Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының Әулиеата ауданы аумағындағы бірқатар нысандарды аралап, мәселелеріне көңіл бөлді.
Әуелі облыс әкімі «Бектөбе» тұрғын алқабындағы «Айгөлек» балабақшасына барды. Нысан 2010 жылы пайдалануға берілген, 65 балаға шақталған. Ғимаратқа келер жылы ағымдағы жөндеу жүргізіледі деп жоспарлануда.
Ербол Шырақпайұлы Шайқорық ауылындағы 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен де танысты. 2023 жылы пайдалануға берілген ғимаратта тұрғындарға бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсетіледі. Мекемеде 15 адам еңбек етеді, оның ішінде 1 дәрігер, 7 орта, 7 кіші буын медицина қызметкері бар. Сонымен бірге өңір басшысы Шайқорықтағы 2025-2026 жылдары аралығында ағымдағы жөндеуден өтетін шағын футбол және street workout алаңын, «Қоңыртөбе» тұрғын алқабындағы кітапхананы аралады. Өз сөзінде аймақ басшысы тозығы жеткен нысандарды жаңғыртудан, жөндеуден өткізу мәселелеріне баса назар аударылды.
Бұдан соң облыс әкімі Әулиеата ауданы әкімдігі уақытша орналасатын ғимаратты көрді. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, аудан әкімдігінің жаңа ғимараты «Ұлы дала» шағынауданында салынады. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.
– Қаланың екі ауданға бөлінуі – маңызды әрі тарихи оқиға. Бұл 400 мыңнан асқан қала халқына мемлекеттік қызметтерді тиімді көрсету үшін жасалған шешім. Осының арқасында тараздықтар басқарудың тиімділігін сезінеді. Жаңадан қосылған тұрғын алқаптар мен елді мекендердің халқына қызмет көрсетуде ешқандай мәселе болмауы керек. Түйткілдер туындаған жағдайда оны жеделдетіп шешу – қала билігінің негізгі міндеті. Бұл бойынша қажетті көмек көрсетіледі, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Қаланы аралау барысында облыс орталығына қосылған елді мекендердің көше атауларына да мән берілді.
– Жедел жәрдем, полиция қызметтеріне ауыртпашылық түсейін деп тұр. Қайталанған көше атауларын өзгерту бойынша нақты шаралар қабылдау керек. Тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау – біздің міндетіміз, – деген аймақ басшысы Тараз қаласы әкімдігінің алдында ауқымды міндеттер тұрғанын ескертіп, сол бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