Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жаңашылдыққа жаны құмар Жаз-ата ауылының жастары

0 258

Жамбыл облысының жартысына жуық аумағын алып жатқан Мойынқұм өңірін дархан даламыздың масштабы кішірейтілген көшірмесі десек те болғандай.  Қазақ хандары Керей мен Жәнібектің алғашқы ту тігіп «Қазақ» деп аталуы осы жерден бастау алған.

Тарихшылар дөп басып дәл осы жер деп бір шешімге келмесе де М.Х.Дулати өзінің «Тарихи Рашиди»  атты еңбегінде Керейдің хан сайлануы Шу бойы, Мойынқұм, Қозыбасы, Тұлпарсаз деп көрсеткен әрі жекелеген зерттеуші ғалымдардың пікірі де Мойынқұм даласына тоғысады. Бір түмен елімен неше мыңдаған төрт түлік малымен, Әбілқайыр хандығынан бөлініп Шу бойы Мойынқұмда қыстап Қозыбасының Тұлпарсазында хан көтерілгені тарихтан мәлім.

Міне, осындай кең байтақ далада өскен жастардың жүрегінде үлкен арман мен мақсат жатыр. Олар тек ауылдың ғана емес, тұтас елдің болашағына үлес қосуға ұмтылуда. Бұған Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ тарапынан атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар айқын дәлел болады.

Бүгінде Жаз-ата ауылында 8 412 жас тұрмыс кешуде, бұл аудан халқының 28,9 пайызын құрайды. Жастар дегенде ойымызға әуелі еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы түседі. Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін» деген сөзінде терең мағына бар. Ал жастарымыздың бәсекеге қабілетті, өркениетке бейім болу керектігі күмән тудырмайды. Бүгінгі таңда қоғамда талай белестерді бағындырып, өзін-өзі дәлелдеген жастар жетерлік.  Жас буынның бойындағы осындай алаулаған жалынды сөндіріп алмас үшін олардың материалдық жағдайын жақсарту зор маңызға ие.

Бұл мәселенің бір ұшы жұмыспен қамтуға келіп тіреледі. Қазіргі таңда жастар жұмыссыздығы — еліміздегі тек экономикалық емес, әлеуметтік және психологиялық тұрғыдан да өзекті мәселе. Жұмыссыздықтың жоғары деңгейі жастардың болашағына қатысты алаңдаушылық туғызып, қоғамда тұрақсыздық пен әлеуметтік шиеленістерге алып келетіні жасырын емес.   Бұған білім мен еңбек нарығы арасындағы сәйкессіздік, жұмыс тәжірибесінің болмауы, экономикалық тұрақсыздық секілді бірнеше маңызды фактор әсер етіп отыр.

Аталған мәселенің оң шешімін табу мақсатында Мойынқұм ауданында ілкімді істер қолға алынған. Айталық, 2025 жылдың есептік кезеңіне дейін аудандық «Мансап» орталығына барлығы – 316 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның ішінде 94 жас -тұрақты жұмысқа, 99 жас қоғамдық  жұмысқа, 7-жас «Алғашқы жұмысқа», 41 жас  «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына жолданды. Сонда          й-ақ 6 жас «Бастау» курсы арқылы оқудан өтсе, 16 жас  әлеуметтік жұмыс орнына орналасты. Бұған қоса индикаторлық көрсеткіштерге сәйкес, 100 жасты «Жасыл Ел» бағдарламасымен жұмысқа тарту жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сегізінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде: «Жұмыссыздықты, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орындарын, колледждерді бітірушілер, әсіресе білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрқашан бола бермейді. Біз мұны жақсы білеміз. Олар тапқан жұмысын істеп өмір сүреді. Кейбіреулер табыс іздеп, заң бұзуы мүмкін», деді. Президент осы сөзі арқылы жастарға қатысты мәселелердің кең ауқымын атап көрсетті.

