейтін адам кемде-кем. Фосфорит өндірісінің өркендеуіне орай негізі қаланып, кеншілер шаһары атанған мекен кеңес үкіметі кезінде атағы одақ көлеміне тараған қалалардың қатарына енді. Мұнда одақтас мемлекет- тердің түкпір-түкпірінен жұмысшы мамандар жиналып, өндіріс пен құрылыстың көркін қыздырды. Нәтижесінде, Жаңатастың әл-ауқаты артып, тұрғындарының саны 60 мың адамға жуықтаған.
Десе де одақтың ыдырауы мен 90-жылдардағы тоқырау бұл шағын да әсем қаланы да күйретті. Жалақыға қол жеткізе алмаған жаңатастықтар үдере көшіп, қаншама көпқабатты үй қараусыз қалды. Әлеуметтік нысандар жұмысын тоқтатып, ғимараттар бұзылды. Шаһарда қылмыс деңгейі артып, кезінде гүл жайнаған қаланың атағы өндіріспен емес, қылмыспен дүркірей түсті.
Бала кезімізде ересектерден Жаңатастың тікелей Мәскеуге бағынғанын, сол себепті жабық қала болғанын естуші едік. Тіпті, онда одақтың түкпір-түкпірінен аса ауыр қылмыс жасаған жазасын өтеушілерді орналастыратын мекемелер болғаны туралы да алыпқашпа әңгімелерді құлағымыз шалып қалатын. Ауыздан-ауызға тараған «аңыздар» шағын шаһарға түрлі қылмыс әлемінің серкелері «үлкендердің батасын алуға» келетін-мыс деп те жататын. Кейінірек, жаңа ғасырдың бас шағында, солардың сарқыншақтары әлі де бар екенін, кейбір ұйымдасқан топтардың түрлі заңсыз әрекеттерге барып жатқанын да осы ұзынқұлақтан біліп жүрдік.
Дегенмен ол бір қиын-қыстау кезеңдер артта қалып, мемлекет қамқорлығының арқасында шағын қаланың шырайы кіре бастады. Қирап кеткен қаншама ғимарат қалпына келтіріліп, елдің еңсесі көтерілді. Ал өткен жылы Сарысу ауданының орталығы болып отырған моноқала 55 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтті.
Алайда қанша жерден халықтың жағдайы жақсарып келеді дегенімізбен, аудан орталығында заңның дегеніне көнгісі келмейтіндер әлі де бар көрінеді. Бұлай деуімізге ішкі істер органдарының тарататын хабарламаларында қала атауының жиі-жиі жылт ететіні себеп болып отыр. Мәселен, Жаңатас қаласының аты көлік ұрлау, есірткі сақтау, алаяқтық, қаруды заңсыз алып жүру, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсету, ұрлық секілді заң бұзушылықтарға қатысты жарияланымдарда көзге түсіп жүр. Бұл тізімде біршама созуға болар еді. Алайда өзіміз бен өзгенің уақытын алмау үшін «жеңіл-желпі» бұзықтықтарға тоқталмауды жөн көрдік.
Бірақ жыл басында болған жантүршігерлік жағдай жаға ұстатты. Жамбылдықтардың ғана емес, тұтас ел азаматтарының төбе шашын тік тұрғызған бұл қанды оқиға 10 қаңтар күні болған еді.
Ресми мәлімет бойынша, осы күні таңертең балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін қала тұрғыны баласының оқу ақысын төлеу үшін Тараз қаласына жолға шыққан. Түс ауа әйеліне хабарласқан жолдасы телефоны өшірулі тұрғанына алаңдайды. Осылайша жұбайының бағыт алған оқу орнына хабарласып, келмегенін білген соң отағасы әуелі өзі, кейін ұлымен бірге іздеуге кіріскен. Бұл ісінен еш нәтиже шықпаған соң, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.
