Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңашылдыққа жасалған қадам

0 765

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының ұжымы да ерекше ықыласпен тыңдады.

«Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес», – деген Президенттің бұл сөзі құнды құжаттың мән-маңызын айшықтап тұрғандай. Мұнда алдымен еліміздегі барлық реформалар – халықтың әл-әуқатын арттыруға, жағдайын жақсартуға бағытталатыны, бұл ретте саяси жаңғыру мәселесі бірінші орында тұрғаны айтылды. Мемлекетіміздің тұтастығы мен егемендігімізді қорғап, сақтау, халықтың бірлігі мен ынтымақтастығын ұйытып отыру басты мақсат екендігіне де ерекше мән берілді.
Жолдауда айтылғандай, демократиялық үрдіске жаңаша жол ашар жаңашылдықтардың бірі – Президент өкілеттігінің біртіндеп қысқарып, Парламент рөлінің айрықша артатындығы. Осы міндет аясында халық қалаулылары – депутаттарға аса ауқымды жауапкершілік жүгі артылады, олар үнемі халық алдында есеп беріп отыруға мүдделі болады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаттары да осы міндеттер шеңберінде жүзеге асырылмақ. Ал Президенттің партия қатарында болмауы, әкімдер мен олардың орынбасарларының партия жұмысын басқаруға араласпауы сияқты шектеулер де көпплюсті партиялардың бірдей дәрежеде жұмыс істеуін қамтамасыз ететін болады. Мәслихаттардың құқықтарының кеңейтілуі де азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайтуға серпін берері сөзсіз. Бұл ретте мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға өз ықпалдарын тигізетін болады. Мәслихаттардың облыс әкімдерін тағайындауға қатысуларына ерекше құқық берілетіні де өте дұрыс қадам деп санаймын. Сонымен қатар сайлау жүйесіне енгізілетін өзгерістер, Конституциялық сот құру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру, тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту мақсатында БАҚ туралы заңды қайта қарау, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтардың қоғамдағы белсенділігін барынша арттыру, ел бірлігінің ұйытқысы бола білетін, құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құру, ұлттық валютаның құлдырауына тосқауыл қою, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да мәселелер жаңа Қазақстан құрудағы аса маңызды міндеттер екендігі анық.
Әкімшілік-аумақтық құрылымдардың оңтайлылығын қамтамасыз ету мақсатында Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құру және Алматы облысын Жетісу өңірінен бөлу жөніндегі тапсырмалар да барша халық тарапынан қызу қолдау тапты. Қапшағай қаласына мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілуі сол қолдауды еселей түсті. Сол үшін де бұл Жолдау жаңашылдыққа жасалған бірегей қадам деп айтуға толық негіз бар.

Мәлік Ақүрпеков,
А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры,
ҚР мәдениет саласының үздігі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.