«Еңбек – адамның екінші анасы» дейміз. Тәрбиелік мәні терең бұл тәмсілдің мағынасын «Адамды адам еткен – еңбек» деген тағы бір дана сөз аша түседі. Яғни еңбек адамды өсіреді, өмірден өз орныңды тауып, тұлға болып қалыптасуыңа бастайды, қатарға қосады. Өкі­ніштісі, қазіргі кезде осынау құндылықты құнттамайтын, еңбек етуге, ізденуге құлықсыз, ынта-жігері жоқ жастар да арамызда жүр. Бұл ретте мұндай сипатқа ие NEET санатындағы жас­тардың үлесін азайтуға мем­ле­кеттік жастар саясатының негізгі басымдығының бірі ретін­де ерекше мән беріліп келеді.

Бұл бағытта Жаз-ата ауылында жан жадыратар жұмыстар жетерлік. Мәселен, уақытша бос жүрген жұмыссыз NEET санатындағы жастардың әлеуметтік мәртебесін анықтау үшін «Е-Собес» бағдарламасы және тиісті жауапты мекемелер арқылы  «Отбасы  цифрлық карта» базасына 179  жас анықталып, картаға енгізу жұмыстары толық аяқталған болатын. Алайда жүргізілген жұмыс нәтижесі бойынша Қазақстан Ресупубликасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің талабына сәйкес келмегендіктен «Отбасы цифрлық картасы» базасына қайта өзектендіру жұмыстары жүруде. Қазіргі таңда 179- жасқа өзектендіру жұмыстары жүргізілуде.  Сондай-ақ Жастар орталығының мамандары және округ инспекторлары адрестік жұмыстар жүргізіп Е санатындағы 50 жастың көрсетілген мекен-жайда тұрмайтыны анықталып, тиісті әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы, аталған санаттағы жастар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына  және ауылдық округтегі іс-шараларға белсенді түрде тартылуда.

Қайырымдылық, қол ұшын созу, қиналғанда жәрдем беру – әлімсақтан бері қазақтың қанына сіңген қасиеттер. Бұл бүгінде заманның көшіне еріп, талабына сай түрленіп, еріктілер деген атауға ие болғандай. Бүгінде барлық салаға өз бетімен, ешбір қайтарым күтпей жұмыс істеуді қалайтындарға осы теңеу айтылады. Еріктілердің қатары да жыл өткен сайын артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Волонтерлық – патриотизмнің бір көрінісі. Еріктілер, ең алдымен, елдің игілігіне қызмет етеді. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Волонтерлық – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып әрекет ету. Волонтерлық – халқымыздың шынайы болмысы. Бұл бастама ұлтты ұйыстырып, мемлекеттілікті нығайту үшін қажет. Волонтерлық – мемлекет пен қоғам ілгерілеуінің жарқын көрінісі. Елдің дамуы мен жетістігі халықтың патриоттық белсенді әрекетіне тікелей байланысты. Олар күн сайын маңызды қызмет етеді. Мұндай азаматтар бізде аз емес. 16 мың адам – бастапқы меже. Келешекте жүз мыңдаған, миллиондаған адам жан-тәнімен, ерікті түрде волонтерлықпен айналысатынына сенімдімін. Мемлекеттің, атқарушы биліктің және Парламент депутаттарының міндеті – волонтерлық қозғалысқа атсалысуға мүмкіндік беру.

Волонтерлық қызмет реформаларды жүзеге асыруда, жалпы мемлекетімізді жаңғыртуда маңызды рөл атқарады. Яғни волонтерлар өздерінің іс-әрекетімен аса маңызды реформаларды жүзеге асыруға нақты үлес қосады. Еңбекқорлық, әлемге ашықтық арқылы озық технологияға және жоғары еңбек өнімділігіне негізделген жаңа экономика құра аламыз. Волонтерлық идеясын белсенді ілгерілету отандастарымыздың ой-санасының жаңа парадигмасын жаңғыртуға ықпал етеді», – деген болатын.