Дереу іске кіріскен тәртіп сақшылары қала сыртынан екі шақырым жерден әйелдің мәйітін тапқан. Күдікті қылмысын жасыру үшін өлі денені өртеп жіберген. Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, әйелдің өліміне басынан алған соққы себеп болуы мүмкін көрінеді. Өйткені, мәйіттің жанынан қанға боялған тас табылған.
Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен полицейлер бұрын сотталған адамдарды, оның ішінде ауыр психикалық ауытқулары бар есепте тұрғандарды және педофилдерді тексерген. Нәтижесінде 34 жасар жаңатастықтың ізіне түсіп, құрықтаған.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің ақпаратына сүйенер болсақ, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде полиция қызметкерлері тұтқындалған күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамаққа алған.
«Қазіргі уақытта осы іске қатысты тергеудің толықтығына, объективтілігіне және жан-жақтылығына бағытталған барлық қажетті жедел- тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес, өзге де ақпарат тергеу мүддесінде жария етілуге жатпайды» – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Әрине, тергеу амалдарына байланысты істің барысы құпия сақталатыны белгілі. Алдын ала болжам бойынша, күдікті көшеде кетіп бара жатқан әйелден ақша сұраған. Алайда әйел ақша беруден бас тартқан. Күн мезгілінің қараңғы екенін пайдаланған күдікті оның басынан таспен бірнеше рет ұрып, қолынан екі алтын сақинасын шешіп алған. Қылмыстың ізін жасыру үшін денесін темір жол бойына сүйреп апарып, өртеп жіберген.
Ең сорақысы сол, қылмыс жасап біткен соң күдікті «олжасын» 45 жастағы көңілдесіне апарып берген. Тек оларды сыйға емес, ломбардқа өткізу үшін ұсынған. Демек, қатыгез күдікті үшін адамның өмірі бұйымнан құнсыз болғаны ғой…
Естіген жанның өн бойын түршіктіретін бұл жағдай Жаңатастағы криминалдық ахуалдың шын мәнінде қандай деңгейде екенін қайта қарауды қажет ететінін аңғартып тұрғандай. Өйткені, өзгенің жанын өзінің бас пайдасы үшін қиюға даяр мұндай адамдар ел ішінде жүргенде 25 мың тұрғыны бар қаланың тұрғындары өздерін қауіпсіз сезіне ала ма? Балаларын алаңсыз мектепке жіберіп, кешқұрым жұмыстан жалғыз қайтуға жүрексінбей ме?
Әрине, мұның барлығы аудан мен қала басшылығының, тәртіп сақшыларының ары қарайғы іс-әрекетіне, жұмыстарын жүргізу бағыты мен жауапкершілігіне байланысты. Дегенмен жаңатастықтардың өздері қалада толыққанды өзгеріс болмай, жағдайдың жөнге келеріне күмәнмен қарайды.
Айтпақшы, Жаңатас қаласына іргелес орналасқан Қаратау қаласында да бірер жыл бұрын жантүршігерлік оқиға тіркеліп, 37 жасар азғын 8 жасар қызды зорлап, оның денесін өртеп жіберген еді. Сол кезде ұсталған күдіктінің бұл қылмысын еш қымсынбай жүзеге асырғаны тәртіп сақшыларының өзін таңғалдырған. Ал Қаратау қаласы да тәуелсіздік таңынан кейін құлдырап барып, қайта жаңғырған моноқаланың бірі. Демек, аталған шаһарларда әлі күнге заң емес, азғындар мен қатыгез қылмыскерлер билік құрады деген болжам жасауға болатын секілді. Әйтпесе, мұндай жаға ұстатар қылмысқа адам баласы бармас еді.
Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда моноқалаларда адамды өлтіріп қана қоймай, оның денесін өртеп жіберу еліктеуге айналып бара жатқандай. Бұрындары сериялық адам өлтіргіштердің қолтаңбасы осылай қалыптасқанын мұрағат құжаттары айғақтайды. Сондықтан бұл – бүркемелемейтін емес, толықтай тексеріп, зерделейтін мәселе. Ал ауруын жасырғанның ақыры не болары бәрімізге белгілі…