Расында, бүгінде еріктілер көпке үлгі болып, игі істердің басынан табылуда. Ауданымызда да волонтерлық қызметтің көкжиегі кеңейіп, жұмысы жандануда. Бүгінде Жастар ресурстық орталықтарының жанынан волонтерлік топтар құрылған. Қазіргі таңда аудан бойынша 130 ерікті жас бар.  Ағымдағы жылдың    4 айы  ішінде волонтерлық жұмысты жандандыру мақсатында аудан бойынша 23 бағытты қамтыған 49 іс-шара өткізіліп, оған 1018 жас қамтылды. Сонымен қатар еріктілердің әлеуеті қайырымдылыққа, мұқтаж отбасыларына нақтылай көмек көрсетуге бағытталған. Осы орайда өңірдің ерікті жастары жалғызілікті қариялардың, көпбалалы отбасылардың  үйлеріне барып шаруашылық жұмыстарына көмектесуде.

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олардың алмайтын қамалы, бағындырмайтын белесі болмайды. Білімді де, білекті де осы жастан шығады. Әйтсе де, жастарымызды қолдау – бір бөлек те, сыртқы қауіп-қатерден қорғау – бір бөлек мәселе. Әсіресе, бүгінгідей жат ағымдар қаптаған аумалы-төкпелі уақытта. Жастың аты – жас. Тұла бойы от-жалын мен тың күш шарпыған жастардың еліктегіштігін ескергеніміз де артық етпейді. Әсіресе жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу мәселесі ең алдымен әр отбасының, қоғамның, мемлекеттің жауапкершілігі. Қоғамның мемлекетпен бірлесе отырып, бұл бағытта жұмыс атқаруы маңызды жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Жастардың сауатты, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуы да үлкен септігін тигізеді

Айталық, осы жылдың 4 айында жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатындағы Мойынқұм ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімімен бірлескен жұмыс жоспары бекітілді. Бекітілген жұмыс жоспарына  сәйкес, жалпы 11 іс-шара өткізілді. Нақтырақ тоқталсақ, «Деструктивті діни ағымдардың зияны», «Жастар арасындағы діни радикализмге жол бермеу», «Жастар санасын деструктивті діни идеологиядан қорғау», «Жастар санасын теріс діни идеологиядан қорғау», атты тақырыптар аясында ұйымдастырылған іс-шараларға 198 жас қамтылды.

Кәмелетке толмағандар арасында діни экстремистік және террористік мазмұндағы материалдардың әлеуметтік желіге таратылуы және оған мониторинг  жүргізу  бойынша жыл басынан бері Кибернадзор және Талдамалы интернет карта бағдарламалары арқылы бірқатар жұмыс жүргізілді.

Ауданда пробация есебінде тұрған азаматтармен де жұмыс тұрақты жүргізіліп тұрады. Бүгінде Мойынқұм аудандық Пробация бөлімінде тіркеуде тұрған азаматтар саны жалпы– 46, оның іщінде  14-35 жас аралығындағылар 20 адамды құрайды.  Сонымен қатар пробация есебінде тұрған жастарды оңалту және бейімдеу мақсатында Жастар ресурстық орталығы тарапынан және Мойынқұм аудандық Пробация қызметі бөлімімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, қазіргі таңда соның аясында 7 іс-шара ұйымдастырылды.

Нашақорлық – қазіргі заманның ең үлкен түйткілдерінің бірі. Ол тек жеке адамның денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, қоғамға да ауыр зардаптар әкеледі. Нашақорлықтың әлеуметтік, экономикалық және құқықтық аспектілері бар, сондықтан оны тек медициналық мәселе ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл дерт пе, әлде қылмыс па деген сұраққа жауап беру үшін, біз нашақорлықтың барлық қырларын қарастыруымыз қажет.

Нашақорлықтың пайда болуының көптеген себептері бар. Ең алдымен, бұл психологиялық және әлеуметтік факторлармен байланысты. Кейбір адамдар стресс, депрессия немесе басқа психикалық аурулармен күресу үшін есірткіні пайдалана бастайды. Сонымен қатар, әлеуметтік орта, отбасының ықпалы және экономикалық жағдайлар да нашақорлықтың таралуына ықпал етеді. Жастар арасындағы нашақорлық көбінесе қызығушылықпен басталады.
Нашақорлықтың таралуына байланысты ақпараттық технологиялар мен интернеттің рөлі де маңызды. Есірткі сатушылар интернет арқылы өз өнімдерін оңай таратады, ал бұл өз кезегінде есірткіге қолжетімділікті арттырады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы есірткілердің жарнамасы мен сатылымы жүргізіледі, бұл әсіресе жастар үшін қауіпті.

Осыған байланысты өңірде кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында мүдделі мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып, жастар арасындағы нашақорлықтың және профилактикалық шараларды алдын алу бойынша іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осы бағытта аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары және аудандық полиция бөлімімен  түнгі уақытта ойын-сауық орындарына, қоғамдық орындарға тұрақты рейдтік шаралар, дүкендерде кәмілеттік жасқа толмағандарға темекі және алкогольдік ішімдік сатуға болмайтыны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жадынама парақтары таратылып келеді. Сондай-ақ «Қоғам сақшысы» жобасы аясында да осы жылдың 4 айы ішінде  8  рет түнгі рейд  жүргізіліп, түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болудың 30 жағдайы тіркелді.

Қазіргі заманда жастардың отбасын құруы – қоғам дамуының маңызды және күрделі аспектілерінің бірі. Бұл үдеріс әрқашан мәдени, әлеуметтік және экономикалық факторлармен тығыз байланысты. Жастардың отбасылық өмірге қадам басуы тек екі адамның тағдырын емес, тұтас қоғамның болашағын қалыптастырады.

Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым. Әрбір адам өмірінің мәні мен мағынасы отбасынан бастау алатыны белгілі.

Қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту әрі дамыту да бүгінде мемлекетіміздің өзекті бөлігіне айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «әр отбасы – еліміздің әл-ауқаты мен гүлденуінің негізі, сондықтан мемлекет отбасы институтына қолдау көрсетіп, оны жан-жақты жүргізетінін» айрықша атап өткен болатын. Осының өзі мемлекетіміздің отбасы құндылықтары мен институттарына терең мән беретінін көрсетеді.

Мойынқұм ауданында отау құрып, үлкен өмірге қадам жасаған жастардың қарасы артып келеді. Сандарды сөйлетсек, 2025 жылдың 4 айының көрсеткіші бойынша 21 жас некеге тұрған. Өкініштісі, 10 жұптың некесі бұзылғаны анықталып отыр. Оның басты себебі ретінде көбіне жастардың өзара бірін-бірі түсінбеушілігі айтылады.  Неке бұзу фактілерінің алдын алу мақсатында аудандық АХАТ бөлімінің, орталық мешіттің имамдардың қатысуымен «Отбасы-ұлттың тірегі», «Отбасы бақыт мекені», «Отбасы құндылығы – сарқылмас қазына», «Өнегелі отбасы – қоғам байлығы» және тағы басқа өзекті тақырыптар аясында кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде 60 жас шақырту алса, солардың бесеуі бүгінде Отан алдындағы борышын өтеп жатыр.

Қазіргі қоғамның қозғаушы күштерінің бірі – жастар. Олар тек болашақтың сәулетшісі ғана емес, бүгінгі таңда әлеуметтік, мәдени және саяси процестерге белсене араласып, еліміздің дамуына айтарлықтай ықпал етіп отыр. Жастардың түрлі іс-шараларға қатысуы олардың азаматтық позициясын, білім деңгейін, әлеуметтік жауапкершілігін көрсетеді.

Әрине, жастардың белсенділігі дегенде біз тек саяси немесе қоғамдық шараларға қатысуын ғана емес, жалпы қоғамның түрлі салаларында өз көзқарасын білдіріп, әрекет етуін түсінеміз. Бұл  – жастардың өз құқықтарын қорғауы, волонтерлік қызметтерге қатысуы, мәдениет пен өнер саласында өз қабілеттерін көрсетуі, спорттық жарыстарға қатысуы, ғылыми зерттеулер жүргізуі немесе әлеуметтік жобаларға бастамашы болуы. Жастардың белсенділігі қоғамды дамыту үшін де маңызды. Себебі олар  – жаңа идеялар мен өзгерістердің бастауы.  Қазіргі жастар ақпараттық қоғамда тәрбиеленген, олардың технологияларды меңгеру деңгейі жоғары, бұл оларға әр түрлі салада жаңа тәсілдер мен шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.

Жаз-ата ауылының жастары да түрлі мәдени-рухани іс-шаралардан бір сәтке де тыс қалып көрген емес. Ағымдағы жылдың басынан бері өңірімізде мемлекеттік жастар саясатын  жүзеге асыру аясында 11 бағыт бойынша 155 іс-шара өткізіліп, оған 3774 жас қамтылды.

Нақтырақ тоқталар болсақ, рухани-адамгершілік бағытта – 21, әскери-патриоттық бағытта – 8, спорттық бағытта – 16, мәдени-шығармашылық бағытта – 14, құқықтық бағытта – 11, діни бағытта – 11, психологиялық-танымдық бағытта  – 22, жастарға кеңес беру бойынша – 17, экологиялық мәдениет аясында – 15, этносаралық келісім бойынша – 3, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында  15 іс-шара ұйымдастырылып, белсенді жастардың басын қосты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оп-тимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқы-лы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деп атап көрсетіп, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын.

Осыған орай «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Адал еңбектің ардагерлері» тақырыбында 2 акция ұйымдастырылып, аталған шараға 15 жас қамтылды.  Бұдан бөлек,  «Жылы жүректен» тақырыбында акция, Кеңес ауылдық округінде «Еңбектен тапқан бақытын» атты ұстаздармен кездесу өткізілді. Сонымен қатар Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған «АРУЛАР – АСЫЛ ЖАНДАР» атты іс-шарада әр түрлі салада жұмыс істейтін аруларға хош иісті гүл мен сұлулық салонына бір күндік сертификат табыс етілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың кітаппен дос болуы керегін де үнемі еске салып келеді. Шынында да, бұл – дәл қазіргі сәттегі маңызды мәселенің бірі. Мәселен, Президент Түркіс­танда өткен Ұлттық құрылтайда «Жас ұрпақтың кітапқа құштар­лығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Сондықтан «Ба­ла­лар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тап­сыра­мын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», деген болатын. Сондай-ақ Қа­зақ­стан Жазушылар одағы басқар­масының төрағасы Мереке Құлкеновті қабылдаған кезде де қазақ әдебиетінде қазіргі оқырман талабына сай, іздеп жүріп оқитын қызықты туындылар жазылуы керек екеніне айрықша назар аударды. Оқушылардың рухани дамуы үшін олардың театр, мұражайға, тарихи орындарға жиі барып тұруы да маңызды екенін де қадап айтты.

Президент жүктеген осы тапсырманың негізінде биыл Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы қолға алынған болатын.

Соған байланысты  аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Менің сүйікті кітабым» челленджі, Биназар ауылдық округінде «Кітаппен дос бол» челленджі өткізілді. Сонымен қатар  ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Жырлайды жүрек» тақырыбында аудандық байқау өтті.

Іс-шаралар легі өңірдің 14-35 жас аралығындағы жастары арасында «Мәдениеттің мәйегі – кітап» зияткерлік сайысымен жалғасын тапты.
Жастарды кітап оқуға ынталандыру,ойлау қабілетін дамыту, жастардың білімдерін жетілдіру мақсатында өткен іс-шара барысында 14 команда қатысып, 5 кезең бойынша бақ сынады. Шара соңында Мойынқұм аудандық орталықтандырылған кітапханасының директоры Ғалия Шубаева  командаларға арнайы кітаптар сыйға тартты.

Мойынқұм аудандық Жастар ресурстық орталығы – жастардың қоғамдағы орнын анықтауға, олардың әлеуметтену процесін жеңілдетуге, кәсіби және шығармашылық дамуын қолдауға бағытталған маңызды ұйым. Бұл орталықтың жұмысы жастарға өмірлік бағыт беріп, оларды болашаққа сеніммен қадам басуға ынталандырады. Сонымен қатар, жас буынның әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, олардың қоғамға деген оң әсерін күшейтеді. Мемлекет тарапынан жастарға жасалған осындай қолдау шаралары қоғамның тұрақты дамуына және жастардың болашақта еліміздің дамуына белсене қатысуына негіз болары даусыз.

Мади Күнту,

Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ  директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.